
Есіл ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткер әжелерінен құралған «Сағыныш сазы» ансамблі Баку қаласында өткен «AZERBAIJAN GRAND FESTIVAL» ән байқауында жүлделі бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль ұлтаралық қарым-қатынас пен музыкалық мәдениетті нығайтуға мақсатында наурыз айының соңғы күндері «Аstana Stars» халықаралық конкурстар комитетінің ұйымдастыруымен өткен болатын.
Өнер жарысында әнші әжелерімізбен қатар Өзбекстаннан, Әзірбайжан т.б. елдерден келген 400-ден астам үміткерлер әр түрлі жанрларында сайысқа түсті.
Өнер жарысында әнші әжелерімізбен қатар Өзбекстаннан, Әзірбайжан т.б. елдерден келген 400-ден астам үміткерлер әр түрлі жанрларында сайысқа түсті.
Орталықтың өнерпаз зейнеткерлері халықаралық фестивальде халық әні «Беу-айдайды» орындап, өнерлерімен, көркем тігілген костюмдерімен көрермендерді тәнті етті. Әжелер ансамблінің ұжымына ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Жанарбек Искендыров жетекшілік етеді, ал ансамбльдің көркемдік жұмысымен және репертуарын қалыптастырумен ансамбльдің белді жүшесі Шәрбат Құрманова айналысады. Ансамбль өз жұмысын 2019 жылдың желтоқсан айында Сарыарқа ауданына қарасты қалалық ардагерлер ұжымында бастады.
Өнер ұжымының алғаш құрылған кезде халық әндерін орындаудан бастаған еді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүрген ансамбльдің репертуары бүгінде әр түрлі, ән қоржынында 80-ге жуық ән бар. Ансамбльдің негізін қалауға термеші, сазгер, күйші, әнші Күлзағила Барлыкова мұрындық болды. Ансамбль өзінің ең алғашқы тұсаукесер концертін 2019 жылы «Шарапат» қарттар үйінде өткізді.
«Біздің Орталықтың өнерлі зейнеткерлері Халықаралық деңгейдегі ән байқауынан жүлдемен оралуы біз үшін үлкен жетістік. «Сағыныш сазы» ансамблінің құрылғанына 5 жыл толды, жақында өзінің бес жылдық есептік концертін өткізген болатын. Бұл өнер ұжымына 62-72 жас аралығында ән айтумен әуестенетін әжелер жиналған. Ансамбль әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде. Олардың репертуары әралуан, терме, халық және эстрадалық әндермен қатар, басқа да жанрдағы әндерді орындайды» – деп сөзін түйіндеді Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова.
Осы байқауда бірінші орынды жеңіп алған «Сағыныш сазы» ардагерлер ансамблі Грецияның Салоники қаласында өтетін GREECE GRAND FESTIVAL-не жолдама алды. Бүгінде «Сағыныш сазы» ансамблі өз замандастарының сүйікті әншілеріне айналып, қала тұрғындарын өнердегі жетістіктерімен қуантып келеді.