Басты ақпаратҚоғам

АЭС– тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі

Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр ЖАНСЕЙІТОВПЕН атом энергетикасының артықшылығы және әлем елдерінің тәжірибесі туралы сөйлестік.

– Данияр Маралұлы, АЭС бізге не береді? Оның ­перспективасы туралы тү­сіндіріп берсеңіз.

– Ең алдымен елімізде жаңа технологиялық бағыт пайда болады. Әлемдегі 32 елде АЭС бар. Бірақ барлығында атом станциясы 3 немесе 3+ буынына жатпайды, тек 10-12-сі ғана жоғары технологиялы станциялармен жабдықталды. Яғни атом саласындағы жетекші мемлекеттер оншақты деуге болады.

АЭС бізге не береді деген сұраққа келейік. Біріншіден, экономикалық тұрғыда тиімді. Елдің инвестициялық тартымдылығы артады. Шетелдің ірі-ірі компаниялары АЭС-ті сенімді энергия көзі ретінде бағалайды, заманауи технологияны қолданатын ел ретінде мойындайды. Екіншіден, экологиялық тұрғыдан тиімді. Өйткені ауаға газдар бөлінбейді. Үшіншіден, қауіпсіздігі жағынан кепілдік беріледі.

Атом станциясы орта есеппен 10-12 жылда салынып, оның бюджеті 12-15 миллиард долларды құрауы мүмкін. Сарапшылардың арасында қоғамда қаржы жұмсағанша, шағын станциялар салғанымыз дұрыс дейтіндер бар. АЭС-ті салсақ 60 жыл тұрақты энергия көзі болады, жөндеу жұмысын жүргізіп, тағы 20 жылға созу мүмкіндігі бар.

Әлем елдерінде 60 реактор жұмыс істеп тұр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, станция жұмыс істеп тұрған кезде 3 миллиард доллар салық ретінде ел бюджетіне қаржы түседі. Екінші жағынан, станцияны салу барысында 8 мың адам тұрақты жұмысқа тартылады. Іске қосылғаннан кейін 2 мың адам озық технологиялы станцияда жұмыс істейді. 60-80 жыл АЭС-те 2 мың отандық маман тұрақты жұмыспен қамтылады. Бастысы, АЭС – тұрақты әрі үздіксіз энергия көзі. Әзірге атом энергетикасының орнын басатын өзге станциялар жоқ.

– АЭС-те қауіпсіздік жа­ғынан кепілдік беріледі деп отырсыз. Осыны қарапа­йым адамдарға түсіндіріп берсеңіз.

– Халық «АЭС салына ма, біз ешқандай жерді пайдалан­бауымыз керек, ол жерде адам тұрмауы керек, ол жерде ауыл шаруашылығымен  айналыспау керек» деп ойлауы мүмкін. Олай емес, қазіргі санитарлық қорғау аймағы 3 шақырымнан аспайды.

Атом станциясының отыны – уран. Өзге станциялардан айырмашылығы – осы. Уранның түрлері көп. АЭС-ке 4-6 пайыз байытылған uranium-235 қолданылады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік статистикасы бойынша активті аймақта (реактордың отын тұратын жері) апат болу ықтималдылығы (балқып кетуі) мүлде мүмкін емес. «Реактор жарылады» дейтін адамдар бар. Бұл – қате тұжырым. Реактор жарылмайды. Өйткені жарылу үшін uranium-235 90 пайыз уранмен байытылуы керек. Ал реакторда 4-6 пайыз ғана уран болады.

Енді реактордың құрылымына келейік. Реактордың корпусы жоғары сұрыпты 200 миллиметр болаттан құйылады. Автоматтандырылған жүйе арқылы реактор қызған кезде суып тұрады. Активті және пассивті өзара қайталанатын қауіпсіздік жүйелері бар. Мәселен, адами фактордан қателік кеткен жағдайда, пассивті жүйе іске қосылып, дер кезінде кемшіліктің алдын алады. Одан бөлек, 3+ буынды станциялардағы активті аймақ шамамен 12-20 метр болады. Оның сыртында қорғау қабаты орналасады. Оны 1 метр бетон жауып тұрады. Бұл аймақ табиғи және антропогендік қауіптерден сақтайды. Реактор шахтасының төменгі бөлігінде ауыр авариялар кезінде активті аймақтың балқуын оқшаулау үшін «балқыма тұзағы» салынады. Жердің астындағы диаметрі – 12-20 метр. 1000 жылда бір оқиға орын алып, реактор балқып, радиация бөлінсе, активті аймақ төмендегі «балқыма тұзағына» түсіп, автоматты түрде оның төбесі жабылады.

Атом электр станциялары салыстырмалы түрде аз отынмен жұмыс істей алады. Салмағы небәрі 3 грамм болатын уранның өзі бір тонна көмір немесе 480 литр мұнай сияқты көп энергия береді. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттырары сөзсіз.

– Тұрақты энергия көзін алу­­ға ұмтылып жатқан елдер АЭС-ке басымдық беруде. Мұның себебі неде? Озық елдердің АЭС-ке көзқарасы қандай?

– Қазір әлем бойынша 415 реактор жұмыс істейді. Яғни 200-ден астам АЭС энергия беріп тұр. Озық елдердің арасында Германия, Швеция атомдық бағдарламасына сақтықпен қарап жатыр дейтіндер бар. Бұған бұл елдердің ішкі себебі бар. Біріншіден, Германиядағы болсын, Швециядағы болсын атом станциялары алғашқы буынға жатады. Сосын толық жауып тастаған жоқ, экономикасына қажетті энергияның 50 пайызына дейін ескі АЭС-тен алып отыр. Қалған бөлігін көрші елдерден тасымалдайды. Мәселен, Германия Франция­дан, Швеция Финляндиядан электр энергиясын импорттайды. Еуропа мемлекеттері арасында экономикалық интеграция жоғары. Франция тұтынатын энергияның 70 пайызын АЭС-тен алады және артығын көрші елдерге сатады. Ресми Париж үшін энергия көзге көрінбейтін мұнай болып тұр. Біріккен Араб Әмірлігі АЭС-тен энергия алуға көшті. Өзбекстан атом энергетикасын дамытуға ниетті. Арабтарда мұнай, өзбектерде газдың мол қоры бар. Солай бола тұра, бұл елдер атом бағдарламасын ілгерілетуді басымдық етті. Өзбекстан уран отынын бізден не Австралиядан алады. Мұның басты себебі – жаһандық жылынудың алдын алу. Дизель, газ, көмір станцияларынан көмірқышқыл газы шығады. Париж келісімшартына байланысты әлем елдері 2060 жылға дейін ауаға бөлінетін газдың көлемін азайтуы тиіс.

– Атом бағдарламасын дамытып жатқан тағы қандай елдер бар?

– 2007 жылдан бері Түркия­да АЭС салынуда. Жақында екі реактор іске қосылуы тиіс. Сондай-ақ Мысыр, Сауд Арабиясы, Бангладеш, Таиланд және Мексика атом саласын дамытуда. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт дейін, яғни 2 есеге өседі. Қазір Қытайда – 26, Үндістанда – 7, Ресейде – 4, Оңтүстік Корея, Жапония және Ұлыбритания­да – 2, Франция, Бразилия, Аргентина, Иран, Словакияда 1 реактор салынып жатыр.

– Қазақстанда АЭС салудың өз артықшылығы бар ма?

– Біріншіден, көптеген ел атом энергиясы бағдарламаларын іске қосу мәселесін бірінші рет қарастыруда. Ал Қазақстанның ядролық технология бойынша тарихы бай, дайын кадрлары жеткілікті. Жыл сайын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жүздеген энергетик маманды, ядролық физика саласында ғалымдарды дайындайды. Біздің ядролық физика институты тәжірибе алаңына айналды. АЭС-тің жұмысына қажетті уран қоры да мол. Уран отынын сақтайтын арнайы базалар жұмыс істейді. Қысқасы, АЭС-ке қажетті барлық мүмкіндік бізде бар.

– Ядролық физика институтының жұмысына тоқтала кетсеңіз.

– Институттың құрылғанына 57 жыл болды. Оның құрамына 22 ғылыми-зерттеу зертханасы, заманауи талдамалық және эксперименттік жабдықтары бар 3 ғылыми-техникалық орталық кіреді. Сондай-ақ 2 оқу орталығы жұмыс істейді. ВВР-К зерттеу реакторы мен 9 ядролық, радиациялық, электрофизикалық қондырғысы бар. Біздің зерттеу реакторы электр өндіретін реактордың жұмыс істеу принципімен 99 пайыз бірдей. Сонда ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізіледі. Қазір Жапонияның ғалымдарымен бірге 4 буынды реакторларды іске қосу мүмкіндігін зерттеп жатырмыз.

 Сұхбаттасқан

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button