Басты ақпаратЕлорда тынысы

АЭС-ті бүгін емес, кеше салуымыз керек еді

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт атомды қолданып, электр энергиясын өндіру мүмкіндігін зерттеуді тапсырған-ды. 2024 жылы Президент өз Жолдауында АЭС салудың маңызына тоқталып, халықтық референдумның күнін белгіледі. Қазір қоғам атом энергетикасының пайдасы мен зиянын жан-жақты талқылауда. Ұранды сөздер де аз емес. Біз Ядролық физика институты Астана филиалы директорының орынбасары, ядролық физика бо­йынша PhD докторы Дарын БӨРГЕКОВПЕН хабарласып, маманның пікірін білдік.

– Сарапшылардың сөзіне сенсек, АЭС – келешектің перспективалы жобасы. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз деген сөздерге сендіріп, дәлел-­дәйегін келтіреді. Маман ретінде айтыңызшы, атом энергиясы бізге қаншалықты қажет?

– Өз ойым, АЭС-ті қазір салмай, кеше салуымыз керек еді. Сонда қоғамда атом станциясы керек пе, керек емес пе деген сауалдар болмайтын еді. Өйткені дәл қазір электр энергиясына деген тапшылықты сезінудеміз.

Жалпы қандай энергия көздері бар? Жел, су, күн, жылу энергетикасын жақсы білеміз. Аталған энергия көздерін белгілі бір деңгейде тұтынамыз. Тұрақты жел болмаса, үздіксіз күн түспесе, энергия болмайды. Біздегі ірі өзендердің жағдайы белгілі, трансшекаралық су көздеріне жатады. Ендеше ЖЭС-тен өзгесі тұрақты энергия көзі бола алмайды. ЖЭС-ті жаңарту, жаңғырту арқылы электр энергиясын алуға болушы еді. Бірақ Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына қосылды. Алдымызда көміртектің ауаға шығуын кезең-кезеңімен азайту міндеті тұр. Сондықтан жасыл энергияға жататын атом энергетикасын ілгерілету ұтымды.

Сөзсіз, ғылымның дамуымен қатар қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Ал атом электр станциясы отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, көп мөлшерде энергия өндіру үшін тиімді.

– Сіз атом энергетикасын жақтап отырсыз. Өйткені ғалым ретінде атомның артықшылығына көзіңіз жетеді. Тұрақты энергияның бұл түрінің ұтымдылығын қалай дәлелдейсіз?

АҚШ-та 94 ­реактор бар, Франция мен Қытайда 56 ­реактор жұмыс істейді. Ресейде – 24, Жапонияда 12 АЭС қолданыста

– Өңір-өңірлерде қосалқы электр энергия көздерін дамыту маңызды. Яғни оңтүстік өңірлерде күн станцияларын жетілдіруге, елдің кейбір өңірінде желдің бағыттарына қарай жел станцияларын орнатуға болады. Мұның екінші жағы бар. Күнді ала­йықшы, 24 сағат шығып тұрмайды ғой, жел де апталап, айлап соқпайды. 7-8 сағатта күн батареясынан немесе 2-3 күнге созылған жел жылдамдығынан генератор іске қосылып, аккумуляторға энергияны жинап алдық дейік. Енді өндірілген мегаватты (МВт) ұстау үшін қаншама аккумулятор әрі соншалықты жер аумағы керек. Бұған біз қаншалықты дайынбыз? Күздегі және қыс­тағы табиғи факторлардың әсерін де ескеру керек. Бастысы, күн және жел агрегаттарының жұмыс істеу мерзімі – 15 жыл. Оларды қайта өңдеу өте қиын. Жел мен күн тұрақсыз энергия көзі саналады. Ал АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі – 60 жыл. Белгілі бір агрегаттарын жөндеп, 100 жылға дейін созуға мүмкіндік бар.

– Енді ЖЭС пен АЭС-ті салыс­тырып көрейікші. Мамандардың сөзінше, екеуінің де жұмыс істеу процесі ұқсас. Тек судың буға айналғанға дейінгі механизмінде айырмашылық бар. Сонда ЖЭС-ті неге тиімсіз санап отырсыз?

– Екеуінің электр энергиясын өндіру тәсілі ұқсас. ЖЭС дәстүрлі энергия көзі ретінде өз қызметін толық атқаруда. Әлі алдағы 20-30 жылға дейін атқарады. Бұларды экология тұрғысынан салыстырғанда, артықшылығы мен кемшілігі белгілі болады.

ЖЭС-тің шикізаты не? Әрине, көмір. Көмір – ел энергетикасының негізгі қоры. Қарағанды бассейнінің көмірі – көбінесе кокстелетін көмір. Жер астынан шахта тәсілімен алынады. Ал Екібастұздағы көмір карьерлері жерді қазу арқылы пайда болды. Көмір өндірілген кезде метан шығарындысы пайда болуы мүмкін, бұл атмосфераны ластайды. Күл бөлшектері мен улы қосылыс, қатты және газ тәрізді заттар ауаға түседі. Күл желмен ұшып, одан да радиация бөлінеді. Бұл тұрғыдан алғанда, АЭС-ті «жасыл энергияға» қосуға болады.

– Атом энергетикасын «жасыл энергияға» қостыңыз. Бұл қисынға келе ме?

– ЖЭС-ке қарағанда АЭС-тің экологияға зияны төмен. Қазіргі атом энергетика станциялары үшінші буынға жатады. Тіпті ауаға кері әсері жоқ деп есептеуге болады. Екінші жағынан, атом станциясының өнімі – уран толығымен жанбайды. Оны алып, заманауи технология арқылы қайта өңдеп, қайтып отын ретінде қолданады. Яғни атом станциясының шикізатын қолданып болғаннан кейін далаға лақтырып тастайтын қалдық емес, толық циклда пайдаланатын зат.

– Бізге қызықтысы – атом энергетика саласында әлемнің озық елдерінің тәжірибесі. Біз қай елді үлгі ете аламыз?

– АҚШ-та 94 реактор бар, Франция мен Қытайда 56 реактор жұмыс істейді. Ресейде – 24, Жапонияда 12 АЭС қолданыста.

Әлемдегі ең ауқымды АЭС Жапонияда. Касивадзаки-Карива АЭС-і – BWR класындағы 5 бірегей реактор мен ABWR класындағы 2 реакторды қамтитын заманауи атом электр станциясы. Нысан қуатының шегі – 7965 МВт. Оңтүстік Кореядағы Ханул АЭС-і, Канадағы Брюс АЭС-і, Франциядағы Палюэль АЭС-і энергия қуаты жөнінен әлемде алдыңғы орында тұр.

Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытай өзінің ұсынысын білдіріп, АЭС-ті бірлесе салуға ықылас танытып отыр. Бұл елдер ең қауіпсіз реакторларды ұсынып отыр (су-су: екі контурлы энергетика реакторы). Мұндай атом станцияларында ешқашан апат болған емес.

– ХХ ғасырда атом электр станцияларында апат орын алғанын білеміз. Мұндай жағдайлар қайтіп қайталанбай ма?

– Қауіпсіздік тұрғысынан алсақ, ең бірінші АЭС-тен Франция ұтылатын еді. Өйткені бұл ел өзінің ішкі нарығының 90 пайызын АЭС-тен ала­ды. Бірақ Францияда апат орын алған емес. Қазір АЭС-тің үшінші буыны қолданыста. Бұлар қауіпсіздік тұрғы­сынан барлық талапқа жауап береді.

ХХ ғасырдың 70-жылдары АЭС көптеп салына бастады. Чернобыль және Фукусимадағы апатты білеміз. Бұл екеуі де АЭС-тің бірінші буыны – бір контурлы реакторлар. Чернобыльде адами фактор себебімен орын алды. Одан кейін буындар пайда болып, қауіпсіздік шаралары күшейді. Қазіргі реакторлар автоматтандырылған. Сейсмикалық тұрғыда 8-9 балға дейін шыдайды.

МАГАТЭ жыл бойы АЭС салынған елдерді 4-5 рет ескертіп те, ескертпей де тексеріп тұрады. Бұл АЭС салушы елдердің жауапкершілігін арттырады.

– Атом энергиясының қауіпсіз­дігі жоғары дейсіз ғой?

– Апатты болдырмау үшін арнайы конструкциялар әзірленді. Егер су-сулы реакторына қатысты айтсақ, ол – әлемдегі ең қауіпсіз санаттағы құрылғы. 3+ буынды реакторы алдыңғы қатарлы пассивті салқындату жүйесімен жабдықталды. Бұл электр қуаты өшкен жағдайда да бірқалыпты температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде апат қаупін сейілтіп, құрылғының қалыпты жұмыс істеуіне кепілдік береді. Бұдан бөлек, реакторлар заманауи басқару және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Соның арқасында құрылғы бақыланады және дұрыс жұмыс істейді. Тұтастай алғанда, 3+ буынды реакторлары сенімді әрі экологиялық таза энергия көзімен қамтамасыз етуге қауқарлы энергетика көзі саналады.

– Қоғамды қызықтыратын тағы бір сұрақ, отандық атом энергетика саласының ғалымдары мен инженерлері жеткілікті ме?

– Алматы қаласынан 20 шақырым жерде Алатау ықшам ауданында Ядролық физика институты бар. 1957 жылы сол кездегі Ұлттық ғылым академиясының басшысы Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен ашылған ғылыми институт атом физикасы саласына маманданып, 67 жылдан бері үздіксіз осы сала ғалымдарының тәжірибесін шыңдап келеді. 1967 жылы институт жанынан су-су: екі контурлы реакторы іске қосылды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) мен біздің Ядролық физика институтының жұмысы біріздендірілген. 57 жылдан бері атом реакторында қаншама маман жұмыс істеді. Одан бөлек, алыс-жақын шет елдердің АЭС құрылысына атсалысып жатқан отандастарымыз аз емес.

Институт құрамында радиациялық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік және бүлдірілмейтін бақылау әдістері оқу орталығы жұмыс жүргізеді. Бұл оқу орталықтары – МАГАТЭ-нің Қазақстандағы орталығы.

– АЭС-тің шикізаты туралы не айтуға болады?

– Бұл жағынан ешқандай проблема жоқ. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемге қажетті уранның 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

– Сіздің пікір-пайымыңыз­дан бізге АЭС салу керек дегенді ұғамыз. Солай ма?

– Біріншіден, «Қазатомөнеркәсіп» уранның дайын өнімін өңдейді. Екіншіден, Үлбіде ядролық отын жиналып, шығарылады. Үшіншіден, жарты ғасырдан астам уақыт атом реакторлары жұмыс істеп тұр. Төртіншіден, атом саласының ғалымдары бар. Тек бізде бесіншісі жоқ. Ол – АЭС. Қалғанының бәрі бар.

Біріккен Араб Әмірліктерінің мысалын алайық. Арабтар құмның үстінде АЭС салды. Сонда елден атом саласы бойынша маман іздеп, тек бір адамды табады әрі оны жобаны үйлестіруге жауапты етіп тағайындайды. Әмірліктермен салыстырғанда біздің төрт құбыламыз түгел.

Сұхбаттасқан Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button