Әлеуметтік мәселе күн тәртібінен түспейді

– Жаңа сессияның ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге тоқталып, қоғамдағы бастау алған реформалардың әлі де жалғаса беретіндігіне және бұл өзгерістер саяси құрылымды жетілдіру үшін қажет екендігіне тоқталды. Саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыру керектігіне назар аударды. Заң шығарушы билік өкілдерін барынша ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып, олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершіліктерінің жоғары екенін ескертті. Мемлекет басшысы депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін, яғни әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екенін атап өтіп, оларды маңызды шешімдер қабылдауда іскерлік пен жауапкершілік және отаншылдық қасиеттерге басымдылық беруге шақырды.
Сонымен қатар, Президент Үкіметке де біршама тапсырмалар берді. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығына тоқталды және арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Әлеуметтік сала бойынша да, соның ішінде, адами капиталдың сапасын арттыру керектігі күн тәртібінен түспейтіндігін ескертті. Әсіресе, денсаулық пен білім беру саласындағы оң өзгерістерге тоқтала келе, әлі де болса аталған салаларды дамыту керектігіне басты назар аударды. Сонымен қатар, ана мен бала және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсартуды үкіметке тапсырды.
Зулфухар СҰЛТАНҰЛЫ,
Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлттық
Құрылтайдың мүшесі