Әскери қызметшілер Жауынгерлік тумен қоштасты

Астанадағы 68665 әскери бөлімінде өткен жылдың көктемінде әскерге шақырылған жауынгерлерді шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Салтанатты шараға әскери бөлім қолбасшылығы, Қарулы күштердің, Ауған соғысының ардагерлері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мерзімді қызметін өткерген 165 сарбаз бір жыл ішінде әскери-есептік мамандықтарды игеріп, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр.
– Бір жыл бойы қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін зерделедіңдер. Әрине, шынығып, шымыр да болдыңдар. Отан алдындағы борыштарыңды адал атқарып, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қосқан үлестерің үшін алғыс айтамын. Әскерде алған білімдерің алдағы азаматтық өмірде де қажеттеріңе жарайтынына сенімімдімін, – деп атап өтті бригада командирі подполковник Абай Әлібеков.
Дәстүр бойынша әскери даңқ символымен қоштасу рәсімін жасау құқығы үздіктердің үздігі қатардағы жауынгер Қайрат Асқарға бұйырды.
Қатардағы жауынгер Марат Абылай үшін астаналық бригада екінші үйіндей болып кеткен. Себебі ол бұл жерде көптеген достар тапты.
– Біз мұнда көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, ана-ана мен достықты бағалауды үйрендік. Бізді қолдап, жанашырлық танытып, әскердегі өмір жолынан өтуге көмектескендердің барлығына алғыс айтамын, – деді ол.
Қоштасу жиыны кезінде әр сарбазға грамоталар мен естелік қолсағаттар табыс етілді.
Білім беру жеңілдігі мен әскерде жүріп еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеру мүмкіндігінің болуы жастардың болашақ жолды таңдау көкжиегінің едәуір кеңейгенін көрсетеді. Бұл жолғы запасқа шығарылған жастардың арасынан 91 сарбаздың жоғары оқу орындарына түсуге өтініш бергенін айта кету керек.
Астаналық арнайы мақсаттағы бригада құрылған сәттен бастап оған елдің маңызды стратегиялық объектілерінің қорғанысын қорғау міндеттері жүктелген. Бөлімнің әскери қызметшілері алдына қойған міндеттерді кез келген жағдайда орындауға қабілетті екенін бірнеше рет дәлелдеді. Бүгінде бұл бөлімше елордада орналасқан элиталық әскери бөлімдердің бірі саналады.