Әскери қызметшілердің балаларына арналған шахмат турнирі
Астанада әскери қызметшілердің балаларына арналған шахмат турнирі өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Мектеп демалысы кезінде Тыл және қару-жарақ басқармалары 7 жастан 16 жасқа дейінгі балалар арасында шахмат турнирін ұйымдастырды. Оған 20-дан астам оқушы қатысты.
Турнир Швейцария жүйесі негізінде өтті. Ойын тек ата-аналар үшін ғана емес, жас таланттар үшін де тартысты сайыс болды. Жарысқа Ерден Сәдуақасов төрешілік етті.
Турнир қорытындысы бойынша республикалық физика-математика мектебінің 10 сынып оқушысы Диас Мансұров чемпион атанды. Екінші жүлделі орынды № 86 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Хадиша Серікбай, үшінші орынды ABIS ЖШС мектебінің 4 сынып оқушысы Алматы Базыкенов иеленді. Алматтың жетістігі кез келген жаста шахмат ойнауға болатынының дәлелі.
Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлова турнир қатысушыларына мұнымен тоқтап қалмай, шахмат алаңында да, өмірде де жеңіске жетуге тілектестік білдірді.
– Шахмат пен дойбы ақылға қуат береді, ерік-жігер мен беріктікке тәрбиелейді, есте сақтауды, ойлауды, зейінді дамытады. Бұл сонымен қатар жаңа достар табудың тамаша тәсілі, – деп атап өтті ол.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен марапатталды, оларға шахмат қораптары табысталды. Қалған қатысушылар да назардан тыс қалмады. Олар дипломдар мен естелік сыйлықтар алды.