Басты ақпаратСараптама

АЭС-ті кім және қалай салады?

Қазақстанда АЭС салу мәселесі тәуелсіздік алғалы бері күн тәртібінде арагідік қаралып келе жатса да, биыл қоғамда қызу талқылана бастады. Жуыр да Мемлекет басшысы жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтетінін айтып, арнайы Жарлыққа қол қойды. Осы орайда атом энергетикасы қарқынды дамыған әрі елімізге АЭС салуға ұсыныс берген елдердің тәжірибесін сараптап көрдік.

Қауіпсіз қуат көзі      

Бүгінгі таңда атом энергиясы әлемдегі электр энергиясының шамамен 10%-ын қамтамасыз етеді. Атом энергетикасының қуаты едәуір үлкен елдеріне – АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (56 реактор), Ресей (36 реактор), Үндістан (20 реактор), Оңтүстік Корея (26 реактор), Жапония (12 реактор) жатады. Бір мемлекет үшін бұл энергетикалық қауіпсіздік, енді бір ел үшін экологияны жақсарту жолы, тағы бір мемлекет оны экономикалық мақсатта қолданады. Мұндағы ең басты мақсат  – энергетикалық тәуелділікті жою және қауіпсіз қуат көзін өндіру. Қай елде болмасын энергетика дамымаса, экономикада да ілгерілеу болмайды. Бір күн емес бір сағатқа қуат көзі өшсе, жағдайдың қалай болатыны белгілі.

Әлем ғалымдарының «алда энергия жетіспеушілігі болады» деп дабыл қаққанына біраз болды. Сондықтан көптеген елдер атом энергетикасын қарқынды дамытуға көңіл бөлуде. 2050 жылға қарай барлық әлем елдерінің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін яғни 2 есеге өседі деген болжам бар. Бұл – халықаралық агенттіктің ұсынған мәліметі. Осы ретте атом электр стансасы бірнеше мыңдаған жылдар бойына энергия тапшылығынан құтқарады.

– АЭС – базалық генерация­ның экологиялық ең таза түрі. Атом электр стансасынан экология еш зардап шекпейді, ол көміртексіз энергияның негізгі құрамдас бөлігі саналады. Керісінше, бұл электр орталығы парниктік газдың әсерін азайтуға көмектеседі. Айталық, 1000 МВт болатын атом электр станциясын жыл сайын пайдаланса да, парниктік газдар шығыны 8 миллион тоннаға азайып отырады. Атом электр стансалары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады, бұл көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оның үстіне ол сарқылмас қуат көзі, – дейді «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков.

АЭС – базалық генерацияның экологиялық ең таза түрі. Атом электр стансасынан экология еш зардап шекпейді, ол көміртексіз энергияның негізгі құрамдас бөлігі саналады. Сенімді және экология­лық таза қуат көзі ретінде жер бетіндегі 31 елде 415 атом электр стансасы жұмыс істеп тұрса, жаңадан тағы 59 АЭС салынып жатыр. Елімізде атом энергетикасына деген қажеттілік жылдан жылға артып келеді

Спикердің айтуынша, БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясының ұйғарымымен, тек осы атом энергетикасы ғана парниктік газды ең аз бөлетін энергия түрі деп бекітілген. Ал одан өзге энергия түрлері, мәселен: көмір – 820 грамм/кВт/сағ (СО2 баламасы), табиғи газ – 490 грамм, су электр станциялары – 24 грамм, СЭС (күн концентраторы) – 48 грамм, атом 12 грамм бөледі. Атом энергиясы – қазіргі жаһандық жылынумен күресу құралдарының негізі. Мысалы, Еуропадағы атом электр стансалары жыл сайын 700 миллион тонна СО2 шығарындыларын болдырмайды. АЭС-тің қоршаған орта мен адам денсаулығына кесірі әсері жоқ. Атом электр стансасын салудағы басты негізгі басымдық пен принциптің бірі – оның қоршаған ортаға зиянды әсерінің болмауы.

Дүниежүзілік тәжірибеге сәйкес, атом электр станциясының жұмыс істеу кезеңінде орта есеппен 2000-ға жуық жоғары және орта арнаулы білімі бар персонал қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданады, оның негізінде қажетті мамандар санын дайындау ұйымдастырылады. Бұл ретте атом электр стансаларының өнеркәсіптік өндірістік персоналының шамамен 20%-ын ядролық білімі бар зауыт қызметкерлері құрайды.

Төрт елдің қайсысын таңдайды?

Әлемде АЭС-тің көбі, әрине, дамыған елдерде салынған. Көш басында АҚШ, Франция, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея тұрса, АЭС салуды енді қолға алып жатқан елдер қатарында Түркия, БАӘ-ін атап өтуге болады.

– Көршілес Өзбекстанда да осы мәселе көтеріліп жатыр. Алайда олар АЭС-ті біздің ел сияқты референдум арқылы емес, Үкімет шешімімен салуды көздейді. Мұның бәрі қазіргі таңда АЭС-тің жаңа дәуірі басталғанын көрсетеді. Жалпы бұл құрылыстың сол өңірге тигізер мультипликативті әсері мол, – дейді А.Сиябеков.

Қазақстан АЭС салуда 4 елдің технологиясын қарастырып отыр. Біреуі – Ресейдің «Росатом» корпорациясы болса, екіншісі – Қытайдың China National Nuclear Corporation, үшіншісі – Француздың Électricité de France, төртіншісі – Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power кәсіпорындары. Америка мен Жапониядан түскен техникалық ұсыныстар кіші модульді реакторлар салумен байланысты. Алайда болашақта, яғни 2035 жылға қарай елімізде энергия тапшылығы қатты сезілетіні болжанып отырғандықтан, бірден үлкен реакторлы станса салу жөн саналуда. Спикердің айтуынша, қай елдің реакторын таңдасақ та, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесіне басты назар аударылады. Ұсыныстар бойынша тәжірибеде қолданылып тұрған реакторларға басымдық беріледі.

– Қай елдің реакторын таң­дайтынымыз да, қай жерге салынатыны да елімізде референдум өтіп, оны халық қолдаған соң ғана белгілі болады. Біз әзірге инженерлік ізденіс үстіндеміз. Ал көп жерде сұралатын АЭС-тың техникалық экономикалық құжаттама жұмыстары тек нақты бір елдің реакторын таңдағаннан кейін барып белгілі болады, қоршаған ортаға айқын әсерін де біз ашық дерек көздері арқылы сол кезде таратамыз, – дейді жетекші инженер.

Кәрістер қалай салады?   

Оңтүстік Кореяның атом энергетикасының тарихы 1970 жылдардан бастау алады. Алғашқы бейбіт атом технологиясын Кореяны 50-жылдардан бастап қолдайтын америкалықтар әкелген. Уақыт өте келе кәріс­тердің өздері АЭС салуды толық меңгеріп, енді олар өздерінің технологиясын шетелдерге экспорттауда. Қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда 26 реактор жұмыс істейді. Олар елдегі барлық электр энергиясының 30 пайызын өндіреді. Сонымен қатар Оңтүстік Корея БАӘ-де алғашқы атом электр стансасын салды және сол жақта жоспарланған төрт энергоблоктың үшеуін іске қосты. Ол толық іске қосылғанда Барак АЭС БАӘ-нің барлық энергиясының 25 пайызын өндіретін болады.  Корея компанияларының өкілдері бұл бюджет көлемін арттырмай-ақ өз уақытында аяқталған аз жобалардың бірі екенін мақтанышпен айтады. Қазақстанда АЭС салу барысында егер бұл іспен кәрістер айналысар болса олар түрлі мамандықтардан компанияларды біріктіретін халықаралық консорциум құрады. Сонда АЭС-ті басқарушы компания KHNP болады. Бұл ретте реакторды әзірлеумен Doosan айналысады, ал АЭС-тің өзін Hyundai Engineering and Construction салады. KHNP – Оңтүстік Кореяның ірі компаниясы, ол 21 ядролық реакторы бар 27 гидроэлектрстанцияны пайдаланады. БАӘ-ден басқа АЭС салу туралы келісімге Польша, Румыния, Словакия және Чехия да қол қойды. Қазақстандағы құрылыс үшін америкалық технологиямен APR-1400 екі контурлы ядролық реактор салу ұсынылуда. Біріккен Араб Әмірлігіндегі 4 реакторлы АЭС құны 25 млрд долларға бағаланды. Осылайша әрбір реактордың құны шамамен 5-6 млрд долларды құрады. Сонымен қатар кәрістер қазақстандық мамандарды атом энергетикасына үйретуге уәде беруде. KHNP бас менеджері Че Оп Кимнің айтуынша, олар әлем елдерінде салған 26 ядролық реактор жұмыс істеп тұр, тағы бірнешеуінің құрылысы әлі жүріп жатыр.

Ресей не ұсынады?

Түркияның Мерсин облысындағы «Аккую» станциясы – Build-Own-Operate үлгісімен «Росатом» салып жатқан алғашқы атом жобасы. Нысанның бірінші реакторы келесі жылы іске қосылуы тиіс. Стансада Ресейде оқытылған жергілікті мамандар жұмыс істейтін болады. Ұзақмерзімді келісімшарт бойынша осы істе арнайы құрылған «Аккую Нуклеар» компаниясы жобалау, құрылыс жүргізу, қыз­мет көрсету, пайдалану және станцияны тоқтату бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Қуаттылығы – 4800 МВт, 3+ буыны бойынша ВВЭР-1200 реакторы бар 4 энергоблокты салуға 400-ден астам компания қатысуда. Мерсинде 2018 жылы Ресей АЭС салуды бастағанда 2 мың ғана адам болса, қазір оның тұрғындары 30 мыңға жетті.  АЭС-ті іске қосу Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің 10 пайызын жабады. Түркия – энергияны ең көп тұтынатын елдер қатарында. Жылына 60-70 млрд доллардың энергиясын пайдаланады. Алайда оның басым бөлігін шетелден экспорттайды. Сондықтан АЭС салу арқылы елдің шетелдік энергияға тәуелділігін азайтпақ. Мамандар мұны таза әрі арзан энергия алудың ең тиімді жолы екенін айтады. Ресейліктер 2023 жылдың күзінде Түркиядағы станса құрылысының құны $23-24 млрд құрағанын айтса, биыл маусымда $24-25 млрд деп, басқа соманы көрсетті. Ресей қазір әлемнің 7 елінде 22 блок құрылысын жүргізуде. Жалпы соңғы 18 жылда 18 блокты іске қосқан Ресей Қазақстанға реактордың бірнеше түрін ұсынып отыр, соның ішінде кіші қуатты түрлері де бар, сонымен қатар қаржылық мәселеде де, оңтайлы отын әзірлеуде де қолдау білдіруге дайын.

Қытай уәдесі қандай?   

Аспан асты елінің ұсынатын нұсқасы бойынша Қазақстанда 2,4 ГВт қуаты бар екі блокты АЭС салу құны 5,6 доллар тұрады. Стансаны қытайлықтар 5 жылда салады. Бұл туралы CNNC бас өкілінің орынбасары Ли Юдонг мәлімдеген. Ал еліміздің энергетика министрлігі бастапқыда осынша қуаттағы АЭС салу құны 10 млрд доллар, салу уақыты 10 жыл деп есептеген, алайда кейінірек сарапшылардың пікірінен соң оның құнын біртіндеп 15 млрд АҚШ долларына көтерді. Осы есеппен алғанда, Қытай екі есе арзан және екі есе аз мерзімде салатындығымен тиімді. Қытай компаниясының өкілі референдум оң нәтиже берсе және Қазақстан оларды таңдар болса, стансаны өз уақытында салуға бар күшін салатындығын жеткізді. Қытайда жалпы қуаты 58,78 ГВт энергия өндіретін 57 блок жұмыс істейді. Тағы 52 блоктың құрылысы жүруде. Осылайша соның бәрі іске қосылғанда Қытайда жалпы қуаты 110 ГВт болатын 100 ядролық реактор жұмыс істемек.

Франция нұсқасы қалай?       

Францияның EDF вице-президенті Лоран Фабра әлем бойынша жұмыс істеп тұрған 400-ден астам реактордың 100-ден астамын Франция компаниялары салғанын жеткізді. Бұл – әлемдегі реакторлардың төрттен бірін салуда француздардың қолтаңбасы бар деген сөз. Қазір олар Ұлыбританияда екі блокты АЭС салуда, бұған дейін жалпы сметасы 26 млрд фунт стерлинг, яғни шамамен 33 млрд АҚШ доллары тұратын станса құрылысын 2027 жылы аяқтау көзделген. Енді оның құрылысы 2030 жылы аяқталып, жалпы құны 39-43 млрд доллар болатыны айтылды. Францияның атом электр стансалары елдегі энергияның 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл СО2 шығарындыларының төмен болуына да септік етеді. Одан бөлек, Франция өндіретін электр энергиясының артылғанын экспорттайтын ел. Дегенмен айтылған 4 нұсқаның ішінде ең қымбат түсетіні француздық компаниялар болып отыр.

АҚШ тізімде неге жоқ?   

Қазақстанда АЭС салуға үміткер елдердің нақты тізіміндегі 4 ел қатарында АҚШ болмағанымен, ол да басында қарастырылған. Әлемде атом электр стансасы ең көп ел ретінде Америка құрама штаттарының әлеуеті жоғары бағаланады.

– АҚШ-тың кету себебі олар қазір шағын модульді реактоларға бет бұрған. Олар қуаттылықтан шығып қалды. Шағын модульді реакторлар қазір еш жерде іске қосылмаған. Сондықтан оны қазір емес, біз болашақта қарастырамыз. Биыл жыл соңына дейін АҚШ энергетика министрлігінің қолдауымен ядролық физика институты аясында шағын модульді реактордың стимуляторы орналастырылады, – дейді Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин. Америкадағы электр энергиясының 20 пайызын өндіретін бұл елдің АЭС-терінің қуаттылығы – 95,5 ГВт. Қолданыстағы атом стансаларының бәрі дерлік 1967-1990 жылдары аралығында салынған.

P.S: Қазақстан 2,4 ГВт қуатты­лығы бар алғашқы АЭС-ті 2035 жылы іске қосуды көздеп отыр. Қазіргі таңда еліміздегі электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі көмір стансаларының еншісіне кеп тұр, олар жалпы энергия өндірісінің 66 пайызын қамтамасыз етуде. Ал 148 нысандағы жаңғыртылған энергия көздерінің үлесі небәрі 6%. Осылайша түрлі елдердің тәжірибесі көрсеткендей, атом энергетикасы ел экономикасының маңызды факторы болып, әрі энергия теңгерімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауаға тасталатын зиянды қалдықтарды азайтудың тиімді құралы саналады. Озық технологиялар және қатаң экологиялық қауіпсіздік нормалары есебімен атом энергиясын дамыту Қазақстанның тұрақты дамуға қол жеткізуіне ықпал етеді.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button