Басты ақпаратМәселе

Әуселесі асқан «Аir astana»

Шаруаңыз шығып, сапарға шыға қалсаңыз, әуе қатынасы үлкен рөл атқаратынын әркім де мойындайды. Баратын жеріңізге әп-сәтте жетіп барасыз. Мәселен, пойызбен ең азы отыз сағат жүретін Орал қаласына ұшақпен екі сағатта, Алматыға 1 сағат 20 минутта бара қаласыз. Өзіңіз де шаршамайсыз, уақытыңыз да үнемделеді.

Айыппұл жағдайды түземеді

Дегенмен кейінгі кезде әуе жолын қамтамасыз ететін ұлттық авиакомпанияларға жұртшылықтың өкпесі қара қазандай. Рейстерді кейінге қалдыру, бірнеше сағат кешігу, қауіпсіздік мәселесіндегі түйткілдердің жиі туындауы адамдарды ығыр қылып болған секілді.

Әсіресе бұрын Орталық Азияда жақсы аты шығып, жолаушылардың алғысына бөленіп жүрген «Air Astana» компаниясының кейінгі жарты жылдағы қызметіне сын-­ескертпе, өкпе-реніш жетіп артылады. Жолаушылар көбіне рейстің кешігуіне, ұйымдас­тыру жұмыстарының нашарлығы мен қызметкерлерінің дөрекілігіне, билет ақшасын қайтарудағы қиындықтарға шағымданады.

Мәселен, жолаушы Ермек Әлімұлы 18 тамызда Алматыдан Астана қаласына ұшпақшы болып, бір сағат бұрын әуежайға келеді. Тіркеуден өткеннен кейін 17:10-да әуеге көтерілуі тиіс ұшағы техникалық себептерге байланысты екі сағатқа кейінге шегерілгенін біледі. Сол-ақ екен, аэровокзалда алты сағат отырады. Ал Айша Құрманғалидің жағдайы одан да күрделі. 6 қыркүйек күні Алматыдан Астанаға ұшатын «Air Astana»-ның КС 853 рейсі резерв экипажын күту деген желеумен бір тәулікке кешігеді. Алайда жолаушыларға қолданыстағы заңда қарас­тырылған қызметтің бірі де көрсетілмеген. Тіпті қонақүй де берілмей, әуежай вокзалының күту залында түнеп шыққан. Осыған байланысты «Air Astana» компаниясына 1000 АЕК көлемінде (3 миллион 63 мың теңге) айыппұл салыныпты. «Air Astana» президенті Питер Фостер осыған қатысты мән-жайды былай түсіндірді: «Авиарейстердің кешігуі көбіне бізге байланысты болмайды. Ауа райының құбылысына біз ештеңе де істей алмаймыз. Біздің ең басты ойлайтынымыз – жолаушылардың қауіпсіздігі. Әуежайларға, ондағы қызмет көрсетушілерге біз қатаң талап қоямыз. Бәрі де заң аясында болуы керек дейміз. Авиарейс екі сағаттан артық кешіксе, жолаушыларға ыстық шай, ал төрт сағаттан артық кешіксе, ыстық тамақ берілуі керек. Балалы әйелдерді қонақүйге бірінші кезекте орналастыру мәселесі де мүлтіксіз орындалуы тиіс. Бұл жөнінде қазір әуежай қызметкерлеріне қатаң ескертілді».

Өткен жылы ішкі рейстерге баға 17,8 пайызға көтеріліпті. Бұл, түптеп келгенде, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп отыр. Әсіресе «air astana» әуе компаниясы монополист ретінде баға мәселесінде «өзімбілдікке» салынатыны байқалады

Дегенмен президенттің бұл «қатаң ескертуін» әуе­жай­дағылар құлағына да ілмеген сияқты. 2022 жылғы 28 қарашада «Air Astana» АҚ-тың Астанадан Қызылорда қаласынан ұшатын КС 7315 рейсі 5 сағат 30 минутқа кешіккен. Нақтырақ айтқанда, 8:15-те ұшатын ұшақ 13:45-ке дейін әуеге көтерілмеген. Наразы жолаушылар сотқа берген. «Ұшақтың бір тетігінен ақау шығуына байланысты кешікті» деген себеп айтқан әуежай қызметкерлері ыстық тамақ беруді де қажет деп таппаған. Өйткені тіркеу 12:45-те басталды деп уәж айтады. Сөйтіп олар кей сәтте жауапкершіліктен құтылып кетіп жатады. Бірақ қанша жалтарғанмен, «Air Astana» мен оның еншілес кәсіпорны – «Fly Arystan»-ға 2022 жылдың шілде-қыркүйек айында 21 миллион 441 мың теңгеге жеті рет айыппұл салыныпты.

Қазақша сөйлесең, пәлеге қаласың

– Шымкенттен ұшып шыққаннан-ақ ұшақ салонында барлық хабарландыру орыс және ағылшын тілінде хабарланды, – дейді Дәуірәлі Нұрман. «Air Astana» АҚ – еліміздің ұлттық компания­сына қарасты кәсіпорын. Атағы да дап-дардай. Билет бағасы да арзан емес. Ал мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді. Менің орнымда кез келген өз ұлтын сүйетін, анасының тілін құрметтейтін адам осылай талап қояр еді. Стюардессаға қазақша сұрақ қойдым. Алғашында ол мені естімеген тәрізді елемей өтіп кетті. Екінші рет қайтып келе жатқанда әдейі тоқтатып, «Неге қазақша сөйлемейсіздер? Менің құқығымды аяққа таптап тұрсыздар. Барлық хабарландыруды бірінші қазақ тілінде айтыңыздар» дедім.

Ал ол орысшалап, «Мен қазақша түсінбеймін. Уақытымды алмаңыз. Орысша айтыңыз, біздің елде орыс тілі де мемлекеттік тіл» деп қанымды қайнатты.

Оған түсіндіремін деп дауысым қаттырақ шығып кетсе керек. «Мына кісі ішіп алған, маған дөрекілік көрсетті. Орынсыз айқай-шу шығарды» деп менің үстімнен қызметтік хаттама толтырыпты.

«Әуежайға қонған бойда мені полиция бөліміне алып кетті. Қанымды тексеріп, сараптама жасады. Сөйтіп, заңды құқығымды талап етемін деп қыруар уақытымды жоғалттым» дейді жолаушы Дәуірәлі Нұрман.

Мұндай оқиға белгілі журналист Жарылқап Қалыбайдың да басынан өткен. Түркиядан Ыстанбұл-Алматы бағытында ұшып келген оған да қазақша сөйлеуді талап еткені үшін стюардессалар «ішімдік ішкен, мас» деп сотқа беріп, ызы-қиқы, айқай-шу жасаған.

Өткен жылы Қызылордадан Астанаға ұшақпен келген белгілі әнші Айгүл Елшібаева­ның да басынан осындай жағдай өткені белгілі.

Жақында «Air Astana»-ны Дәмелі Оспанова есімді жолау­шы тағы сотқа берді. Өйткені оны компания «тәртіпсіз жолаушы» ретінде «қара тізімге» енгізіп қойыпты. «Бұл – ұшу қауіпсіздігін сақтау жөніндегі комиссияның шешімі» дейді олар.

Сонда Дәмелі Оспанова сонша не бүлдіріп қойыпты дейсіз ғой. «Air Astana» авиакомпаниясы ұшағының бортында әуеде қазақша сөйлеп, басқалардан да қазақша сөйлеуді талап еткені үшін осындай «қара тізімге» кіргізілген. Бірақ бұл жолы сот әділ шешім шығарып, «авиа­компанияның іс-әрекетін заңсыз деп танып, оларды 500 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген.

Билет бағасы күйіп тұр

Компания президенті ­Питер Фостер «Air Astana» мен «Fly Arystan» билеттерінің бағасын салыстырмалы түрде алғанда «әлемдегі ең арзан баға» деп санайды. «Тек билеттерді алдын ала алып қойыңыздар. Неғұрлым ертерек алсаңыздар, соғұрлым билет бағасы арзанға түседі» дейді ол.

Дегенмен билет бағасын халықаралық бағытта ұшатын «Turkish Airlines» рейс­терімен салыстырғанда айыр­машылығы шамалы екені байқалды. Есесіне оларда қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Ал бірақ Дубайдан ұшып келетін «Air Arabia» лоукостер билеті Оралға ұшатын «Fly Dubai»-дан екі есе арзан. Сондықтан лоукостерлерде (кейбір сервис қызметтері қысқартылған рейстер) болмаса, «Air Arabia» билеті шетел тасымалдаушыларынан арзан деп ешкім де айта алмайды.

Халықаралық рейстердің бағасы әуе компаниясына байланысты әртүрлі. Мәселен, Алматы-Лондон бағыты ­бо­йынша «Uzbekistan Airways»-та билет құны – 351 мың теңге. Ұшақ Ташкент арқылы барады. Ал «Air Astana»-дағы баға – 465 мың теңге. Сонда авиакомпания президентінің сөзі шындыққа жанаспайтыны көрінеді.

Нақтылай айтсақ, елімізде қазір төрт ірі әуе компаниясы бар. Олар: «Air Astana», «Fly Arystan», «SCAT Airlines», «Qazaq Air». Бұл жерде бәсекелестік аз екені көзге бірден ұрып тұр. Егер әуе компания­ларының саны басқа мемлекеттердегідей оннан асып жығылып жатса, баға бұлай жыл сайын құбылмас еді.

Өткен жылы ішкі рейстерге баға 17,8 пайызға көтеріліпті. Бұл, түптеп келгенде, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп отыр. Әсіресе «Air Astana» әуе компаниясы монополист ретінде баға мәселесінде «өзімбілдікке» салынатыны байқалады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button