Басты ақпаратРуханият

Әлихан Бөкейхан және «Қазақ» газеті

тұңғыш жалпыұлттық басылымның жарық көргеніне – 110 жыл

ХХ ғасырдан бастау алатын жаңаша тарихымызда «Қазақ» газетінің алатын өшпес тарихи маңызы мен орны әлі де болса лайықты бағасын ала қойған жоқ. Оған қоса сонау баста тұңғыш жалпыұлттық мерзімді басылым ретінде 1905 жылдың желтоқсан-1906 жылдың қаңтарында Семей іргесіндегі Заречная Слободка кентінде (1917 жылдың мамырынан 1926 жылдың қыркүйегіне дейін Алаш қаласы) басып шығару көзделіп, бірақ отаршыл биліктің қуғын-сүргін саясатының салдарынан 7-8 жыл кешігіп, 1913 жылдың ақпанында Орынборда шыға бастаған «Қазақ» газеті дүниеге келіп, 5 жылдан астам үзілмей жарық көріп тұруын, негізінен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен және Міржақып Дулатұлымен байланыстырады. Ол – тарихи ақиқат.

Әйтсе де бұл мәселеге терең бойламай, бір ауыз сөзбен айта кететін «жұмбағы» тағы бар. «Қазақ» газетіне де­йін А.Байтұрсынұлының 1895-1896 жылдары «Тургайские ведомости» газетінде, 1912 жылы «Айқап» журналында санаулы ғана мақала жариялағаны, М.Дулатұлының 1907 жылы С.-Петерборда шыға бере жабылған «Серке» газетінде, одан соң «Айқап»-та бір өлеңін жариялағаны болмаса, мерзімді басылым ұйымдастыру, оның редакциялық жұмысынан тіпті бейхабар болатын. Ал осы кезде Алты Алаш көсемі Ә.Бөкейхан сонау 1889 жылдан 1913 жылға қарай көсемсөзші, автор, тілші (репортер), журналист, редактор ретінде де бай тәжірибе жинап үлгерген-ді.

Оған біраз мысал келтіре кетейін. Әлиханның мерзімді баспасөзбен қарым-қатынасы 1889 жылы Омбы техникалық училищесінің 3-курсы соңында, яғни мамыр айында басталып, 4-курсының бірінші тоқсаны, яғни желтоқсанына дейін дерлік жалғасады. Жас Әлиханның орысша және қазақша «Мулла в К-ском [Каркаралинском] уезде» және «Қ. [Қарқаралы] оязының молласының баяны» атты ең алғашқы 2 туындысы «Особые Прибавления к «Акмолинским областным ведомостям» газеті мен оның қазақша «Дала уалаяты­ның газеті» қосымшасының 1889 жылғы 12 мамырында жарық көрсе, «Письмо в редакцию» және «Хат баспаханаға» атты соңғы мақаласы сол жылдың 25 желтоқсан күнгі санында қос тілде жарияланды. Бұл бұлтартпайтын жайт Әлихан өз мақалаларын «Қазақ» газетіне үнемі орыс тілінде жазып, оны «Ахаң (А.Байтұрсынұлы) мен Жақаң (М.Дулатұлы) қазақшалап жариялап отырды» деп еш дәлелсіз жорушылардың «құлағына алтын сырға болсын» деп айтып отырмын.

Келешек ұлт көсемі баспасөзге бет бұрған алғашқы күнінен-ақ қазақша «Ә.Н.» (Әлихан Нұрмұхаметұлы), орысша «А.Н.» (Алихан Нурмухамедов) лақап есімін қолданып, ал өзінің әйгілі «Қыр баласы» және орысша «Сын степей» деген лақап есімін де сол 1889 жылдан бері пайдалана бастағанын, бірақ ол кезде «Қырұғлы» және «Сын степи» деп жазғанын атап өту керек.

1890-1894 жж. Орман институтында (С.-Петербор) оқыған 4 жыл ішінде астаналық басылымдарға жарияланып көрді ме деген сауалға әлі де тиянақты жауап жоқ. Ал Әлиханның өз сөзімен айтсақ, 1895 ж. «Ресейден туған отанына (Омбыға) оралуы» қазақтың Дала өлкесіндегі тұңғыш тәуелсіз басылым – «Степной край» газетімен тығыз қарым-қатынасынан басталады. Ел ағасының ұзақ жылғы ғылыми әрі саяси әріптесі, «масон бауыры» Сергей Швецов 1930 жылы «Северная Азия» (Мәскеу) журналының №1 санында жарияланған ­«Омская газета «Степной край» и политссылка» атты естелігінде ол туралы тәптіштеп жазды. Әлиханның тағы бір жақын әріптесі әрі «масон бауыры», Щербина экспедициясы құрамында бірге жұмыс атқарған Лев Чермак Ресейдің әдебиет және өнер мемлекеттік мұрағатында (РГАЛИ) қолжазба нұсқасында сақталған естелігінде «Степной край» редакциясында Әлиханнан көп жұмыс істейтін ешкім болмағанын: өзі мақала жазумен қатар, редакцияға келіп түскен материалдарды оқып, түзетіп, редакциялап газеттің кезекті санына ұсынатын да, кейбір мақаланы С.-Петербор баспасөзіне (шамамен «Сын отечества» газеті. – С.А.) жолдап отыратын да Ә.Н.Бөкейхан екенін жазды. С.П.Швецовтың дерегінше, Әлихан «Степной край» марксшілдер мен халықшылдардың қолында болған 1895-1897, 1902-1903 жж. жұмыс істеген. 1905 ж. газет социал-­демократтар қолына өтуіне байланысты 1905-1907 жж.-ғы төңкеріс кезінде ол «Степной край»-да мезгіл-мезгіл ғана жарияланып тұрды.

1899-1902 жж. қыр баласы бұрынғы «Особые Прибавление к «Акмолинским областным ведомостям» газетінің орнына шығатын «Киргизская степная газета» мен оның «Дала уалаяты­ның газеті» (Омбы) қосымшасында, «Семипалатинские областные ведомости» (Семей), «Туркестанские ведомости» (Ташкент), «Оренбургский ­листок» (Орынбор) газеттерінде жиі жарияланып тұрды.

1905-1906 жж. «Семипалатинский листок» газетінің редакция мүшесі әрі тұрақты авторы, 1906-1908 жж. «Сибирская жизнь» (Томскі) газетінің редакция мүшесі, «Сын отечества» (СПб) басылымның тұрақты авторы болды.

1913 жылдың 2 ақпанында сонау Орынборда жарық көре бастаған «Қазақ» газетін одан 7-8 жыл бұрын, 1905 жылдың желтоқсаны-1906 жылдың қаңтарында Семей іргесіндегі Заречная Слободка кентінде жарыққа шығару жоспарланғанын тарихшылардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Тұңғыш қазақ газетін шығару 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 қазақ қол қойған «Қарқаралы құзырхатында» жазылған болса, оны Әлихан І Мемлекеттік дума сайлауының қарсаңында ұйымдастырып шығару үшін Мәскеуден қырға қарай жолға шыққанын 1905 жылдың желтоқсанында петерборлық «Наша жизнь» газеті хабарлады. Алайда 1906 жылдың 1 қаңтарында Дала өлкесіне «әскери жағдай» орнатылып, 8 қаңтарда Әлихан Омбыдан шығып Тұзқала (Павлодар) түбіндегі Ямышевский кентінде тұтқындалып, тергеусіз, сотсыз алдымен Тұзқала, одан соң Омбы абақтысына жабылды. Ал газет шыққан күнде оның алғашқы редакторы, әрине, Мемлекеттік дума депутаттығына сайланғанға дейін, Әлиханның өзі болып, Дума мәжілісіне аттанған күні редакторлықты А.Байтұрсынұлына тапсырып кетуді жоспарлаған болса керек.

«Қазақ» газетін шығартпаған соң, 1906 жылдың шілдесі-1907 жылдың ақпаны аралығында Әлихан Омбыда Дала генерал-­губернаторының қатаң бақылап, аяусыз қудалауы салдарынан бірінен соң бірі жабылып, бірінің ізін суытпай екіншісі шығып тұрған «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» газеттеріне іс жүзінде құрылтайшы әрі баспашы-­редакторы болды. «Іс жүзінде» дейтін себеп: үш газетте де баспасөзге еш қатысы жоқ адвокат ­И.А.Поварённых («Иртыш»), әйел кісі Н.А.Вереденко («Омич») және Д.В.Иванов («Голос степи») баспашы-редактор ретінде көрсетілді. Онымен ­қарама-қатар Омбыдағы «Степной пионер» газетінде І Мемлекеттік думаны қуып таратуға себепші болған реакцияшыл жаңа премьер-­министр П.А.Столыпиннің саясатын аяусыз әшкерелеп сынайтын мақалалар тізбегін жариялап тұрды.

1937 жылдың шілде-қыркүйек айларында Бутырка түрмесінде ОГПУ тергеушісіне берген соңғы жауаптарының бірінде Әлиханның өзі атап көрсеткендей, 1908 ж. меньшевик социал-­демократтарының «Товарищ», 1908-1910 жж. «Сибирские вопросы» журналы (СПб), 1908-1917 жж. кадеттердің «Речь» және «Слово», «Мусульманская газета» және «В мире мусульманства» газеттерімен (СПб) тығыз қарым-қатынаста болды. Бір қызығы, «Он тоғыз бола ма?» атты мақаласында: «Бақытжан, Сералы «Алаш» деп бұлдыратып жүргенде, мен абақтыда жатып қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирскія вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде: 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48, 1908 жылғы, «V» деп қол қойған. Орысша білетінің, оқып қара» деп ескерткеніндей, ол мақалаларды Семей түрмесінде отырып жазған-ды. Байқасақ, ана тілінде газет шықпай тұрған кезде Ә.Н.Бөкейхан, негізінен, орыс мерзімді баспасөзінде жарияланып келді.

Ә.Н.Бөкейхан бірде-бір қазақ газетіне редактор болмапты деу­шілер де шығуы мүмкін. Бірақ оған айтар уәж де жоқ емес. Алаш Орда үкіметін басқарып жүрген 1918 ж. Ә.Н.Бөкейхан Алаш шаһарында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің кемінде 3-4 санына баспашы-редактор болғаны бар. Газеттің 1918 ж. шілде айындағы 45-47 сандарында «Шығарушы Ғали хан Бөкейхан. Қазақ Кәмитеті баспаханасы. Алаш шаһары. Тип. Сем. Обл. Киргиз. К-та. Бастырушы «Теңдік» серіктігі» деп көрсетілген. «Кемінде 3-4 саны» деудің себебі: «Сарыарқаның» 1918 жылдың маусымындағы 43-44 сандарын шілде-қыркүйек айларындағы 48-56, сондай-ақ №58 сандары әзірше түгел табылмай отыр. Сол себепті ол сандарына кімнің шығарушы редактор болғанын кесіп айту қиын. Қолда бар №59 санынан бастап Имам Әлімбекұлының редакторлығымен шыға бастағанын байқаймыз.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейінгі 5 жыл бойы патшалық биліктің қара қуғын заманында сүрінбей, үзілмей жарық көріп тұруы ­Әлиханның осы бай тәжірибе­сінің жемісі екеніне еш күмән болмауы керек. Оның тәжірибесі тұңғыш жалпыұлттық басылымның қай қырынан байқалады, соған тоқталайын.

Осы күнге дейін «Қазақ» газетіне жарияланған мақала-материалдардың автор­лары сөз болса, негізінен, қайсы лақап есім кімдікі деген мәселе төңірегінде болатын-ды, авторы көрсетілмеген мақала-материал өзінен-өзі газет редакторы А.Байтұрсынұлына жатқызылатын. Ол да, бір жағынан, заңды. Екінші жағынан, «Қазақ» газетінің 10 ақпандағы №2 санынан бастап басылымның бірінші бетінде, ал атауындағы «Оренбург» сөзінен басқа жалғасы газеттің шыққан күніне орай, мысалға «Оренбург, 10-ншы фебрал» атты жаңа бас мақала пайда болды. Келе-келе «Қазақ» газетіндегі тұрақты да дәстүрлі тақырыпқа (айдарға) айналған бұл бас мақаланы Әлихан Бөкейхан өзі баспашы-редактор ретінде 1906-1907 жж. Омбыда шығарып тұрған «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» газеттерінен үлгі етіп алып жалғастырды. Мысалы, «Иртыш» газетінің 1906 жылдың 19 шілдесінен бері шыққан алғашқы сандарының бас мақалалары «Омск, 19 июля», «Омск, 22 июля», «Омск, 23 июля» деген айдармен шықты. 1906 жылдың 11 қарашасында ақырғы саны шығып, Дала генерал-губернаторының бұйрығымен тоқтатылған «Иртыш»-тың орнына 14 қарашадан шыға бастаған «Омич» газеті, мысалға 17 және 21 желтоқсандағы сандары да (қалған сандары қолға түспеді; бәрі де тарихшылар мен тарихсүйгіш азаматтардың жеке қорында сақталыпты) «Омск, 17 декабря» және «Омск, 21 декабря» деген бас мақалалармен басылып шықты. 1906 жылдың 31 желтоқсанында тағы да генерал-губернатордың бұйрығымен тоқтатылған «Омич»-тің орнына 1907 жылдың 1 қаңтарынан жарық көре бастаған «Голос степи» газетінің №1 саны «Омск, 1 января» деген бас мақаламен шықты.

«Омск, 19 июля… 1 января» мақалалары «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттерінің барлық санында үзілмей беріліп тұрса, «Оренбург, … фебрал» сынды бас мақала «Қазақ» газетінде мезгіл-мезгілмен ғана беріліп тұрды. «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттеріндегі бас мақалалар Ә.Н.Бөкейханның өз қаламынан шыққан болса, «Қазақ» сандарындағы «Оренбург, …» мақалаларының авторы да, негізінен, өзі болды деп кесіп айтуға негіз бар. Алаш көшбасшысы қайсыбір себеппен (көбіне Петроград, Мәскеу, Минскі, Киев және т. б. қалада іссапарда жүретін. – С.А.) мақала жазып үлгермеген күнде, сирек болса да Міржақып жазып тұрғаны байқалады. Бірақ Жақаң мақала астына өзінің аты-жөнін үнемі көрсетіп отырды. Мысалға «Оренбург, 14-нші сентәбір» мақаласы астына авторын «М. Д.» деп көрсетті («Қазақ». – 1913. – 14.09. – №30. – 1 б.).

Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,

алаштанушы-зерттеуші

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button