Қоғам

АҒА ӘЛЕМІ

Бұл бір төрт құбыламыз тең жайнап тұрған жылдар еді. Торғай облысының атынан ат үркіп әркімге арман қала боп тұрған шағында осы елге қызметке келуім менің өмірімнің мәні мен сазына айналды. Кәсіби әдетпен сақталып қалған бірді-екілі облыстық «Торғай таңы» газетінің сарғыш тартқан парақтарын ақтарып, күн сіңген қағазын сағынышпен сипалай отырып, талай сырлы да сыңғырлы, шерлі де мұңлы күндерді еске аламын…

Еске ала отырып, «менің жылдарым, менің байлығым» дейтін жаста елдің игі жақсылары мен нар тұлғалары жайлы сұрайтын болса, айтар әңгіме аз емес. Жастық шағымды өткізіп, тілшілік қызметтің қыр-сырын сүріне-шалына жүріп игеруіме қамқорлықпен қолдау көрсеткен Торғайдағы парасат-пайымы биік дара ағаларымды әңгіменің өзегіне арқау етпекпін.Еске ала отырып, «менің жылдарым, менің байлығым» дейтін жаста елдің игі жақсылары мен нар тұлғалары жайлы сұрайтын болса, айтар әңгіме аз емес. Жастық шағымды өткізіп, тілшілік қызметтің қыр-сырын сүріне-шалына жүріп игеруіме қамқорлықпен қолдау көрсеткен Торғайдағы парасат-пайымы биік дара ағаларымды әңгіменің өзегіне арқау етпекпін.Солардың бірі де, бірегейі – биыл көзі тірі болғанда сексен жасқа толатын Ділдәбек Қорғанбекұлы.Әлі есімде, 1979 жылдың тамызында Торғай облыстық партия комитеті  ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі А.Дүйсенбаев өзі тізіп алып келген Алматы Жоғары партия мектебінің 21 түлегінің бірі, мені, сол кездегі облыстың айнасы «Торғай таңы» газеті редакторының бірінші орынбасары Төкен Құлмағамбетовке тапсырып, жетектетіп жіберді.Көп ұзамай «Торғай таңы» газеті редакторының орын­басарлығына сол кездегі тәртіппен облыстық партия комитетінің қызметкері Ділдәбек Қорғанбекұлы бекітілді. Қалың толқындалған қара шашына тарақ тік тұратын, қою қабақты қасы бүркіттің қанатындай өрлей біткен, ер мұрынды азамат екен. Қабақтың астындағы көзінен ерекше жылылық пен мейірімділік әркез шуағын шашып тұратын еді.

Тұнған судай тұйық жат­­қан редакияның ішін жарқылдаған найза ұшқыны айқұш-ұйқыш кескектеп өткендей тамаша бір күй кешіп кеттік. Мен де сондай сәтті аңсайтынмын. Жарқылдап сөйлеп, жақсы ниетпен алға ұмтылғанға не жетсін?! Еркін өсіп, еркін жүргенді ұнататынмын. Мен өскен орта солай болды. Пасықтық, арамдықпен қас болдым. Өкінішке қарай, кейін екі жабылып екі ашылған «Торғай таңы» газетінің ішкі кухнясын толық ашып айт­пасам да, қиын кезең – жершілдікке салынып, әсіресе, сырттан келгенді «келімсек» деп кекетіп, басшылармен жауласушылықтың  салдарынан ауыс-түйіс жиі көрініс тапқаны ақиқат.

Осы кезде осындай ұжыммен тіл табыса алатын адамгершілігі мол, әр қазақты өзіңдей көретін болмысы бөлек жан қажет еді.Ділдәбек Қорғанбекұлы ұзақ жылдар Қостанай, одан соң Торғай облыстарында партия-кеңес қызметтерін атқарған салиқалы басшы, оның қандай жағдайда болмасын ұжымды басқарудағы тәжірибесі жеткілікті деп саналды. Ол бірден еңбек адамына әлеуметтік жағдай тудыруды қолға алды. Редакцияның іші жарқырап, жаңа жиһаздарға қол жетіп, басшылардың дүниесі қатардағыларға тиіп мәре-сәре болдық. Дәл сол кісінің ұжымға келуі жаңа қоныс аударумен дөп келді. Бұрынғы Октябрьдің 60 жылдығы даңғылынан Восточный көшесіне көштік. Өйткені осы Восточный көшесінің бойынан еш облыста жоқ даңғарадай заманауи талапқа сай шынылы екі қабатты баспахана пайдалануға берілді де соның қасына жайғасу дұрыс делінді. Өйткені ол кезде барлық мақала – ұяшықтағы май-май ғәріптермен қолмен теріледі, линотип жаңада іске қосылып, оны меңгеру әлі қиын кез. Маман жоқ.

Оның үстіне, Одақ кезіндегі бас хатшылардың жасайтын баяндамалары мен іскерлік сапарларынан «Срочно, в номер!»-мен белгіленген материалды түннің қай уағына шейін болса да зырылдап тұратын телетайптан суырып алып, құрылып басылуға берілгелі тұрған газет беттерін быт-шыт қып бұзып, қайта теріп, қайта құрып таңғы бес-алтыға дейін жүру – жұмыс солай деп қабылданған тұс-тын. Осы себептен де редакция мен баспахана қатар жайғасты. Тап-тамаша мамыражай күндеріміз, редакияның да, жалпы облыстың да, алдағы арман-мақсаттары – қым-қиғаш қиын да, қызықты да даму жолымыз, алайда, ұзаққа созылмады. Алдымен, «алмағанды алып, көрмегенді көріп» дегендей, жағдайы жақсарып, мәз боп қалған біздердің, қазақ редакциясы журналистерінің көңіл-күйі әп-сәтте басылып қалды. Себебі «қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ» алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан біздер бір күнде «жетім» болдық та қалдық.  Ділдәбек Қорғанбекұлы қалай жарқ етіп ортамызға топ ете түсіп, жақсы өмірден «дәмдендіріп» кетсе, тап солай ғайып боп жоғарылап кетті. Ол кезде партия бізден сұрамайды.

Сонымен, жағдайы тұралап қалған Торғай облыстық радио-телевидение комитетінің төрағалығына қызметке алып кетті. Көп ұзамай ол кісіден мүлдем айырылып қаларымызды қайдан білдік.Бұл комитетте де шаш етек шаруаны дөңгелетіп, талай ой-жоспарларын іске асыру үшін қыруар жұмыс жасап жатқан Ділдәбек Қорғанбекұлынан, жалпы ел боп, қас-қағымда айырылып қалдық.Күз айы болуы тиіс. Иә, қыркүйектің 21-інде. Мен Октябрь ауданына іссапармен егін алқабында болып хабар жинауға кеткенмін. Үш ұйықтаса  түске кірмейтін нәрсе, қайтып оралсам, Ділдәбек Қорғанбекұлынан айырылған ел жүректері қарс айырылып қара жерге тапсырып қойыпты. Ол кездегі Торғай облыстық комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік  Еңбек Ері Оразбек Қуанышев өзі бас болып жерлеу рәсімін өткізуді ұйымдастырды. Бұны елі үшін жанын сала қызмет еткен болмысы бөлек жанның еңбегіне құрмет деп түсінді ел. Тек, бар қолдан келеріміз аяулы да сүйікті жары Айсұлу Қорғанбекованы көре қалсақ, басымыз жерге иілгенше хәл-жағдайын сұрау ғана. Ділдәбек Қорғанбекұлы болмысы бөлек жан еді. Ол бәріне де болыссам екен деп қамқорлығын аямайтын.Біздің дәуіріміз, 80-жылдары, қазіргідей редакцияларды жас қыздар «жаулап» алмаған еді. Ол кезде қарағайдай азаматтың өзін електен өткізіп барып редакцияға зорға қызметке алатын. Әйел затына мүлде селқос қарайтын. Бөлім меңгерушілігі деген арман, тілші болсақ, соған да қуанатынбыз.

Облыстық газеттің редакциясын мен өзім аудандық газет редакторының орынбасары, одан біл бірдей Алматы Жоғары партия мектебінің түлегі ретінде аттаған едім. Сонда да сол кездегі редакторымыз Мәтен Бижанов сенімсіздік танытып, алдымен қайнаған қазан – секретариаттан өткізіп алды. Айтайын дегенім, сол кездері осы Ділдәбек Қорғанбекұлы секілді дарабоз ағалардың шынайы қолдауын сезбегенде, көп қорықтың арасында қалып қояр ма едім.Оның жақсылығың өз ұжы­мы ғана емес, алыс аудан, ауылдардан келіп, сағаттап есігін күзетіп отырған оқырмандары да сезінген риза кейпін көзіміз талай көрді.

Аға ортамыздан кеткелі қаншама жылдар болса да, бейнесі санадан өшпейтіні осы адами ізгі қасиетінен болар….Көп ұзамай сол жылдардан соң Ділдәбек Қорғанбекұлын ардақтап, еске алатын жағдай да болмай қалды.Тар кезеңде сүйеу болар деп бар сенгені үкіметтен екі соққы жеген ел, «балапан басына, тұрымтай тұсына» безіп кеткен алмағайып күн туды.Облыс бірінші жабыл­ғанда іргедегі әскери қалашық жайғасқан Держа­винскіден әскерилер жасырын жеткізілді.

Ол кезде халықтың тырп етер қауқары да жоқ еді. Желтоқсан оқиғасынан әлі ес жия алмай отырған. Оның да небір зардабын тарттық.Екінші ретінде де, алдыңғы күні ғана Торғай облыстық радиосынан аудандарда іссапарда жүрген соңғы хатшы Брынкин мырза, «алып-қашпа сөз, облыс жабылмайды» деген соң, тыныш ұйықтап шыққан ел келесі күні облыссыз қалды. Сөйтіп, 1997 жылдың 24 сәуірінде сол кездегі «ЕҚ» газетінде «Торғай облысы неге жабылды?» деп, өздері өздеріне жауап беріп, «талдап» шықты. Содан бері  тоғыз ауданнан тоғысқан «торыққан Торғай»-дан тарыла-тарыла тарының қауызына сыйып кететіндей ғана халқы қалған Арқалықтың басынан өткенін баяндау оның басы-қасында болған мен үшін – жеке әңгіме. Аз қызметтес болсақ та, өзі де аңыз боларлықтай істер атқарып, аз ғұмыр кешіп жайын оғындай зу еткен ағамыздың бейнесін ұмыт­тырмайтын осындай қимас сәттер аз болған жоқ. Қанша істері атқарылмай, қанша арманы орындалмай қалды…

Майра ШӨКЕН,шәкірті, Қазақстанның құрметті журналисі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button