Әлеуметтік тұрғын үй кезегі азайды
Кеше Астана қаласы мәслихатында халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.
Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саиповтің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда елордада әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 38433 адам тұр. Соның ішінде жетім балалар – 2544, көпбалалы отбасылар – 6916, әлеуметтік осал топтағылар – 17471, мемлекеттік және бюджет қызметкерлері – 11430, үйлері апатты болып танылған – 72 адам.
Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 47 мың адамнан асқан болатын, яғни оң динамика байқалады. Соңғы 3 жылда 18269 адам тұрғын үй кезегінен алынып, 9672 адам кезекке қойылды.
Жалпы осы уақыт аралығында, яғни 3 жыл ішінде барлығы 6053 пәтер берілді. Соның ішінде әлеуметтік осал топтар санатына жататындар 4641 пәтер иеленді. Ал биыл барлық санат 2547 пәтерге қол жеткізді. Осындағы 294 адам несиеге берілетін тұрғын үйге қол жеткізсе, 1803 адам әлеуметтік осал топтары санаты бойынша, 155 адам «Елорда жастары» бағдарламасы аясында, 295 адам «Қазақстан тұрғын үй» компаниясы арқылы баспана алды.
Қоғамдық тыңдаулар барысында депутаттар тарапынан ғимараттардың қасбеттерінің жағдайы, лифт жабдықтарының жұмысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасау мәселелеріне қатысты ескертулер айтылды.
«Бұл проблемаларды қысқа мерзімде шешу қажет. Орындалуын бақылау депутаттар корпусына жүктеледі» деген қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов тұрғын үй салып, мұқтаж жандарға кілт табыстаумен шектелмей, үйлердегі тәртіпті тұрақты түрде бақылап, ескертулерді уақытылы жою қажет екенін атап өтті.
«Биыл мәслихат депутаттары әлеуметтік осал топтар санатына арналған тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу мәселесін қолдады. Бұл бағыт елордадағы Amanat партиясы филиалының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында басымдыққа ие» деді Ерлан Каналимов.
Аманғали Қалжанов