Руханият

Ағалы-інілідей қос батыр

Мен жазғалы отырған екі кейіпкерім бір өңірде туып, бірі ­Ақмола қаласында (қазіргі Астана) оқыса, екіншісі осы қаладан Отан қорғауға аттаныпты. Бірі – Ақкөл ауданының тумасы, екіншісі қазіргі Аршалы ауданынан. Бірі сыртқы жаудан елін, жерін қорғаса, екіншісі – кеңестік қитұрқы саясаттан, бес облысты бөлуден аман алып қалған батыр. Олар – аса қадірлі, халқының сүйіктісіне айналған Сағадат Нұрмағамбетов пен Жұмабек Тәшенев. Бұл азаматтар туралы көп жазылды, әлі де жазыла береді деп ойлаймын. Өйткені осы кісілердің ерлігі – көпке үлгі, жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуге өте қажет.

Жұмабек Ахметұлының өткен ғасырдың екінші жартысында еліміздің бес облысын солтүстік көршімізге беру туралы әпербақан бастама көтерген Никита Хрущевтің бетін қайтарғаны, оңтүстіктің біраз жерін өзбек ағайындарға беруге қарсы шыққаны, орталық қазақ тілді газетіміздің орыс тілді газеттің аудармасы ғана болуына тойтарыс бергені және т. б. ұлтының мүддесі үшін ерен ерлік жасағаны жөнінде көп жазылды. Қойгелді орта мектебінің бір кездегі шәкірті Дариға Дәулетбай былай деп жырға қосады:

Қазақтың ұлан-байтақ даласына,

Көз алартқан дұшпанның қарасына,

Тайсалмай жалғыз өзі төтеп берген

Жұмабек Тәшенев – шын дара тұлға.

Осы дара тұлға жерлесіміз әлі қазақ тарихынан өзіне лайықты орнын ала алмай жүр. Бейбіт күннің батыры өзіне тән мемлекеттік марапатқа ие бола алмай отыр. Қазақ елінің шамасы төрттен бір бөлігін сақтап қалуға көзсіз ерлік жасап, лауазымды қызметін құрбан еткен Жұмабек Ахметұлы Халық қаһарманына лайық шығар деп ойлаймын. Екінші мәселе өзі сақтап қалған бес облыстан бір ауданның аты бұйырса дұрыс болар еді. Оған өзі туып өскен Аршалы ауданы сұранып тұр. Соңғы жылдары Қарағандыда Бөкейхановтың, Қостанайда Майлиннің, Алматы облысында өзімен қатарлас қызметтес болған Қонаевтың есімі берілді ғой. Үкімет осы мәселені оң шешеді-ау деген үміттемін. Осы аталған мәселелер 2025 жылы өтетін ол кісінің 110 жылдығына дейін шешілсе құба-құп болар еді. Бұл кісінің отансүйгіштік қасиеті мектеп оқулықтарына енгізілсе дұрыс болар еді. Осы мәселелер қалалық Ардагерлер кеңесінде болған әңгімеде де қолдау тапты.

Ал екінші батырымыз Сағадат Нұрмағамбетов он сегіз жасында әскери училищені бітіріп, 1943 жылы соғысқа кіреді. 1945 жылы взвод командирі, одан атқыштар батальонының командирі болып тағайындалды. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдавияны, Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысады. 1945 жылдың 27 ақпанында әскери тапсырманы асқан батылдықпен орындағаны үшін жиырмадан енді асқан Сағадат ағамызға Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, кеудесіне «Алтын Жұлдыз» белгісі тағылады. Содан әскери оқуы, қызметі жалғасып кете барады. Еліміз егемендік алғаннан кейін №1 Халық қаһарманы атағына ие болып, тұңғыш Қорғаныс министрі ретінде Қазақстан әскерінің іргетасын қалаушылардың бірі емес, бірегейі ретінде қажырлы еңбек өтеді. Онымен қоса, бұл ағамыз – қазақ еліндегі алғашқы армия генералы.

Осы екі ағамызды қысқаша сипаттай келе ақмолалық батырлар қандай қарым-қатынаста болды деген заңды сұрақ туады. Осы мәселеге байланысты бір-екі мысал келтіре кетейін. Сағадат Қожахметұлы 1945 жылдың қазан айында Берлиннен Петропавлға пойызбен келе жатып, бірінші рет Жұмабек Ахметұлымен кездеседі. Жұмекең қазақи дәстүрмен қай елден, қай жерлерде соғысқанын, қайда бара жатқанын сұрап, кеудесіндегі «Алтын Жұлдызын» көріп шын қуанғанын сездіреді. Осы жолы Жұмекең Сағадат жерлесін әрі інісін үйіне шақырып, қонақ қылып жібереді. Екеуінің жас айырмашылығы – 9 жас. Алла жазса, Сағадат ағамыздың туғанына 2024 жылы 100 жыл толады. Осы бағытта Ақкөл ауданының Еңбек ауылында «Ердің атына елі сай болсын» деген айдармен бұдан үш-төрт жыл бұрын бағдарлама жасалып, іске асып жатыр. Қысқаша айтқанда, автобанның бойына билборд қойылды, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, музей ашылды. Автобаннан ауылға дейінгі жол жөнделді, орталық көшеге жарық берілді, т. б. игі істер атқарылып жатыр. Ендігі басты шаруа – ол кісінің атындағы көшені абаттандыру және ескерткіш орнату. Осы соңғы мәселе бойынша Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтың қабылдауында болдым. Ол кісі бұл мәселені қолдап, еліне ескерткіш орнатып береміз деп уәдесін беріп, менің көзімше қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берді. Орындалатынына үмітім бар.

Жұмекеңмен екінші рет 1959 жылы Мәскеуде өткен КОКП-ның XXI съезінде кездесті. Қонақүйде Сағадат ағамыз, ол кезде Түрікмен Республикасында еңбек етіп жүріп, Қазақстаннан съезге қалай делегат болғанын Жұмекеңе жеткізеді. Сонда ­Жұмабек Тәшенев былай деп жауап беріпті: «Орта Азия әскери округіне Қазақстан да жатады. Біздің делегаттарда бір әскери адам болу керек. Сіздің кандидатураңызды мен ұсындым, Орталық Комитет қолдады». Бірде Жұмекең Сағадат­тың Алматыда әскери парадты жақсы өткізгеніне ризашылығын білдіреді.

Сағадат ағамыз да өзінің «Халықтың қайсар азаматы» еңбегінде Жұмабек жерлесінің жоғары дәрежелі лауазымды қызметінде жүргендегі ұлты үшін, жері үшін қайсарлығын мақтанышпен еске алады. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» әнінің тың өлкесін сақтап қалудағы Жұмабек Тәшеневтің батылдық қадамын қолдау ретінде шыққанын еске алады. Екі батыр да о дүниелік болды. Олардың ісін жал­ғастыратын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың соңғы мәжілісінде сөйлеген сөзінде «тәуелсіздігімізді сақтау және нығайту аса маңызды екенін тағы да еске саламын. Бұл – халқымыздың басты құндылығы» деген болатын. Ол үшін халықты, оның ішінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу – бәріміздің басты парызымыз.

Еркін ДӘУЕШОВ,

ардагер ұстаз, Астана қаласы

Ардагерлер кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button