Басты ақпаратҚоғам

Әмбебап жауынгерлік көлік

Қазақстанда алғаш рет суда жүзе алатын көпмақсатты заманауи жауынгерлік көлік құрастырылып жатыр. Бұл жаңалық – еліміздің қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ауқымды қадамы ғана емес, әскери технологияның да жаңа белеске көтеріліп жатқанының көрінісі.

Елордада «Қазақстан Па­ра­маунт Инжи­ниринг» ком­па­ниясы суда жүзе алатын «Terrex Barys-A 8×8» жауынгерлік көлігін таныстыр­ды. Бұл – сингапурлық «ST Engineering» компаниясымен бірлесіп жасалып жатқан ірі жоба. Оны құрас­тыруға, жетілдіруге құқық беретін барлық құжатты Қазақстан тарапы сатып алған. Алдағы уақытта әскери машина түрлі ауа райы және табиғи жағдайда ауыр сынақтардан өтуі тиіс.

Балқаштан да кесіп өтеді

Жауынгерлік көліктің таныстырылымына қатысқан ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Армия мобильді, кәсіби және заманауи қару-жарақпен қамтылған болуы керек. Себебі біздің басты мақсат – мемлекетіміздің конституциялық құрылымын, территориялық тұтастығын сақтау. Осындай өнімдер әскеріміздің қуатын арттырады» деп атап өтті.

«Terrex Barys-A 8×8» – өзен-көл, батпақ пен шөл, аптап ыстық пен сары аяз секілді табиғаттың түрлі сынағына төтеп беретін әмбебап көлік. Ең бастысы бұл әскери техника ашық суларда еркін жүзе алады. Бұл оны нағыз амфибиялық жауынгерлік көлікке айналдырады.

– «Terrex Barys-A» – қазіргі уақыт технологияларына сай келетін әскери көлік. Қазақстанда қазақтың қолымен қазақтың сарбазына арналып жасалады. Біздің азамат ретінде ғана емес, кәсіпкер және өндіруші ретіндегі міндетіміз – жауынгерлеріміздің өмірін сақтау, – дейді Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысов.

Өндіруші компания өкілдерінің айтуынша, отандық әскери көлік ішіндегі жауынгерді 10 келі тротилдың жарылысынан қорғай алады. Танкке қарсы минаның өзінде 7 келі тротил болатынын ескерсек, көпмақсатты жауынгерлік көліктің қорғаныш деңгейі жоғары санатқа жататынын байқауға болады. «Terrex Барыс-А» 12 жауынгерді тасымалдай алады, экипажы – 2 адам. 600 аттың күші бар. Ең бастысы ол Есіл, Ертіс сияқты өзендерден еркін жүзіп өте алады.

«Біз Қазақстанда өндірілген бұл жауынгерлік техниканың суда жүру қабілетін нақты сынап көру үшін Балқаш көлін (екі жағалау арасы 20 шақырым мөлшеріндегі бөлігінен) кесіп өтуді де жоспарлап отырмыз» дейді компанияның сату бөлімінің директоры Мұсатай Арқабай.

Қорғанысқа қосар үлесі мол

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – Орталық Азиядағы заманауи броньды дөңгелекті машина шығаратын ең ірі кәсіпорын. Қазірге дейін 4х4 дөңгелекті формуласындағы «Арлан» көліктерін, 6х6, сондай-ақ 8х8 дөңгелекті формуласындағы «Барыс» көліктерін өндіріп, еліміздің қауіпсіздік саласында күштерінің қолданысына беріп үлгерген бұл компания қазір жылына 120 жауынгерлік көлік өндіретін қуатқа жетті. Жақында бұл компания қос осьті, барлық жетекші дөңгелегі бар, MRAP (mine resistant ambush protected – минаның жарылуынан және шабуылдан қорғау) түрі бойынша күшейтілген минаға қарсы қорғанысы бар «Алан 2» көлігін жасап шықты. Бұл 100 пайыз Қазақстанда өндірілген жауынгерлік машина саналады.

Әрине, «Қазақстанда тазиктен басқа өндірілмейді» деп аузын қу шөппен сүртетіндер көп. Ал шын мәнінде «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы сияқты ел өндірісіне өз үлесін қосып жатқан отандық өндіріс орындары бар.

«Қазір жұртың көбі «Қазақстанда жасалған десе, Қазақстанда құрас­тырылған» деп түсінеді. Жоқ, олай емес, қазір Қазақстанда өндіріліп жатқан техникалар да бар. Соның бірі – «Алан-2».

«Алан-2» көлігі – отандық инженерлер әзірлеген алғашқы жоба. Бұған дейінгі техникаларға шетелдік серіктестердің жобасы пайдаланылса, «Алан» сериясы толығымен жергілікті мамандар еңбегімен жасалды» дейді Мұсатай Арқабай.

Серіктестің де пікірі жоғары

«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы сингапурлық ST Engineering компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Қазір екі компания ортасындағы байланыс барған сайын нығайып, заманауи үлгідегі жаңа техникаларды өндіруге ойысқан.

Сингапурлық ST Engineering – әлемдік қару-жарақ индустриясындағы алыптардың бірі. 1967 жылдан бастап қару-жарақ, оқ-дәрі, броньды көлік өндірісімен айналысып келеді. Компания бүгінде әлемнің 43 елімен әріптестік орнатқан. Былтырғы қаржы айналымы – 12 миллиард доллар.

– Біз Қазақстан тарапымен былтырдан бері тығыз байланыстамыз. Бұл елде қорғаныс саласы жақсы дамып келеді. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы – технологиялық әлеуеті жоғары мекеме. Біз келісімшартқа қол қоймас бұрын техникалық мүмкіндіктерін жіті зерттедік. Олар біздің талабымызға толық сай келеді, – деді сингапурлық компанияның басшысы Чэнь Ботан.

«Terrex Barys-A» әскери көлігінің Қазақстанда өндіріле бастауы – мемлекеттің әскери-техникалық дербестігі жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ бұл техника ел тыныштығы мен сарбаз қауіпсіздігін қамтамсыз етуде де өз рөлін көрсетеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button