Мәдениет

Әлияның жыр әлемі

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын Әлия Дәулетбаеваның «Алматыдан алыста» кітабының таныстырылымы өтті. Бірқатар қоғам қайраткерлерінің, Астананың әдеби ортасының, өлеңсүйер қауымның басын қосқан шара ән мен жыр мерекесіне ұласты.   

Осыдан он шақты жыл бұрын Әлияның «Сол бір сәуле» атты жыр жинағы жарық көрді. Оның алғысөзін поэзия падишасы ­Фариза Оңғарсынова жазды. Сонда: «Әлияны мен оқушы кезінен танимын. Алғаш М.Мөңкеұлының 150 жылдық мерейтойында көріп, келешегінен үміт күткен едім. Ол жақсы ақын болып қалыптасты. Өлеңдері тегеурінді ырғағымен, терең мазмұнымен, отансүйгіштік рухымен ерекшеленеді. Құнарлы тіл, өзіндік көркем оймен тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүр» деп жазған еді көрнекті ақын. Әлияның кезекті кітабының таныстырылымы Фариза Оңғарсынованың аты берілген залда өтуін заңдылық деп ұқтық.

Өмірден ерте озған талантты ақын Нұрлан Мәукенұлының «Астанадан алыста, Атырауда сол бір маң» деп жырлағаны бар еді. Осы өлең жолдарымен Әлияның жаңа кітабының арасында бір байланысты байқадық. Оның себебі кітап авторы дәл осы Атырау қаласында тұрып, «Алматыдан алыста, Астанадан жырақтау жерде алғаусыз арманымен албырт өлең жазады».

Астанаға жаңа кітабымен жеткен ақын оқырмандарымен поэзия тілінде сырласты. Таныс­тырылымға қатысқандар да мол әсер алды. Мәселен, «Қарашаның ызғары, алғашқы мұздақ, таптаурын тайғақтың бәрін ұмыттырып жан жайлауына кіргізген кеш болды. Астанада осындай жыр кештері жиі өткізілуі керек» деді белгілі қаламгер, сенатор Нұртөре Жүсіп.

Жастар Әлияның өлеңдерін оқыды, әндер айтылды. Автордың Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Елена Әбдіхалықова сынды ақын апалары, Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Танагөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек сынды замандастары, басқа да ақындар тілектерін жеткізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button