Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне қабылдау басталды
Астанада Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізуге өтініштер қабылдау басталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Өтінімдер 2024 жылғы 1-15 қыркүйек аралығында қабылданады.
Реестрге мынадай бағыттар бойынша қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар енгізілуі мүмкін:
1 санат – ХӘОТ арасынан азаматтарды жұмысқа орналастыруға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері.
2-санат – ХӘОТ қатарындағы азаматтар өндірген тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері.
3 санат – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық қызметтер, сондай-ақ жұмысқа орналастыру және оңалту қызметтерін көрсететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері.
4 санат – психологиялық-педагогикалық, білім беру, мәдени және экологиялық қызметтер көрсететін, сондай-ақ отбасы мен халықтың осал топтарына қолдау көрсететін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері.
Айта кетейік, Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес тізілімге енгізілген жеңілдіктер бар. Бұл жеңілдікті шарттар бойынша жалға алу үй-жайын алу мүмкіндігі, мемлекеттік гранттарға қатысу құқығы 5 млн теңгеге дейін. Сондай-ақ кәсіпкерлер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 7% сыйақы мөлшерлемесімен екінші деңгейлі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға үміткер бола алады.
Тізілімге енгізу үшін инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ресми сайтында танысуға болатын құжаттардың толық пакетін ұсыну қажет. Өтінімдер жұмыс күндері Бейбітшілік көшесі, 11, 113-кабинет мекенжайы бойынша қабылданады.