АЭС салу туралы әлеуметтік сауалнама нәтижесі шықты
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2024 жылғы 7-18 тамыз аралығында телефон арқылы сауалнама жүргізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іріктемелі жиынтық көлемі 1200 респондентті құрады. Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.
Жалпы, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (53,1%) АЭС салу идеясын қолдайды. АЭС салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артады, соның ішінде 2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шішіледі деп сенеді.
АЭС салу идеясының қарсыластары (32,5%) негізінен ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық танытады.
Сонымен қатар әрбір оныншы респондент (14,4%) өз таңдауын әлі жасаған жоқ.
Сондай-ақ, респонденттердің жартысы (51,0%) өздерін АЭС құрылысына қатысты референдумда «қолдау» немесе «қарсы» деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім деңгейіне ие деп санайды. Респонденттердің тағы 12,2%-ы толық емес ақпаратқа ие екенін мойындайды. Сауалнамаға қатысқандардың 31,6%-ы мүлдем ешқандай ақпаратқа ие емес, ал 5,2%-ына жауап беру қиынға соқты.
Сауалнама барысында респонденттердің 42,6%-ы АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысуға толыққанды ниет білдірді. Тағы 16,4%-ы қатысу мүмкіндігін айтты. Респонденттердің 25,3%-ы референдумға қатыспауды жоспарлайды, 8,9%-ы шамасы қатыспайды, ал 6,8%-ы жауап беруге қиналды.