Қоғам

Әлемнің мейірімі – ана жүрегінде

Қазақстан халқы Ассамблеясының заңды құрылымдарының бірі – Аналар кеңесі 2013 жылдан бастап өз жұмысын бастады. Аналар кеңесі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетіне сай ашылған болатын. Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады.

Негізінде, ассамблея құрамында кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналардың басын қосқан түрлі бірлестіктер бұрын да болған. Аналар кеңесінің құрылуы сол ұйымдардың қоғамдық бірлестік ретінде ресімделуі үшін негіз болды.

ҚХА жанындағы Аналар кеңес­тері елімізде ұйымшылдықпен бір мезгілде қанат қақты. Ал жыл өте 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы өтті.
Кеңес құрамында көпбалалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қыз­меткерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар және жастар бар.

Ассамблея жанынан құ­рылған әртүрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демография­лық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеу­ге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әртүрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар – өз алдына бір төбе.
Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасайды. Аналар кеңесінің әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде ұсынылған көптеген қоғамдық маңызды бастамалар мен жобалар осы серіктестіктің нәтижесі болып табылады.

Астана қаласы ҚХА жанындағы аналар кеңесі төрайымы, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Алтынай Тәңірберген:

– «Аналар кеңесінің түпкі мақсаты – қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайту екені белгілі. Бұл – рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар жұмыс. Ассамблея жанынан құрылған аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демография­лық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосу. Өйткені «Отан отбасынан басталатыны» белгілі. Отбасының іргетасы мықты болса, әр шаңырақта отансүйгіш ұрпақ өсіп-өнсе, еліміздің де іргетасы мықты болары айқын. Біз осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, біліміміз бен өмірлік тәжірибемізді жұмсай отырып, еліміздің гүлденуіне үлес қосуға тырысудамыз.

Әрине, осы мақсатта атқарылып жатқан істердің ауқымы зор. Сервис және туризм колледжінде құрылған «Бойтұмар» клубына шефтік қамқорлық көрсету барысында бірнеше шараларды өткізгенімізді айтқым келеді. Осы ынтымақтастық аясында алғашқы кездесу ұйым­дастырылып, Ұлттық музейде танымал этнодизайнер Тілек Сұлтанның дәрісі форматында өткіздік.
Кездесу барысында қыздар дәстүрлі қазақ бас киімдерін өз көздерімен көріп, әртүрлі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптармен танысты. Бұл шара ұлттық мұраны таныстыру ғана емес, сонымен қатар өздерінің мәдени болмысын және тарихи тамырларын терең түсінуге жасалған маңызды қадам болды.

Оның «Киелі кимешек» атты көрмесі елордасында үлкен қошеметпен өткенін білесіздер. Күні кеше ғана «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Киелі кимешек» атты көрмесі өткізіп келдім. Рухани-танымдық іс-шараның басты қолдаушысы: Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі. Бүгінде ұлттық киім жан-жақты зерттеліп, қалың жұртшылыққа дұрыс насихатталмағандықтан, дін жолына түскен жандар өзге ұлттың киімін киіп, бүгінде тіпті хиджаб саяси мәселеге айналды. Қазақтың ұлттық киімінің мән-мағынасы қоғам санасында жаңғыртылмағандықтан, діндар отбасындағы қыз-келіншектер етек-жеңін жабу үшін арабтың киіміне қол созды. Оның нәтижесі бүгінгі шиеленіске әкеп соқты. Оны шешудің жолы – ұлттық киімді қалпына келтіру. «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі». Сондықтан да Ұлы Дала мәдениетінің бірден-бір мұрагері – қазақ халқының ұлттық киімінің тарихымен таныстыру және жас ұрпаққа дәстүрлі киім үлгілерін ұсыну. Өскелең ұрпақ арасында қазақы салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық киімді насихаттау, тарихи сананы жаңғырту арқылы отансүйгішке тәрбиелеу, жастардың түрлі ағымдағы жат идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыру, ұрпақаралық сабақтастықты сақтауға және бабалар аманатына берік болуға үндеу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтардың озық үлгісі негізінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етуде азаматтық парызымыз деп есептейміз. Бұл ғана емес, «Бойтұмар» клубына «Ұмыт болған ұлттық тағам» этнографиялық шеберлік сабағын өткізгенімізді айтар едім. Этнографтармен бірге қыздарға қазақтың ұлттық тағамдары – әсіп пен үлпершек әзірлеуді көрсетіп, ұлттық тағамның пайдасы, маңызы жайлы айттық. Үлпершек – денсаулыққа пайдалы, ұзақ уақыт тоқтық сезімін беретін ұлттық асымыз. Қыздарға қазағымның ұзатылған қызының сыбағалы асы – үлпершектің адам ағзасына пайдалы, қуаттандыратын қасиетімен қатар, бұл тағамның тәрбиелік маңызында айтып өттік.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі қаншалықты маңызды болса, оны ұлттық құндылығымыздың нәрімен сусындату да – басты міндет.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button