Мәдениет

Әр күйі – бір тарих

Биыл – күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл. 71 жыл ғұмырында алпысқа жуық күй шығарған қазақтың талантты күйші-композиторының қос ғасырлық мерейтойына орай Астана қаласы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі «Күй атасы – Құрманғазы» атты концерт ұйымдастырды.

Күйшінің ел, жер тағдыры туралы толғанысқа толы күйлерін қазақ оркестрі және жеке күйшілер жоғары деңгейде орындап, тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов және аталған оркестр дирижері, күйші, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен өткен концертте Құрманғазының санамызда жатталып қалған тарихи 20 күйі орындалды. Көрермендер де залды толтыра, көп жиналды. Концертте сөз алған қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі қаламгер Дархан Мыңбай елордалық филармония оркестрінің өнерін жоғары бағалады.

– Рухани байлығымызды әуелі өзіміз танып, білуге міндеттіміз. Сондықтан төл өнерімізге, бүгінгі күйшілерімізге тәуелсіз еліміздің тұрғысынан ерекше қамқорлық танытып, жүйелі насихаттау, кешенді жұмыс жүргізу уақыт талабы деп білеміз. Иә, күйшілердің өмірі, әр күйдің шығу тарихы туралы небір мықты көркем шығармалар жазылған. Алайда ол жөнінде ықшамдалған, жұртқа қызықты мәліметтер концерттерде көп айтыла бермейді. Осыған орай, еліміздегі өнер бағытындағы жоғары оқу орындары заман сұранысына лайықты конферансье даярлауды қолға алса деген ұсыныс айтқымыз келеді. Мұндай арнайы мамандар бірегей ұлттық өнерімізді, соның ішінде күйді шетелде, әр түрлі тілде насихаттауға да үлес қосар еді. Өйткені заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – қазақтың күйі». Олай болса інжу-маржанымызды түгендеп қана қоймай, барымызбен орынды мақтана білейік! – деді ол.

Концерт Құрманғазының жастау кезінде шығарған «Балбырауын» күйімен басталды. Каспийдің арнасынан асып, тасуына орай шығарған «Көбік шашқан», Орынбор губернаторы В.Перовскийге арнаған «Перовский маршы», түрмеде бірге болған қалмақ батырына арнаған «Саранжап», Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліске орай шығарған «Кішкентай», күйші қызға арналған «Айда бұлбұл Айжан-ай», Орынбор түрмесіне апара жатқан кездегі көңіл күйі суреттелетін «Арба соққан» және басқа да тарихи мәні зор «Пәбескі», «Кісен ашқан», «Алатау», «Бұлбұл», «Көгала ат», «Сарыарқа», «Адай», «Қайран шешем», «Терісқақпай», «Ақбай», «Серпер», «Кедей зары» деген танымал күйлері орындалды.

Дирижер Нұрлан Бекеновтің айтуынша, бұл концерттің бір ерекшелігі – Құрманғазының 2 күйінің оркестрде алғаш рет орындалуы.

– Жалпы атамыздың күйлерінің ішіндегі бір ғана күй теріс бұрауда, қалған күйінің бәрі оң бұрауда орындалады. Сол теріс бұрауда тартылатын «Кедей зары» деген күйін бүгін алғаш рет оркестрмен орындадық. Оны оркестрге түсірген – «Құрмет» орденінің иегері, қылқобызшы Жанар Жүсіпова. Екінші күй – «Перовский маршы». Бұл күйдің екі түрі бар, біреуін А.Жұбанов түсірді, екіншісін мен түсірдім. Міне, осы күйді де қазақ оркестрі тарихта алғаш рет бүгін орындады. Ал қатты қуантқаны – күй концертіне елдің көп жиналуы. Бұл бізде ұлттық рухтың өшпегенін, күйге деген халықтың көңілі зор екенін көрсетті. Күй бар жерде қазақ та өлмейді. Арзан ән тыңдасаң, адамды аздырады. Сол себепті терең дүниеге үңіле отырып, кемелдікке ұмтылуымыз керек, – деді ол.

Филармонияның қазақ оркестрі жыл бойына осы концертті еліміздің әр өңіріне және Құрманғазының жерленген жері – Астраханға барып өткізуді жоспарлап отыр. Биыл мамыр айының аяғында күйшінің 200 жылдығына орай Атырауда үлкен іс-шара өтеді. Соған «Күй атасы – Құрманғазы» бағдарламасымен қазақ оркестрі де шақырылған.

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button