Әскери музыканттар әйелдерді мерекемен құттықтады

Мереке қарсаңында «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінде ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің концерттері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шара жолаушыларды бей-жай қалдырмады. Әскери қызметшілер әйелдерге шоколад пен көктемнің символы қызғалдақ сыйлады.
– Елорданың халық көп жиналатын алаңдарында өнер көрсету жақсы дәстүрге айналды. Бүгін біз 68665 әскери бөлімінің құрмет қарауыл ротасымен бірлесіп, әжелерімізді аналарымыз бен әпкелерімізді мерекемен құттықтадық. Дәстүр бойынша біз әскери-патриоттық әндерді, марштар мен көпшілікке танымал әуендерді орындадық. Барлық әйел-аналарға бақыт тілеймін, – деді Орталық әскери оркестрдің дирижері аға сержант Абзал Иманғалиев.
Тыңдаушылар Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының өнерін жылы қабылдады.
– Жұмыста жүріп, мерекені ұмытып кетіп жатамыз. Бүгін әскери музыканттардың арқасында біз мерекелік көңіл-күйді сезіне алдық. Әскери қызметшілердің музыкалық тартуы бізді шабыттандырып, жарқын эмоция сыйлады. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық пен амандық тілеймін, – деді «Хабар» агенттігінің Абай облысындағы меншікті тілшісі Ботагөз Дандыбаева.
Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері саптық дефиле орындап, жолаушыларды қимыл үйлесімділігімен таң қалдырды.
– Немерем екеуміз Жезқазғанға бара жатырмыз. Міне, осындай керемет концертке куә болдық. Әскери қызметшілерге мерекелік көңіл-күй сыйлағаны үшін рахмет айтамын, – деді Сәуле Жанділдина.
Көрермендер музыканттар мен солистерге үлкен қошемет көрсетті. Ал музыканттар үшін жолаушылардың ризашылығы ең жақсы марапат болды.