Әлеумет

Әлеуметтік әділеттілік мәселелерін талқылады

Елордада елімізде бірінші рет атап өтілгелі отырған Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні қарсаңында «Әлеуметтік әділеттілік және лайықты еңбек: заманауи сын-тез бен инновациялар» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Сарапшылар Халықаралық еңбек ұйымының «Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция» бастамасын іске асыру барысын, Қазақстанда лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын, ҚР қауіпсіз еңбек пен ҚР еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларының әсерін, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылының шеңберінде көзделген іс-шараларды кеңінен талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) қолдауымен ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ), мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың, ҚР Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының, Кәсіподақтар федерациясының және т. б. ұйымдар өкілдері қатысты.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов отырысты аша отырып,  Қазақстан мен ХЕҰ арасындағы тығыз ынтымақтастықтың, ХЕҰ конвенцияларын ратификациялаудың еңбек саласындағы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілетуге зор ықпалы бар екенін атап өтті.

«ХЕҰ болжамдары бойынша әлеуметтік-еңбек саласын, атап айтқанда еңбек нарығын дамытудың мынадай трендтері мен сценарийлері өзектілігін сақтайды: «Жасыл» жұмыс орындары; күтім экономикасы – әлеуметтік жұмыс және арнаулы әлеуметтік қызметтер; «гиг-экономика» – икемді, платформалық жұмыспен қамту; жаһандық жеткізу тізбегі – трансұлттық жаһандық желілер; роботтар дәуірі – өндірісті автоматтандыру қарқынын жеделдету, өнеркәсіптік роботтарға сұраныстың артуы», – деді А.Сарбасов.

Оның айтуынша, жасанды интеллектті дамыту және цифрландырудың жаһандық трендтері, оның ішінде әлеуметтік-еңбек саласында да шешуші рөл атқарады.

«Осылайша, Министрлік еңбек жағдайларын бағалау процесін цифрландыру үшін инновациялық шешімдер, Бірыңғай оқу-әдістемелік орталықтың онлайн-платформасын, «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» автоматты ақпараттық жүйесін, Кәсіпорындардың цифрлық картасын әзірлеп, енгізеді, сондай-ақ қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы, Электрондық еңбек биржасы, Әлеуметтік қызметтер порталы және т.б. жүйелер жемісті жұмыс істейді», – деді вице-министр.

Бұл ретте Ақмәди Сарбасов қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарамастан, жұмысшы кәсіптер қазақстандық еңбек нарығының негізі болып қала беретінін атап өтті.

«Цифрлық технологияларды, кәсіптік дағдыларды және әлеуметтік қолдауды біріктіретін жұмысшы кәсіптер жылын өткізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру жұмысшы кәсіптердің беделін арттырып қана қоймай, азаматтардың әл-ауқатының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Спикер алдағы жылдарға арналған әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу жоспарларымен бөлісті.

«Бірінші міндет – халықты әлеуметтік қорғаудың қолданыстағы тетігі шеңберінде жоғары өмір сүру деңгейіне, табыстарды әділ бөлуге және азаматтардың теңсіздігін айтарлықтай қысқартуға қол жеткізу.

Екінші міндет – «Қарапайым заттар экономикасынан» «Күрделі экономикаға» – күрделі және технологиялық жағынан дамыған тауарлар, қызметтер мен өндірістерді құру үшін өнімді білім алуға және пайдалануға негізделген экономикаға көшуді аяқтау», – деп қорытындылады Ақмәди Сарбасов.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ХЕҰ-ның «Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция» бастамасының іске асырылу барысын, ҚР-да лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын, ҚР қауіпсіз еңбек және ҚР еңбек нарығын дамыту тұжырымдамаларының әсерін, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде көзделген іс-шараларды талқылады.

ХЕҰ, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының өкілдері өз баяндамаларында әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асырудағы бірқатар негізгі бағыттарға басымдық берді. Сондай-ақ Қазақстан мен ХЕҰ ынтымақтастығының тарихы мен перспективалары, БҰҰ-ның жұмыспен қамту мәселелеріндегі даму бағдарламасының тәжірибесі, еңбекті қорғаудың рөлі және басқа да мәселелер егжей-тегжейлі қаралды.

Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күнін БҰҰ 2007 жылы тағайындаған болатын және жыл сайын әлемдегі әлеуметтік әділеттіліктің қажеттілігіне назар аударудың басты мүмкіндігі ретінде атап өтілетінін айтқан жөн. 2025 жылы әлемдік қауымдастық ХЕҰ-ның 300-ден астам серіктестері қосылған «Жаһандық әлеуметтік әділеттілік коалициясы» бастамасының арқасында бұл күнге ерекше мән береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button