Әрбір бесінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді

Көптеген мамандықтардың мәні алдағы уақытта концептуалды түрде үлкен өзгерістерге ұшырайды. Бұл туралы «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Өзекті мәселелердің келесі бағыты – білім беру саласының еңбек нарығының талаптарына сай болуын қамтамасыз ету. Қазір кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспей жатқаны белгілі. Соған қарамастан, көптеген жас кадрлар жұмысқа орналаса алмай жүргені де жасырын емес. Тіпті, әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұл жағдайлар кадр даярлаудың қазіргі жүйесі экономиканың нақты секторының заманауи сын-қатерлері мен сұраныстарына толық жауап бермейтінін көрсетеді. Қазір әлем тез өзгеріп жатыр. Халықаралық валюта қоры технологияның дамуы бүкіл әлемдегі жұмыс орындарының 40 пайызына әсер етеді деп болжап отыр. Демек, көптеген мамандықтардың мәні алдағы уақытта концептуалды түрде үлкен өзгерістерге ұшырайтыны сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.
Оның пайымынша, қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажеттіліктеріне бағыттау керек.
– Осы мәселеде мемлекеттің, бизнестің, кәсіпорындардың және білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие, – деді Сенат төрағасы.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов еліміздегі колледж түлектерінің білімі мен машығы деңгейі көбінесе жұмыс берушілердің талаптарына, жастардың өз сұраныстарына сәйкес келе бермейтінін айтты.