Елорда тынысы

Ән жүрекпен шырқалады

Иә, біз көзбен көріп, санамен түйеміз. Ал жүрекпен тыңдай білеміз бе? Қазақ ұлттық өнер университетінің мәжіліс залында өткен «Қараңғыда» концертінен осындай ой түйдік.

Сахна. Қап-қараңғы түнек. Көзбен көріп үйреніп қалған бізге ұйымдастырушылар жүрекпен тыңдаудың тың тәсілін ұсынғандай.

Концертте ерекше жандар мен өнер университетінің өнерпаздары шығармашылығымен бөлісіп, ән айтты, өлең оқыды.

«Мирас» қоғамдық қорының президенті Жүзбай Серік:

– 2010 жылы мамыр айында Әділет департаментінде тіркеліп, қайырымдылық бағытында қызмет етіп келеміз. Қоғамдағы тастанды, жетім балаларды рухани қолдап, зағип жандардың ­қабілет-қасиетін шыңдап, танылуына жұмыс істеу­деміз. Жылда спорт саласында жетістікке жеткен ерекше жандарды насихаттаймыз. Биыл зағип жандардың өнерін дәріптеуді қолға алдық, – деді.

Концерт басталмас бұрын сурет көрмесі ұйымдастырылып, ондағы суреттерді зағип жандар жүрегімен танып-білуге жағдай жасалды.

Мұны Жүзбай Серік былай түсіндірді: «Суреттің идеясы және онда көрсетілген графиканы «audio discreet» аудио жазба арқылы ерекше жандарға түсіндіріледі. Бұл – жүрекпен танудың жолы. Концертіміз қараңғыда орындалады. Бұл да жүрекпен тыңдаудың нақ өзі».

Өнерпаз, ақын Нұрдана Арғын күйші Құрманғазының «Сарыарқа» күйін Yamaha-мен орындап, өзінің «Аңсаймын жарық күнді» әнін шырқап, көрерменнің көңілін босатты.

Ал дәстүрлі әнші, айтыскер ақын Алғысбек Дәуенұлы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жанарсыз адам келеді» және Есенқұл Жақыпбектің «Өмір сүргім келеді» әнін орындады. Бұл екі өлеңнің музыкасын өзі жазған екен.

«Сәт» тобының әншісі Азат Әбілдаев орындауындағы әндер де көпшіліктің таным таразысын биіктете түсті.

Жүзбай Серік те өнерден таласы бар, сегіз қырлы, бір сырлы азамат екен. Ахмет Байтұрсынұлының моноголын орындап, өзінің «Шүкір дейікші» атты өлеңін оқып берді.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button