Мәдениет

Ән-терме айтып жарысты

Астана қаласы мектептерінің оқушылары арасында «Астана ұландарының дауысы» І қалалық байқауы өтті.

Елімізде кенжелеп қалған балалар өнерінің дамуына жаңа тыныс беріп, төл өнеріміздің дамуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған байқау  төрт аталымға бөлінді. Бұл – «Эстрадалық бағыттағы орындаушылар», «Дәстүрлі бағыттағы орындаушылар», «Вокалды топтар» және «Терме-толғаулар орындаушылар».

Байқауға қаладағы 40-тан астам мектептен 7-17 жас аралығындағы 70-ке жуық оқушы қатысты. Олар ұстаз, сазгер Кәкім Ердібайтегінің ән-терме, толғауларын орындады.

– Мұндай байқау алғаш рет өтіп жатыр. Жазған әнің не күйің сахнада орындалса, іштей қуанасың. Ал көрерменнің жүрегінен орын тапса, елдің игілігіне жарап жатса, шығармашылық адамы үшін одан үлкен бақыт жоқ деп есептеймін. Жалпы, балалардың ішкі жан дүниесі таза болып өсуі керек. Мағжан Жұмабаев айтқандай, бала ән үйреніп, өлең жаттап, сурет салып өссе, ішкі жан дүниесі де байи түседі, – деді сазгер Кәкім Ердібайтегі.

Қазылар алқасының мүшесі Мақсат Хамзиннің айтуынша, мұнда өнерпаздың ана тілінде, яғни қазақ тілінде таза айтуына, дауыс диапазонына, сөздің дикциясына, киім киісіне аса мән берілді.

– Байқағаныңыздай, бұлар кішкентай балалар ғой. Мәселен, біреуі қылығымен тәтті болады, ал енді біреуінің дауыс мүмкіндігі бар. Солардың барлығын жіті ескеріп отырмыз, – деді ол.

                                                                                   Сабина КӘКІМЖАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button