Қоғам

Әскер – елдің қорғаны

Елордада күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын 20 мың азамат толықтырады. Жас сарбаздардың 1200-ге жуығы Астанадан шақырылады. Кеше «Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат» акциясы аясында бір топ астаналық жас әскерге аттанды.

Кеше Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ағалар ерлігі – ұрпаққа ұлағат» акциясы – 2024 жылы күзде әскер қатарына шақырылған жастарды шығарып салу салтанатты рәсімі өтті.

Жастардың әскери-патриоттық сезімін асқақтатып, әскери қызметтің беделін одан әрі көтеру мақсатында өткен бұл іс-шараға ҚР Қорғаныс министрінің өкілдері, ҚР ҚК ардагерлері, генералдар мен офицерлер, қала мектептерінің оқушылары және «Жас сарбаз» жасөспірімдер мен балалар ӘПК тәрбиеленушілері, курсанттар мен мерзімді әскери қызметшілер, әскери кафедра студенттері қатысты.

Салтанатты жиналыста 2024 жылғы көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысқан мерзімді әскери қызметшілерге ҚР Қорғаныс министрінің бағалы сыйлығы беріліп, мерзімді әскери міндетін үздік атқарған сарбаздарға білім гранты тапсырылды. Сондай-ақ акция аясында әскери техника мен қару-жарақ түрлері, әскери киім-кешек үлгілері көрмесі өтіп, арнайы мамандар жастарға жан-жақты мағлұмат берді.

– Көрмеге қатысып, көп мағлұмат алдым. Әскер – елдің қорғаны, әскеріміз күшті, қаруларымыз қуатты болса, ел іргесі де тыныш болады. Ағаларымыз мерзімді әскери міндетін өтеу үшін аттанып барады. Ертең кезек бізге де келеді. Міндетімді абыроймен өтеп қайтуға мен де іштей да­йындалып жүрмін, – дейді ­М.Әуезов ­атындағы №86 мектеп-гимназия оқушысы Әртелбек Ақжан.

Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіт Отан алдындағы азаматтық парызы мен міндеті – әскери қызметке шақырылады. Биыл сарбаздарға арналған артықшылықтар заң жүзінде бекітілді. Оларға қызмет ету кезінде және әскерден босатылғаннан кейін 2 ай уақытқа несиелік демалыс беріледі. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңге сомасындағы төлемі кейінге қалды. Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға студенттік жатақханадан орын беру жеңілдігі де қарастырылған. Қазір әскерде қызмет еткен 1500-ден астам азамат жоғары оқу орнына тегін, ал ақылы түрде 700-ден астамы оқуға түсті. Осы жылдың көктемінде запасқа шыққан 400-ден астам әскери қызметші келісімшарт бойынша әскери қызметке орналасты

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button