ҚоғамҚұқықМәселе

Ағайындылар лаңы

Бұл қылмыс 1995 жылы қыркүйек айында Ақмола қаласында жасалыпты. Тарих дөңгелегі тоқтаусыз айналып, ширек ғасырдан аса уақытты жасырғанмен, сол кездегі үш ағайынды жігіттің салған лаңынан жүрекке түскен жара жазыла қоймаған шығар? Көнерген мұрағат парақтарын ақтара отырып, естіген жанның төбе шашын тік тұрғызар қылмысқа жастары әлі отызға да толмаған жігіттер қалай барды? Оларды осындай адамзатқа жат нәрсеге итермелеген не деген сауалдарға жауап іздеп ойландық.

асты рөлде Леонид Филатов ойнайтын Константин Ершовтың «Грачи» фильмін көпшілігіміз жақсы білетін шығармыз. Бұл оқиға да соған ұқсайды. Тек Көкшетаудың Рузаевка ауданында өскен жігіттер кеңес мектебінде тәрбиеленіп, басқалардан еш артықшылығы болмай жетілген. Алайда жасаған қатыгездіктеріне қарап оларды толық отбасында тәлім алды деу өте қиын.

[smartslider3 slider=790]

Сенімге кіру

Александр Еремин шаруаға жастайынан икемі бар, қолы епті жігіт еді. Ел басына алмағайып күн туып, халықтың тұрмыс-тіршілігіне нарық келгенде, бірден базар жағалап кетті. Әрі онысынан зиян көрген жоқ. Автомобильдердің қосалқы бөлшектерін көрші елден әкеліп сатып, бір-екі жылда тасын өрге домалатып шыға келді. Жұрт алыпсатарлықпен айналысады дегенімен, Александрдың шаруасы түгел еді. Өзіне екі қабатты коттедж салып алып, ағайын-туыстың көзін бір қызықтырды. Одан қала берді ат шаптырым аумағы бар иесіз тұрған ескі үйді сатып алып, жиһаз жасайтын цех ашты. Қалаға жақын маңнан шаруа қожалығын ұйымдастырып, мал ұстады. Сөйтіп, енді бір-екі жылда аймақтағы аты дырдай бизнесмен болып шыға келді.

Шаруаны жүргізу үшін адам күші керек. Александр да бойында күш-қуаты тасыған, тепсе темір үзетін жігіттерді өз жанына тарта білді. Шыны керек, оларды қаржы жағынан көп ренжітпейтін. Тіпті кейбіреулер оның қолының ашықтығын айтып, атағын аспандатып жүрді.

Міне, осының әсері ме, Ақмолаға келген сапарында Андрей Штаймецтің де осы Александрға жұмыс іздеп жолығуының сәті түсті. Отызға енді толған, техникадан хабары бар жігіт бизнесменге бірден ұнады. Ол оны бірден өзінің шаруашылық жөніндегі көмекшісі етіп тағайындады. Арада бір ай өткенде, А.Штаймец інілері Виктор мен Сергейді ертіп келді. Оған да жұмыс табыла кетті. Сөйтіп көрші ауданнан келген ағайынды екі жігіт бірте-бірте Александр Ереминнің сеніміне кіре бастады. Әсіресе, олар Сашаның әйелі Татьянаның сөзін екі етпейтін болды. Бірде Алматыдан бір маңызды жүк келетін болып, демалысқа ауылына кетейін деп тұрған Андрейге Татьяна өтініш жасап еді. Ол «бүгін досымның туған күні еді. Сіздің бір ауыз сөзіңізді жерге тастай алмағандықтан, оған бармай-ақ қоятын болдым» деп үй иесі әйелдің құрметіне бөленді де қалды.

Сол сәттен бастап ағайындыларға Ереминдер үйінің есігі айқара ашылып, емін-еркін кіріп шығатындай дәрежеге жетті. Міне, осы сенім олардың болашақ қылмыстық жоспарларына да жол ашты.

Ашкөздік

Ереминдердің отбасында екі жылға таяу уақыт жалдамалы жұмыс істеген кезде Андрейді де, Викторды да Александр мен Татьяна ренжітпеуге тырыс­ты. Айына әрқайсысы 50 мың теңгеге дейін жалақы алған кездері болды. Бұл сол кездегі ақшамен қомақты қаражат еді. Дегенмен олар бұл табысты аса місе тұта қоймады. Әсіресе, Андрей Штаймец өзіне су жаңа машина алуды армандайтын. Бірақ армандау бар да, нақты дүниеге қол жеткізу бар ғой. Міне, осы тұста қиялшыл жігіттің түн ұйқысы төрт бөлінетін.

«Александр ақшасын сейфте сақтайды. Оның онда миллиондаған доллары жатыр. Оған қалай қол жеткізуге болады?» деген ойлар күні-түні миынан бір шықпай қойды.

Бірде ол Александрдың жұмыс бөлмесіне әдейі рұқсатсыз кіріп барды. Жаңа ғана серіктесімен мәміле жасап, бума-бума ақшаны сейфіне салып жатқан үй иесі ыңғайсызданып қалса да білдірмегенсіп: «Жай ма?» деді. Бұл өп-өтірік қысылған түр танытып: «Бір шұғыл шаруа шығып қалып, сізбен ақылдасайын деп едім. Сондықтан кеш те болса кіріп тұрмын» деп өзі алдын ала ойлап тапқан әңгімесін қоздатты.

Басқа біреу болса айқайға басып, бөлмесінен қуып шығар ма еді? Ал ол қайта-қайта кешірім сұраған Андрейге ләм деп артық сөз айтқан жоқ. Сейфінің есігін жапты да, «ештеңе етпес» дей салды.

Сейфтегі тізіліп тұрған бума-бума доллар мен қатар-қатар еуроны көргенде бөлмеге әдейі рұқсатсыз кірген жігіттің көзі қарауытып, басы айналғандай болды. «Мұндай ақша менде неге жоқ, қалай оны алуға болады?» деген ащы ой кеудесін қара мысық болып тырналады.

Осыдан кейін одан мүлде маза кетті. Қалайда осы ақшаны қолына түсіріп, қалтасына баспай жаны жай таппайтындай көрінді. Ішкені ірің, жегені желім болды. Екі күн ауырдым деп төсек тартып жатып та қалды. Ақыры зұлымдық жоспарының жобасын ойша сызды.

Арада алты күн өткенде, бизнесмен тағы бір әріптесімен мәміле жасады. Тап сол күні бұған қомақты ақша түсуі керек. Әрі сол ақшаны ол тек қана сейфінде сақтайды. Андрейдің есебі бойынша үй иесінде мұның барлық арман-қиялын жүзеге асыратын қаражат болуы қажет. Осы үш миллион доллар көк қағазды қолына түсірсе, ол бірден шетел асар еді. Осы ойын оңаша шақырып алып екі інісіне айтты.

Виктор үндемеді. Үндемегені үлкен ағасына қарсы келмей келіскен сыңайы еді. Ал екінші інісі Сергей азар да безер болды. Қатты қорқатынын ашық айтты. «Сен түк те істемейсің. Бізді машинамен алып барып, сыртта күтіп тұрсаң болды. Қалғанын біз өзіміз реттейміз. Үйде ешкім болмайды. Біз оны анықтағанбыз. Сол күні үй иесі тайлы-тұяғымен қонаққа кетеді. Болса, аула сыпырушы болатын шығар, бірақ оның бізге қатысы болмайды» деп мұның жоспарынан үрейі ұшқан жиырма екі жасар бауырын сабасына түсірді.

Бірақ ол өтірік айтқан еді. Бұлар келгенде, Александрдың отбасы түгелімен үйлерінде шырт ұйқыда жатқан болатын.

Алдында ғана екеуі «Алматыдағы жиен қарындасымыз тұрмысқа шығады, соның тойына барамыз» деп еңбек демалысын алған болатын. Сондағы ойы жасалатын қылмыстарының алдын ала ізін жасыру еді. Рас, бұл мақсаттары біраз уақытқа дейін оларға қорған болып та жүрді.

Таңғы 3-те адамдар қалың ұйқыда жататыны белгілі. Әсіресе, бірді екі етпекші болып тірліктің қызығына түсіп кеткен адамдар күндізгі шаруадан қатты шаршайды. Осыны жақсы түсінетін Андрей өзінің қанқұйлы ісіне әдейі осы уақытты таңдады.

Алдын ала келісілгендей, Сергей сыртта машинада қалды да, екеуі арнайы алып келген саты арқылы дуалдан қарғып, ішке енді. Күнде көріп жүрген адамдар болған соң ба, үй иесінің иті де бір-екі рет арпылдаған дауыс шығарды да, көп үрмеді. Ол екінші қабаттағы мансардының терезесі үнемі ашық болатынын жақсы білетін. Сол арқылы еш кедергісіз төр бөлмеге секіріп түсті.

Беттеріне маска киіп, балға, кендір жіп, монтировкамен мұздай қаруланған екеуі үй иесінің жатын бөлмесіне таяп келгені сол еді, кез келген сыбырға елеңдеп, сақ жататын бизнесмен алдарынан шыға қалды. Андрей оны қас пен көздің арасында басынан балғамен ұрып, жерге сұлатып түсірді. Сосын бөлмеге кіріп, әйелін тұншықтырып өлтірді.

Келесі бөлмеде қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан қонақ жігіт пен үй иесінің ағасын да бастарынан темір балғамен ұрып, жер жастандырды.

Содан кейін ақша мен алтын бұйымдар іздеп үйдің астан-­кестенін шығарды. Андрейдің ашуға булығатын себебі де бар еді. Қанша тыраштанғанмен, ол арнайы коды бар қабырғаға орнатылған сейфті аша алмады. Осы жерде Виктор екеуі едәуір сөзге де келіп қалды.

«Сейфтің кодын біліп алмай неге өлтірдің оны?» деп айғайлады Виктор оған. Басы мылжа-мылжа болып жатқан Александрды әрі-бері сүйреп.

«Мен өлтірмесем, ол біздің жанымызды жаһаннамға жіберер еді. Көрмедің бе қолындағы тапаншаны?» деп есірді ол інісіне.

Сөйтіп миллиондаған доллар мен еуроға қарық боламыз деп келген қанішерлер үйдегі әйелдің алтын бұйымдары мен құндыз тонынан басқа ештеңе ала алмай қандары қарайып қайтты.

Сезікті секірер

Олар сол бойы таңертең Алматыға ұшып кетті. Алдын ала ойластырылған жоспар бойынша Қапшағайдағы туыстарының үйінде емін-еркін демалып, қыдырыстап, Ақмолаға алты күннен кейін оралды. Бұл кезде бірнеше адамды қасақана өлтіру бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатқан болатын. Екі жігіт те жұмыс орындарына келіп, болған жайға жандары қайғырғандай кейіп танытты. Тіпті Андрей Александр мен әйелінің зиратының басына барып та қайтты. Құжат бойынша екеуі де үй иесінен сұранып, бір жұма еңбек демалысында болғандығын дәлелдейтін уәждерін ұсынды.

Дегенмен тергеуші Қази Жанзақовты үйге бөлмелерді жақсы білетін, үй иесін жақсы танитын адамдардың түскендігі ойландырды. Өйткені тастай қараңғыда мансарды арқылы кіріп, осыншама аумақта үй иесінің жатын бөлмесіне бірден тап болу үшін бөлмелердің орналасуын жақсы білу керек еді.

Сөйтіп ол бизнесменде жұмыс істейтін адамдардың барлығын да түгел тексеріп шығуға бел буды. Куәлардан бірнеше рет түсініктеме алды. Андрей мен Виктордың да тұрғылықты жерін, жүріс-тұрыстарын қайта бір сүзгіден өткізді.

Міне, осы жерде Сергейдің сөзінен ши шықты. Ол ағаларын сол күні Алматыға машинаммен шығарып салдым деп тұрып, кеште үйде болмағанын айтып қойды. Тәжірибелі тергеуші сұрағын бірнеше рет түрлендіріп қойып еді. Ол мүлде шатасты. Ақыр соңында өзін де, ағаларын да ұстап берді…

Ақыл-есін ақша алып, еш жазығы жоқ жандардың қанын жүктеген зұлымдар тиісті жазасын алғанмен, сол күні қала маңында тұратын әжесіне кетіп, жандары қалған үй иесінің сол кезде сегіз, он жаста болған қызы мен ұлының жүрегінен ағайындылар лаңынан түскен жара өмір бойы жазылмасы анық.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button