АЭС: энергетикалық тәуелділіктен құтқарады
Қазақстанда электр қуатының тапшылығы күннен-күнге өткір бола бастады. Сарапшылар тапшылық тәулігіне 1200 МВт-қа жететінін айтуда. Мұның басты себебі – тұтыну деңгейінің артуы, тозуы және энергетикалық инфрақұрылымның апаттылығы жоғары болуынан. Бұл генерациялау секторына жаңа станцияларды салуды тездетіп шешуді талап етеді. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат ТЕМІРХАНОВПЕН осы туралы сөйлестік.
– Елде энергия тапшылығы бар. Келешекте тұтыну деңгейі өсіп, сұраныс арта беретіні тағы анық. Энергетика министрлігінің жеті жылдық болжамы бойынша, 2029 жылға қарай 3 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы орын алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бұл экономиканы тежеп, дамуымызға кедергі келтіреді. Қазірден бастап экономиканың энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын ойлап, жаңа генерация көзін табу маңызды. Бізге ЖЭС-ді жаңартып, жаңғырту қажет пе, әлде АЭС салған дұрыс па?
– Соңғы жылдардағы Екібастұз, Рудный, Риддер және Теміртаудағы апат ЖЭС-те қауіпсіздік деңгейі төмендей бастағанын көрсетті. Энергетика министрлігінің мәліметінше, жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і – сары, 7-еуі ғана жасыл аймаққа енеді.
ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрайды. Бүгінде электр энергиясын өндіретін станциялардың 55,5 пайызы 30 жылдан асты. Бұл энергетика саласында күрделі мәселелер бар екенін, әрі энергетикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қиындықтар бар екенін аңғартады. Яғни электр энергиясының негізгі бөлігі ескірді, жаңғыртуға қомақты қаржы қажет. 2015 жылы Париж келісіміне сай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітіп, газдар шығарындысын азайтуы тиіс. Атом электр станциялары сынды тұрақты энергия көздерінсіз ел энергия тапшылығына, генерациялаушы қуаттардың теңгерімсіздігіне және халықаралық экологиялық міндеттемелерді орындау қиын. Енді ескірген станцияларды жаңартқан дұрыс па, әлде жаңа генерация көздерін іздестірген дұрыс па? Бұл сұраққа жауап іздесек, АЭС салуды кешіктіре беруге болмайтынын түсінеміз.
– Мәселені шешуде баламалы энергия көздері көмектесе алмай ма?
– Сөзсіз, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) генерацияның негізгі компонентінің бірі саналады. Елдің өңір-өңірлерінде желден, күннен энергия алу станциялары құрылуда. ЖЭК пайдалануды шектейтін объективті қиындық табиғи көздер жұмысының тұрақсыздығымен байланысты. Жел генераторлары – желсіз, күн панельдері – күнсіз жұмыс істемейді. Баламалы энергия көздерімен жағдайды түбегейлі реттеу қиын, олар тұрақты энергия көзі бола алмайды.
– Ертеңгі қиындықтарды анықтауда бүгінгісін білу маңызды. Қазір энергия тапшылығы қандай деңгейде?
– Шамамен тәулігіне электр энергиясының 6 пайызы сырт елдерден импортталады. Көп бөлігі Ресей Федерациясынан тасымалданады. Шыны керек, қазірдің өзінде энергияға тәуелділік бар. Жыл өткен сайын халық саны көбейіп, бизнес субъектілері мен ірі өндіріс орындары ілгерілеп, электр энергиясына деген сұраныс ұлғаяды. Бұл – барлық елге ортақ мәселе. Өзбекстан мәселені шешуде АЭС салумен байланыстырып отыр. Біріккен Араб Әмірлігі АЭС-ті іске қосты. Египет, Түркия АЭС-тің игілігін көруге ниетті. Бұл елдерде шикізат көзі тапшы, кадр мәселесі де бар. Шикізат тапшылығы бар елдер АЭС-ті басымдық етеді. Озық елдердің де тәжірибесінен осыны көруге болады.
– Энергияның 6 пайызын импорттап отырмыз дедіңіз. Бұл қай өңірлер?
– Қазақстан энергетикалық тұрғыда үш жүйеге бөленеді. Солтүстік, оңтүстік және батыс өңірлері. Солтүстікте энергия көлемі жеткілікті деңгейде, тіпті көп деуге болады. Оңтүстікте керісінше, электр энергиясы тапшы. Түркістан облысына іс-сапармен барғанымызда кәсіпкерлермен арнайы кездестік. Сонда іскер азаматтар кәсібін дамытуда тұрақты, тоқтаусыз энергия керектігін айтты. Ал батыс – елдің электр желісіне қосылмаған өңір. Ондағы тапшылықты (Батыс Қазақстан облысына керекті) Ресейден алып отырмыз.
– Атом генерациясы мен жылу станциясын салыстырғанда артықшылығы мен кемшілігі неде?
– Атом станциясы тұтынатын шикізаты аз, соған сай қалдығы да төмен, бірақ өндірілетін энергия көлемі көп. Бәрінен бұрын, ауаға бөлінетін газдары жоқ деуге болады. ЖЭС-те керісінше. Енді ескірген станциялардан бас тартып, орнына технологиясы озық, экологияға кері әсері төмен жаңа генерация көздерін табу керек. Соның бірі – АЭС. Әзірге басқа энергия көзі жоқ болып тұр.
– Білуімше, өңірлерді аралап, АЭС-тің маңызы туралы талдап, халықпен бірге талқылап жүрсіздер. Әлеумет қандай мәселелерге алаңдап отыр? Осыны тарқатып айтып берсеңіз.
– Сұрақ қоюшылардың 90 пайызы АЭС-тің қауіпсіздігіне алаңдайтынын білдіреді. Біз АЭС салатын сырт елдің инвесторына қоятын негізгі шарт – станция барлық қауіпсіздік талабына жауап беретін озық деңгейлі 3+ буынына сай болуы тиіс. Азаматтар «станция салуға қаралған қаржы басқа бағытқа кетпей ме?» деген сауал жолдады. АЭС-тің салу барысын МАГАТЭ толық қадағалайды. Қаражаттың шығыны үш деңгейлі тексеруден өтеді. Соның бірі – дүниежүзілік банктің қарауында болады.
– Журналист ретінде ел азаматтарымен пікірлесіп, АЭС салуға көзқарасын біліп жүрміз. Оларды кадр мәселесі толғандырады.
– Дұрыс айтасыз! Бұл сұрақты бізге де жиі қояды. Елдегі үш жоғары оқу орнында жыл сайын жүздеген студент диплом алып шығады. АЭС салу барысында 10 мыңға жуық атом саласының маманы керек. Станция іске қосылғаннан бастап 2 мыңға жуық маман тұрақты жұмыс істейді. Әрине, ел аумағында тәжірибелік станцияда және алыс және жақын шет елдерде атом электр станцияларында қызмет етіп жүрген отандастарымыз аз емес. Одан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында мамандар дайындауға уақыт жетеді. Сондықтан кадр мәселесіне қиындықтар болмайды деп ойлаймын.
– Енді АЭС салынатын жер туралы не дейсіз?
– Бұл турасында түрлі талдау, талқылаулар бар. Дегенмен Үлкен ауыл локациялық тұрғыда тиімді жерде орналасқан. Онда 2 мыңға жуық адам тұрады. Негізгі тіршілік көзі – балық аулау, жолдың сервистік қызметі саласында. Елді мекен маңында станция салынса, сондағы ауыл азаматтары тұрақты жұмыс
тауып, әлеуметтік жағдайы дұрысталатыны анық. Яғни инвестицияның баруымен шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне жол ашылады. Үлкен ауылдың тиімді локация дейтініміз, оңтүстік өңірлерде энергия тапшылығы сезілуде. Келешекте шығын деңгейі артпаса, кемімейді.
– Сұхбат барысында ұққанымыз, энергетика – экономикалық дамудың негізгі тетігі екені, онсыз әлемдік өркениеттен қалып кетеміз. Солай ма?
– Дәл солай! Үкімет келешекте 30 шетелдік инвестордың бастамасымен жаңа кәсіпорындарды іске қосу жоспары бар. Трансұлттық компаниялармен бірге озық технология келіп, тұрақты жұмыс орындары ашылып, ел экономикасына оң динамика береді. Бірақ жобаларды іске асыру үшін қосымша 8 ГВт керек. Бүгінгі таңда Қазақстанның электр энергетикасының нақты қуаты 16 ГВт құрайды. Осыдан-ақ, энергияның жаңа көздеріне деген қажеттілікті түсінуге болады.
– Адамдар дұрыс таңдау жасауы үшін не істеу керек?
– Халық дұрыс таңдау жасауы үшін атом электр станциясын салудың артықшылықтары мен қажеттілігін түсіндіре отырып, ашық ақпараттық науқан жүргізу керек. Атом энергетикасы – энергетикалық тәуелсіздік пен электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етуге қабілетті ең таза және тұрақты энергия көздерінің бірі.
Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ