Басты ақпаратМәдениет

Ән қанатында қалықтады

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында осы өнер ұжымының «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі, әнші, ұстаз, мәдениет саласының үздігі, өнертану магистрі Тельман Нүркеновтің «Ән қанатында» атты жеке концерті өтті.

Кеш иесі Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыка училищесінен кейін Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында Ербол Сариннен дәріс алды. Осы оқу орны Қазақ ұлттық өнер университетіне айналғанда, магистратураға түсіп, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың жетекшілігімен жұмысын қорғады. Қайрат Әукенұлы шәкіртін Ақмоладан шыққан дүлдүл әнші, қазақтың талай әнін жаңғыртып, жеткізуші Қосымжан Бабақовтың шығармашылығына бағыттады. Қазір Тельман Нүркенов «Әнші Қосымжан» атты монографиялық еңбек жазып жатыр. Сондай-ақ Қараөткел заманында өмір сүрген Иманжүсіп, Ғазиз, Сәтмағамбет, Қапаш сынды әнші-ақындардың өмірі мен шығармашылығын зерттейді, қазақ әншілерінде сирек қолданылатын теріс бұрауда ән айту мәнерін насихаттайды. Өзі бітірген оқу орнының «Дәстүрлі ән» кафедрасында сабақ береді.

Әнші «Дала дәстүрі», «Ұлы дала дауысы», «Ән базары – Қараөткел» концерттік жобаларының авторы. Бұған дейінгі 2018 жылы өткен жеке концертінде Ақан сері, Біржан сал, Нартай Бекежанов, Естай Беркімбайұлы сынды дәстүрлі ән дүлдүлдерінің шығармаларын орындаса, бұл жолғы ән кешінде Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Иса Байзақов, ұлы Абай әндерін, сонымен қатар Илья Жақанов, Теміржан Базарбаев, Әсет Бейсеуов, Тұрсынжан Шапай сынды композиторлардың әндерін ұсынды.

Астаналық филармонияның қазақ оркестрінің орындауында Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылған кеш екі бөлімге бөлінді. Оркестрге Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік етті. Алғашқы бөлімде Тельман Нүркенов осы оркестрдің сүйемелдеуімен және жеке дауыста ән шырқаса, екінші бөлімде «Қорқыт» этноансамблімен бірге әндерді әуелетті.

«Шалқыма» халық би ансамблі кештің шырайын кіргізді. Елімізге белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова, Гүлмира Сарина және Гүлзира Бөкейхан кеш иесін қолдап, көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Тельман Нүркенов дуэт болып та олармен ән салды. Алматыдан ат арытып жеткен майталман әнші Еркін Шүкіман өнердегі інісіне шығармашылық табыс тілеп, екі ән шырқады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button