Басты ақпаратМәселе

АЭС салған жөн, ескеретін жай да көп

Астанада АЭС салу туралы қоғамдық талқылау өтті. Маңызды мәселе жөнінде әркім әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Ал кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында атом энергетикасын дамытуға жіті назар аудару қажет екенін атап өтті. Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, Қазақстан сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтаж екенін жеткізе келе, Президент АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетінін жеткізді.

«Қазір әлемде энергия тап­шы­лығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр» деді Президент халыққа Жолдауында.

Қазақстанда АЭС салу туралы бастаманы көтергелі көп уақыт болса да, бұл жоспарға халық та, қоғам да самарқау қарайтын. Алайда Жапон еліндегі жойқын жер сілкінісінен кейін апатқа ұшыраған «Фукусима-1» атом электр станциясы оқиғасынан соң кейбір қоғамдық ұйымдар, экологиялық одақтар мен партиялар, жеке тұлғалар жаппай жарыса үн қатып, жамырай пікір айтып, «Қазақстанға АЭС салуға қажеттілік түсіп отырған жоқ, біз АЭС салуға қарсымыз!» деген ұран көтеріп, елден АЭС салуға қарсы пікір жинап, қоғамдық пікір тудырып, сол арқылы АЭС салуды тоқтатуды мақсат тұтуда. Алайда бүгінгі таңда қазаққа АЭС керек пе, керек емес пе – ол туралы талқылау емес, «АЭС-ті кімдерге салдырамыз? Сапалы да қауіпсіз АЭС-ті кім салып береді? Оған кеткен шығынды еселеп қайтарып ала аламыз ба?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбітсек жөн болар еді.

АЭС-ті үлкен экологиялық апат деп санайтын экологтар алдымен еліміздегі ондаған ескі үлгідегі, апатты жағдайдағы жылу электр станциясы, қара көмірді өртеп, қара түтінді будақтатып, миллиондаған тонна улы газ жане қалдықты ауаға жіберіп жатқан ескі зауыт, кен орнымен күресіп, керісінше, жаңа жүйеге, жаңа технологияға көшуге қол жинағаны дұрыс болар еді. Қазіргі кезде Қазақстанның байлығын тонаумен айналысатын, ғасыр соңында қалған ескі технологиялардан өндіріс жасап, қоршаған ортаның ластануын, халықтың денсаулығын ұмытқан елдегі олигархтармен, шетел алпауыттарымен күресу қажет. Осы жағдайға жол беріп отыр­ған лауазым иелеріне қатаң талаптар қою керек.

Экологияны, халықты қор­ғағысы келген экологтар мен азаматтар жерімізді жалға алып, төбемізден күнде ракетаның зиянды сынықтарын жаудыр­ғандармен және соған жол беріп отырғандарға қатаң талап қою керек. «Утильалым» деп машина бағасын қолдан қымбаттатып, халықтың миллиондаған көлігін жаңалай алмай, ескі көліктер шығаратын улы газдарды тоқ­татуға күш салу керек. Жылына ондаған мың машина өндіретін өндіріс үшін мемлекеттен триллиондаған қаржы бөлінеді, ал ауыл шаруашылығы саласындағылар техникаларын жаңалай алмай, 40-50 жыл болған ескі-құсқымен әуреленіп жүр. Еліміздің экологиясы АЭС салмай-ақ ойрандалып жатқанына бұдан басқа мыңдаған мысал келтіруге болады.

АЭС-тің аты аталса болды, қазақтың басына Семей полигоны туралы ой келері сөзсіз. Алайда өткен дәуірдегі ашық атом сынағы мен бүгінгі таңдағы барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген АЭС салу басқа әңгіме. Елдің жаңа технологияға, қауіпсіздік шараларына сенбеуіне себепші болған «Фукусима-1» АЭС-індегі апатты жағдай – АЭС салудағы технологияның сәтсіздігі емес, адам баласы неше ғасырдан бері бастан кешірмеген, ойламаған жойқын табиғи апаттың кесірінен болған сәтсіздік. Адамзат қоғамының алға қарай дамуы үшін ондай трагедиялар болуы заңдылық. Осы апаттан кейін жапондар сәтсіздіктен сабақ алып, өз технологияларын одан әрі жетілдіріп, бұрынғыдан да қауіпсіз АЭС салатынына сенемін. Ғасырда бір рет көтерілген жаңа бастаманы – АЭС салу жобасын қолдау керек. Осы АЭС арқылы көптеген проблеманың шешімі табылатынын ел болып түсінуіміз қажет. АЭС салуды жобалап отырған Үкімет АЭС арқылы қандай мақсатқа қол жеткізгелі отырғанын, АЭС-ті пайдаланып қандай жаңа жобаларды іске асырғалы отырғанын халыққа ашық айту керек.

Үкіметке АЭС не үшін қажет? Ақтау қаласына АЭС салу сол аймақтағы барлық мұнай-газ өндіру-өңдеу саласын, батыс­тағы қалалардың жылу жүйесін және өндіріс орындарын толық электр жүйесіне көшіруге уәде бере ала ма? Балқашта да АЭС салу Арқа даласындағы зауыт-кен орындарын, металл қорыту салаларын толық электр жүйесіне көшіріп, еліміздегі ірі қалалардың жылу жүйесін және қала аралығында толық электр жүйесіне көшкен жол қатынасын іске қосуға уәде бере ала ма? АЭС салуға аз қаржы кетпейді. Қазіргі кездегі ең озық үлгідегі АЭС-тің ғұмыры 45-60 жылдан әрі аспайды. Осы уақытта оны салуға кеткен қаржыны бірнеше еселеп қайтарып алатындай, АЭС арқылы іске асыратын үлкен жобалар Үкімет тарапынан жасалып отыр ма?

Әр үйде түн мезгілінде бес сағат үйді жарықтандыру үшін, болмаса пешті токқа қосып, шай қайнатып, кір жуу үшін салынып, оған кеткен қаржыны электр энергиясының төлем ақысын қымбаттатып, зейнет­керлер есебінен қайтарып аламыз десе, болмаса «Қазақстан Орта Азияда бірінші болып АЭС салды!» деген арзан дақпырт үшін еш мақсатсыз АЭС салып, соңынан ол сапасыз болып, жеріміз бен еліміз радиацияға уланса, зардап шегетін, әрине, қара қазақ, қарапайым халық болмақ.

АЭС салу – заман талабы, уақыт талабы. АЭС салуға деген талпыныстың арғы жағында еліміздің қауіпсіздік мәселесі де тұруы керек. АЭС салу арқылы еліміздің атом ғылымы саласында мамандар дайындалып, шыңдалады.

Қысқасы, анадан да, мынадан да қорқып, «Қазақта мұнай мен газ тұрғанда атоммен айналысып керегі жоқ! Ауыл шаруашылығын дамытайық, ауылды көтерейік!» деп қазақты қайта-қайта мал баққызып, егін салғызуға айдап салып, бір орында езіліп отыра беруге үгіт-насихат жасамай, нартәуекел етіп, тыңнан жол салынуын және сол жолдың қауіпсіз болуын биліктен талап етіп, елдік көрсетуге күш салғанымыз пайдалы емес пе?! «Шегірткеден қорыққан егін екпес», жарты ғасыр атом бомбасының сынағына айналған қазақ даласында ел игілігі үшін атом электр станциясы салынып, ол өндірісті өрге сүйреп, қазақ баласына қызмет етсе – одан артық не бар?! Өлімнен қорықпағандар ғана өмір сүретін ғасырда мықты жүрек пен батыл іс керек бізге.

Серік МҰРАТХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button