Басты ақпаратРуханият

Әлихан Бөкейхан және «Қазақ» газеті

тұңғыш жалпыұлттық басылымның жарық көргеніне – 110 жыл

«Қазақ» газетінің тағы бір «жұмбағына» назар аударайық. Тұңғыш жалпыұлттық басылымның әрбір санындағы «Сырт патшалар жайынан», «Жапония» сынды халықаралық оқиғаларға шолу, «Русияның ішкі жайы», «Думадағы партиялар» немесе «Дума һәм қазақ» сынды тақырыптарға және Ресейдің ішкі мәселелері қамтылған бас мақалалардың да авторы көбіне көрсетілмейтін. 1937 жылдың шілдесінде ақырғы рет тұтқындалып, Бутырка түрмесінде өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасында» жазғанындай, 1905 жылдан 1917 жылға дейін Ресей империясының ең үлкен және ықпалды Конституция­лық-демократия партиясының мүшесі, 1912 жылдан, тағы бір дереккөз бойынша 1916 жылдан оның Орталық Комитетінің мүшесі, меншебектік социал-демократиялық партиясымен жақын қарым-қатынаста болған, «саясат ісіне Әлиханнан артық қазақ баласы жоқ» деп 1917 жылы «Қазақ» жазғандай («Алаш» партиясы ушредителное собранияға атаған депутаттар. – «Қазақ». – 1917. – 21.10. – №246. – 1 б.), өте ұрымтал әрі аса қауіпті саяси тақырыпқа Әлиханнан артық жазатын қазақ болмағанын ескерсек, жоғарыдағы «авторсыз» мақаланың бәрі Қыр баласының қаламынан шықты деп батыл айта аламыз.

1913 жыл соңына қарай Ресейдің орталық газеттеріндегі маңызды деген мақала-материалдарды шолатын «Газеталардан» деген тың тақырып пайда болды. Ол тақырыпты да Әлиханның ұсынғанын оның өз мақаласы дәлелдейді. Кезекті шолуында ол былай деп жазды: «Осы «Газеталардан» деген ат қойып, газета бетінен орын ашқандағы мақсат газета жүзіндегі хабарларды естіртіп һәр жұрттың, һәр партияның пікірімен таныстыру еді. Бұл – Еуропадан алынған өнеге. Мұндай орын Русия газеталарының бәрінде де бар. Газеталардан алғанда біреудің жазған мақаласын тұтасымен алу шарт емес. Алушы газеталардан өзіне керекті жерін ғана алады. Мысалы, «Речь» газетасында «Печатъ» деген бөлімі бар. Мұнда біреудің мақаласы тұтас алынбайды» (Қыр баласы. Газеталардан. – Орынбор: «Қазақ». – 1915. – 20.01. – №97. – 3 б.).

Бұл тақырыптың да Әлиханның «мойнында» болғанын дәлелдейтін бір айғақ: «Газеталардан» мақалаларында тұтастай кадет партиясының орталық «Речь» газеті, сондай-ақ «Алаш» көшбасшысының үзбей оқитын «Русские ведомости», «Русское слово», «Биржевые ведомости», «Утро России», «Новое время», «Новые известия» сынды орталық, «Туркестанский курьер», «Туркестанский голос», «Сибирская жизнь» секілді өлкелік-аймақтық орыс газеттерінің, сондай-ақ «Уақыт», «Тұрмыш», «Йулдуз» сынды ноғай (татар), башқұрт баспасөзінің материалдарына шолу жасалады.

Әлихан бір топ үзеңгілесі мен студент жасты бастап, 1916 жылғы 25 маусым жарлығы бойынша Бірінші дүниежүзілік соғыс тылына қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің соңынан Минскіден Киев және Ригаға дейін созылған Батыс, Солтүстік Батыс және Солтүстік майдандарында жүрген кезде, «Қазақ» газетіндегі «Газеталардан» тақырыбы шықпай тұрды. Міне, аталған тақырыптар мен айдарға шыққан, бірақ авторлығы көрсетілмеген мақалалар Ә.Н.Бөкей­ханның 30-томнан асатын шығармалар мен материалдар жинағын толықтыратын болды.

«Қазақ» газетінің 5 жылдан астам уақыт үзілмей шығып тұруына қосқан маңызды үлесінің тағы бірі – газет ұжымын әрбір сөзі мен қадамын бағып, тіміскілеп, ілік іздеп отырған отаршыл биліктің саясатына сүрінбей, астыртын немесе құпия жұмысқа (конспирацияға) баулуы болды.

1906 жылдың 19 шілдесінен 1907 жылдың 25 ақпанына дейін шығып тұрған «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттерінің бірін жап­қан күнінің ертеңіне екіншісін, оны жапқан күнінің ізінше үшіншісін 2 айдай үзбей шығарған ­Ә.Н.Бөкейханның патша цензурасы мен қудалау саясатын оңай орап өтуіне сол 1895-1897 және 1902-1903 жж. «Степной край» газетінде жүріп жинаған бай тәжірибесі және отаршыл биліктің өзі амалсыз мойындағандай, әрбір ісін ақылмен, асқан ұқыптылықпен, сақтықпен, ептілікпен атқаруы мүмкіндік берді.

Оған қоса жалғыз ғана мақсаты – патшалық билікті кез келген әдіс-амалмен құлатып, Ресейді демократиялық федералдық рес­публика етіп қайта құруды көздеген, І Мемлекеттік дума қуылған 1906 ж. құрылған аса құпия «Темірқазық» (С.-Петербор) масон ордені (не ложасы) аузында сөз тұрмайтын ақсүйек, бай өнеркәсіп иесі, көпес, зиялы және әскер қолбасыларын (генералдар) түгел қатардан шығарып, 1910 ж. ол масон ложасын «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» деген жаңа атаумен түбегейлі қайта құрған кезде, орден құрамында христиан еместерден жалғыз Әлихан ғана қалған еді.

Міне, Әлихан құпия, астыртын жұмыс пен күрестің сонау 1890 жылдарынан бері жинаған бай тәжірибесін үзеңгілестеріне үйретіп, «Қазақ» газетін үзбей шығарып тұруға пайдаланғаны күмән тудырмаса керек. Мысалға, 1914 және 1916 жылдары газет редакциясын, оның бас редакторы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының пәтерін талай тінтіп, газетті жабуға не екеуін тұтқындауға еш ілік таба алмай, тек ақшалай айыппұл салумен шектелгені жақсы мәлім.

Бүгінде алғашқы саны шыққанына 110 жыл толған тұңғыш қазақ-қырғыз жалпыұлттық «Қазақ» басылымының қалың бұқараға ғана емес, алаштанушы ғалымдарға беймәлім қыр-сыры осындай еді.

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,

алаштанушы-зерттеуші

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button