Мәдениет

Әлихан әлемін әспеттеді

Музыкалық жас көрермен театрында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күніне орай өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның «Әлихан Бөкейхан – ұлт-азаттық күрескері» танымдық деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Туынды продюсері – Медеу Әбеузар.

 – Бұл фильм – мемлекеттік тапсырыс та емес, коммерциялық жоба да емес, ғылыми-зерттеу де емес. Немерем екеуміз Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлының тағдырының кейбір деректерін жинастырып, бүгінгі ұрпаққа, қарапайым халыққа, жұртшылыққа таныстыру мақсатындағы ақпараттық туынды. Фильмде 1992 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында Алаштың үш арысына арналған шарадан бастап, 2022 жылға дейін, 30 жыл ішінде өткізілген рухани шараның біразы қамтылған. Ондағы мақсатымыз – қарапайым ғана фильм арқылы Әлихан мен Алашты әлі танып білмей жатқан, мойындамай жатқан жұртшылыққа, әсіресе мектеп оқушыларына, жастарға, ел басқарып отырған азаматтарға үлгі-өнеге ету. Фильм екі бөлімнен тұрады, – деген автор осындай мүмкіндік берген Астана әкімдігі мен қалалық Мәдениет басқармасына алғыс айтты.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев деректі фильмдегі Әлихан Бөкейханға қатысты деректер шашыратпай, бытыратпай ұсынылғанын атап өтті.

– Бұл ұлы шаруалардың бастамасы деп түсінемін. Әлихан Бөкейхан әлі де қазақ қоғамында, қазақ бар кезде талай биіктен көрінеді, жаңа тұғырға көтерілетініне сенімдімін. Себебі тоң жібіді, кеңестер дәуірінде халықтың көңілінде тұрып қалған тұнба сейіле бастады, ери бастады. Енді ұлы Алаш қайраткерлерінің идеясы бүкіл қазақтың идеясына айналады, – деді Өмірзақ Озғанбаев.

Әлихан Бөкейханның серігі Әлімхан Ермековтің «Біз онымыз жиналғанда Тоқырауын өзеніндейміз, ал Әлихан дәрия еді ғой, толып тұрған Балқаш еді ғой» деген сөзін еске алды. Алаш қайраткерлерінің, соның ішінде Алаш көсемінің ұлт үшін атқарып кеткен ерен еңбегіне тоқталды. Атап айтқанда, қазақ шекарасын, қазақ жерін бекітудегі ерлігі туралы айтты.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button