Әрбір ұсыныс қараусыз қалмайды
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/aed41e79-6e64-4bc3-b891-d05d606170ac-780x470.jpg)
Астана қаласы аудандары әкімдерінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұртшылықпен жүздесуі жалғасуда. Апта ішінде Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында көтерілген сұрақтардың басым бөлігі инфрақұрылым саласына бағытталған. Яғни тұрғын алаптағы жол жөндеу, газ тарту, су және кәріз жүйесі, сондай-ақ, абаттандыру мен көгалдандыру секілді өзекті мәселелер көтерілді.
Аудан әкімінің айтуынша, әр тұрғын жолдаған сұрақ пен ұсыныс жол картасы негізінде әзірленетін болады. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жауапты мекеме өкілдеріне тиісті тапсырмалар берілді.
«Тұрғын алапты дамыту аясында алға қойылған жоспарларымыз көп. Қала әкімі Жеңіс Махмұдұлының бірегей бастамалары мен тапсырмалары барысында жүйелі жұмыстар легін жалғастырамыз. Әрбір ұсыныс пен өтініш қараусыз қалмайды» деді кездесуде Т.Рахманберді.
Айта кетейік, Байқоңыр ауданының келесі тұрғын алаптарының тұрғындарымен кездесулер алдағы уақытта жалғасады.