Басты ақпарат

АҒА

 

Қазақ халқында атам заманынан данышпандық ойымен, шытырман сәттердеде шырқыратып шындықты айтатын мінезімен ханды да, халықтыда, тентек пен теліні де қатықтай ұйытып,соңына ертетін қариялар болған. Оларды халық «Ел ағасы» деп асақұрметпен атаған.

Ұрпақтар сол қариялардың жазылмай-ақ халық жадында жаталып қалғансөздерін бүгінде мақал-мәтел деп айтып жүр.

Жалпы, әр ауыл, әр елде «ол кісі не айтар екен» деп, үлкен-кіші құлақтүретін осындай ағалар болғаны абзал.Олар, әрине, әлі де бірен-саран бар, тек≪бұларға не жоқ – асарын асап, жасарынжасады емес пе≫ дейтін белсенді білгіштердің елемейтіндері болмаса.Бүгінгі жас әкім-қаралар ≪не істейміз, қара халықтың жағдайын жасап, қайтсек көңілінен шығамыз≫ деп ағалармен ақылдасып, пікір-алысып отыратын бабалар дәстүрін өмірге қайта әкелсе, басшылықтағы бала-бажыр ≪өзім білемге≫ жол берілмес еді.Кейбіреулер бұл пікірлерді ≪ескізаманды аңсау≫ деп жақтырмайқабылдауы мүмкін. Ал, шын мәніндеөркениетті батыс елдері немесе мұхиттың арғы жағындағы құрлық тұрғындарының ≪демократия≫ деп жүргендерін біздің даланың жусан иіс қариялары Колумб саяхатқа шықпас бұрын қалыптастырып қойған.≪Кеңесіп пішкен тон келте болмас≫дейтін қазақ елінде ешқашан елдік мәселені жеке адам шешпеген. Ендеше нағыз демократия деген сол емес пе!

Мемлекетіміз тәуелсіздік туын желбіретіп,әлемге мәшһүр болған бүгінгі заманда ел арасында аға атанар Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев секілді азаматтар, Құдайға шүкір, баршылық.Біз сөз еткелі отырған заманымыздың абызы Мырзатай ағамызды мен алғаш рет ол кісі Білім министрі кезінде көрген едім. Сол кездегі астанамыз Алматыда №12 қазақ орта мектебі, сосын, республиканың әр аймағындағы малшылардың балалары оқитын №2 мектеп-интернат қана бар еді. Қазақтар балаларын қазақ мектебіне бергісі келгенмен, әлгі екі оқу орныаузы-мұрнынан шыққан, басқа бараржер, басар тау жоқ. Балаларымыз бір класста оқитын Әди Шәріпов, ШонаСмаханұлы секілді ағалар кеңесекеліп: ≪Министрге Фариза барсын,жағдайды түсіндірсін≫, – деп шешісті.Бұл күнде министрлерге, әкімдергекіру деген қияметтің қыл көпірінен өткендей (әзір өзіміз барып көргенімізжоқ, айтушылар солай деседі) қиын ғой. Пәлендей шен-шекпенім жоқ,≪балалар газетінің редакторы ғой≫деп шікіреймей, министр орнынантұрып қарсы алды. Сұңғақ бойлы, маңдайы жарқыраған, ерте дүние тарихындағы грек құдайларына ұқсаған қыр мұрынды сұлу кісінің алдына жасқаныңқырап кіргеніммен, жанарынан шашыраған мейірімді көргесін жүрегім орнына түсті.

≪Басқа қазақ мектебін аштырамын≫демегенмен, №12 мектепті кеңейтуге,сөйтіп, бала санын өсіруге көмектесетінінайтып, министр шын ықыласпеншығарып салған күні кешегідей көз алдымда.

Алматыдан жырақта оқығасын астананың атышулы университетінде ауызданғандардан бір саты төмен тұрғандай сезінетінмін. ≪Талдықорғанда педагогикалық институтта МырзатайЖолдасбеков деген ректор бар,ұлтжанды ғажап азамат≫ дегенді бұрын еститінбіз. Сол ғажап адамның Білім министрі болып келгеніне қуанғандар әдебиет маңындағы үлкен-кішілердің арасында көп еді. Солкездесуден кейін Мырзатай ағамыздыңеңбектеріне ден қоятын болдым.

Ол жоғары оқу орнында оқып жүргенде-ақ түркі халқының, оның ішінде қазақ ұлтының жер бетінде не заманнан өмір сүріп келе жатқанын дәлелдеуді мақсат еткен екен. Орхон-Енисей жазуларына үңілуінің себебі де сондықтан болса керек.

≪Бәрі менің ғана еңбегім≫ демей,осы жолға түскен кейінгілерді қолдап-қорғаштап, оларды насихаттауға ағамыздың пейіл кеңдігі жетті.

Қолына қалам алған қаршадай кезінен елдің бірлігі, азаматтарымыздың татулығы,ұрпақтардың білім мен өнерге ұмтылысы ұлт ғұмырын ұзартатын негізгі тірек екенін Мырзатай ағамыз жазудай жазып, айтудай айтып келеді.Тарыдай шашылып, жер шарының әр аймағын мекен етуге мәжбүрболған ұлтымыз өкілдерін атамекен төріне жиып, қазақтардың алғашқы құрылтайын өткізу идеясын жүзеге асыру да ел басшылығында жүрген Мырзатай Жолдасбековтың еншісіне тиіп еді. Кейін Елбасының қолдаушысы болып, тәуелсіздік тұғырын нығайтуға атсалысқан жастарды Мырзекең маңайына топтастырып, ұлағатты ұстаз болды, кісі танитын қасиетінің арқасында талай азаматтарды тәрбиеледі.

Еліміздің тәуелсіздігін ұран етіп, ұлтымыздың еркіндігін аңсаған, сөйтіп, ұлттық идеяның құрбандығы болған,ақтаңдақ жылдардағы Алаш батырларының есімдерін ұрпақтарға танымал етуге атсалысқан, кейін саясаттың сары ала қылышы турап тастаған салт-дәстүрлеріне қан жүгіртіп, жанбітіруге жанын салған азаматтардың басында осы ағамыз жүргенін бұл күнде біреу біліп, біреу білмеуі әбден мүмкін. Өйткені, біз тарихымызға көз салмайтын, кезінде кімнің кім болғанын ескеруге салақ халықпыз.Тілі бөлек, діні бөлек біреу келсе,сүрініп-жығылып оларға тағзым етуге бармыз, ≪ауылдағының аузы сасық≫деп өзіміздің данагөй данышпандарымызды ысырып тастаймыз.

Біздің тағы бір қасіретіміз, біреулердің пікірімен адам тағдырын шешуге дайын тұрамыз. Мысалы, Жолдасбеков Гумилев атындағы Еуразия университетінің негізін қалап, Арқа мен Шығыстан, Батыс пен Түстіктен ≪осы қалайы жоқ≫ ғылым саңлақтарын ел астанасына жинады. Тіпті, кезінде Қытай асып кеткен қандастарымыздың көзі ашық деген үрім-бұтағына дейін университеттен орын берді.

≪Білім мен өнер қатар жүрсе ғана,елдің мерейін танытады≫ деп тағы дажан-жақтан өнерлі жастарды әкелді. Олардың бас-басына Астанадан баспана алып берем деп талай босағаны аттады.

Өкінішке қарай, біреулердің жаласымен Еуразия университетінен кеткені көкірек көзі ашық зиялы жас-кәрінің көңіліне мұң, қабағына кірбің түсірді. Кейде адамның өмір бойғы адалдығы, еткен еңбегі бағаланбай, көре алмағандардың былапыт сөзімен тағдыры талқыға түскенде ≪әй, бұларың дұрыс емес қой!≫ деуге жарамаймыз. Осындайда жалашылдарға қолданатын жазаның жоқтығы өкінішті.

Өмірде сирек кездесетін адамдар болады. Олар қандай сайда тұрса да,халыққа таудың басында отырғандар мен қатар отырғандай көрінеді. Біздің Мырзатай ағамыз – осындай тұлға.

Мұндай адамдарды қоғам қай жерге лақтырып тастаса да, олар әркімге кінә тағып, ыза мен кекке булығып, өркөкіректіктің зәрімен уланбайды. Керісінше, әйтеуір өзіне жұмыс тауып,жүрген ортасына адамгершіліктің шуағын шашып жүреді.

Біздің Мырзатай ағамыз – дәл осындай адам. Бұрын Астанада Президенттің мәдениет орталығы дегенді сыртынан көргеніміз болмаса, ішінде не болып жатқанын, немен айналысатынын білмейтін едік.

Жолдасбеков сол орталыққа басшы болып тағайындалып келгесін ол жер шын мәніндегі рухани орталыққа айналды: халық театрларға емес, сол орталыққа жиі жиналатын болды.

Жан-жақтан керемет әншілер мен жыраулар, термешілер мен күйшілер шақырылды. Халық театры, тарихымыздың жәдігерлерінен мұражай ашылды. Мырзекең, әйтеуір, өзіне шаруатауып алатын әдетімен орталықтың жанынан ескі қорғандардан табылғаналтын, күміс бұйымдарды өңдеп қалпына келтіретін, ұлттық бұйымдар жасайтын лабратория ашты. Әр аймаққа сұрау салып жүріп Абылайхан, Қазыбек бидің шапандарының сұлбасын тауып, оларды сақтап келген қарияларға ат сабылтып өзі барып, олармен мұражай мұраларын толықтырды. Сондай-ақ, мәдени орталықтың кітапханасын ашты.

Өткен жолы бір әріптесім телефон шалып, әңгіме арасында:

– Мырзекең Мемлекеттік сыйлықты қашан алып еді, есіңде ме? деді.

– Ол кісі «Парасат» орденінен басқа ешқандай сыйлық алған жоқ қой, дедім.

– Қой, олай болмас! Мүмкін Елбасының «Бейбітшілік және келісім» сыйлығын алған болар?..

Өмірде таңданарлық жайттар көп қой.Сыйлық алмаса да, қазақ мемлекетінің тарихында Мырзатай Жолдасбеков есімі алтын әріппен жазылатыны шындық.

Мырзатай аға білімдарлығы, ізденімпаздығы, кейінгілерге қамкорлығы, аға ұрпаққа адалдығы өз алдына, әншығаратын әуесқой композиторлығы, домбыраны былай қойғанда, баянмен аккардеонда ойнағанын көргенде халқымыздың «сегіз қырлы, бірсырлы» дейтіні ойыңа оралады.

Мырзатай ағамыздың әр жылдары Оралда, Ақтауда, Атырауда, Жамбыл облысында өткен кездесулерін көру мәртебесіне ие болған едім. Халықтың ол кісіге деген ықыласы, өнегелі сөз, ұлағатты ой-пікірі, жастардыңда, жасамыстардың да көңілінен шыққанын көргенмін.

Үлгілі әулеттің ғана емес, ұлтымыздың ағасына айналған Мырзатай Жолдасбеков сүйікті жұбайы Мәрия апай екеуі өз замандастарының алдыңғы сапында жүрген перзенттер тәрбиелеп,бұл күнде ата-әже деп еркелейтін немерелердің күлкісіне қуанып,шүкіршілік етуде.

Мырзатай ағамыз 75 жасқа толып отыр. Бұл ғаламдық өлшеммен қарағанда онша үлкен жас емес. Өзінің қоғамдық белсенділігі, тыным көрмейтін еңбекқорлығы, адамға деген тілеуқорлығы және халқының оған деген махаббаты ағамызға жастық қуат беріп, соңында келе жатқан іні-қарындастары, қалың елі қазағы сүйнетін тау тұлға күйінде аман жүргей!

Ағаның 70 жасқа толған тойы үстіндеТараз қаласында оқыған өлеңіммен ол кісіге деген тілеулес көңілімнің қарасөзін аяқтаймын.

Уа, Тараз!

Сен бердің елге – өнеге, жасқа – сана,

Сөз жетпес сені қалай мақтаса да.

Қазаққа Мырза-ағадай ұл сыйлаған

Армысың, қасиетті ақбосаға!

Таразым, атың үлгі ел ішіне,

Сүйсініп көзіңді сал жемісіңе:

Баяғы арман қуған бір құлының

Оралды Тарлонбоз боп желісіне!

Ағажан, өміріңіз-жатқан аңыз,

Аңыздан ғасырларға сақталады із.

Қадірін қарындастың білетұғын

асқартау аға бар деп мақтанамыз.

Бұл ғасыр қасиетімді тарамдады,

Кеңдік те тартылғандай адамдағы.

Сіз ғана аты Мырза, заты мырза,

әйтпесе, әкімдердің сараң бәрі.

Таразым – талбесігі қазағымның,

тартсаң да замандардың азабын мың,

тарихта қалар мәңгі ғажап үлгің.

Құнарын құрғатпағай деп тіледім

киелі топырағы Таразымның!

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button