Әлеуметтік көмек – қиындықтан шығуға сеп

Елімізде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек беру бағдарламасы бар. Оның аясында орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты түрде ақшалай көмек беріледі. Биыл елордалықтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі қандай? Ең төменгі жалақы ше? Атаулы әлеуметтік көмек қалай беріледі? Осы жөнінде Астана қаласы Мансап орталығы Есіл ауданының әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі Париса Жусинамен аз-кем әңгімелескен едік.
– Париса Шайкемелқызы, қаңтар айынан бастап әлеуметтік көмек алуға құжат қабылдау басталғаны белгілі. Жалпы, биыл қандай өзгерістер бар?
– Елімізде кедейлік шегінің мөлшерін мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай пайыздық мәнде жан басына шаққандағы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының негізінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды. Әлеуметтік көмек көрсетудің басты міндеті – өмірлік қиын жағдайға тап болған адамға немесе отбасыға сол қиындықтан шығуға көмектесу. Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру арқылы еліміздегі жұмыссыздардың санын азайту. Қазіргі таңда қаңтар айынан бастап 2025 жылдың бірінші тоқсанына құжаттар қабылдануда. Астана қаласы бойынша кедейлік шегі – 38 729 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 55327 теңгені құрайды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Президент Жарлығы бойынша ең төменгі жалақы көлемі 85000 теңге болып бекітілгені белгілі. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақша тағайындалады.
– Атаулы әлеуметтік көмек, соның ішінде шартты және шартсыз ақшалай көмек қалай тағайындалады?
– Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша орталыққа жүгінеді. Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша құжаттарды қабылдау Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында жүзеге асырылуда. Атаулы әлеуметтік көмек екі санатқа бөлінеді. Біріншісі, шартсыз ақшалай көмек. Яғни, еңбекке қабілетсіз, мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі. Оларға – бірінші немесе екінші топтағы мүгедек жандар, үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын жандар жатады. Шартты ақшалай көмек – еңбекке қабілетті, табысы аз адамдарға көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
– Шартты ақшалай көмек түрін алу үшін не істеу керек?
– Ол үшін азаматтармен әлеуметтік келісімшарт жасалады және отбасының қиын өмірлік жағдайдан шығуы үшін жеке жоспар құрылады. Онда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары мен әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысуы бойынша тараптардың міндеттемелері көрсетіледі. Табысы аз отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы қажет.
Әлеуметтік келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамау шартты ақшалай көмек төлеуді тоқтату үшін негіз бола алады. Мансап орталығы өтінішті қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру мақсатында учаскелік комиссияға береді. Әрі қарай учаскелік комиссия қабылдаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қорытынды дайындайды.
– Азаматтардың көбі құжат қабылдау кезіндегі қағазбастылыққа көңілдері толмайды. Өтініш берген соң қанша күнде жауабы дайын болады?
– Жалпы өтініштерді қарастыру барлық мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне сәйкес 15 жұмыс күні болып саналады. Алайда ақпараттық жүйелерде кейбір мәліметтер болмаған жағдайда немесе жеткіліксіз болған жағдайда Мансап орталығы тиісті мемлекеттік органға жазбаша сұрау салуды ресімдейді. Өтінішті қарау мерзімі 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сұрау салуды ресімдеген кезде сұрау салу жүзеге асырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш иесі жазбаша хабардар етіледі.
– Қала бойынша құжаттарды қайда тапсыруға болады?
– Астана қаласында атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға құжат қабылдау Алматы, Сарайшық, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра аудандары бойынша қабылданады. Сонымен қатар «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ учаскелік комиссияның атаулы әлеуметтік көмек алушыға өтініш берушінің материалдық жағдайына тексеру жүргізуі үшін «FSM Social» мобильдік қосымшасын әзірлеп оны пайдалану бойынша оқыту жүргізген болатын. 2025 жылдың бірінші тоқсанынан бастап мобильді қосымша іске қосылып учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысы осы мобильді қосымша арқылы жасалынды. Аталған қосымша бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның тұрып жатқан жерінің геолокациясы мен отбасының материалдық жағдайының фотосуреттері автоматты түрде ақпараттық жүйелер базасына түседі.
– Биыл қанша отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалды?
– Динамика бойынша салыстыратын болсақ қаңтар, ақпан айларында 2023 жылы 2495 отбасыға, 2024 жылы 2032 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын, ал 2025 жылы қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін 1211 отбасыға тағайындалды. Яғни, жыл сайынғы көрсеткіштерге қарап атаулы әлеуметтік көмектің көптеген отбасының өмірлік қиын жағдайдан шығуына себеп болғанын айтуға болады.
Әңгімелескен Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ