Тағзым

АҒАМЫЗ ЕДІ АРДАҚТЫ

954124_1981600445______________________________________

Дүниеден жұртына қалтқысыз қызмет еткен көрнекті қаламгер, ардақты азамат, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дидахмет Әшімханұлы озды. 

Әп дегеннен әдебиетке өзіне тән соқпағымен келіп, қазақ руханиятының көсегесін көгертіп, өрісін кеңейтіп, өр­некті қаламынан туған көркем шығармалары арқылы қалың оқырманның ықыласына бөлен­ген аяулы азаматтың болмысы да бекзаттық пен текті­лік­тің ерен үлгісіндей еді. Аяулы ағаның, біздің «Астана ақшамы» газетінде де айшықты қолтаңбасы қалды. Екі ғасыр тоғысар шақта елордаға келіп, бас редактордың бірінші орынбасары болып, қызмет еткен үш айда басылымның өткірлігі алмастың жүзіндей жарқырап, ойлы оқыр­ман назарын аударды. Сол кезде «Баған басында жанған жігіт», «Гүлжанға сенсек, Тұран биден түңілесіз», «Отыз үйдің ойбайы…» деген сияқты жалпақ жұртты елең еткізген отты дүниелер жарық көрді. Мұның барлығы ақжүрек тұлғаның батылдығы мен шындықты пір тұтатын азаматтық биік болмысын көрсетті. Қашан да қан­жардай қайраулы қаламымен газетке араласып, «Өз сөзім өзімдікі», «Тазша баланың тамашасы» деген айдарды енгізіп, қала өмірінен қалтарыста қалған жәйттерді түйреді. «Сары самауыр» сынды тамаша әңгімесімен әдебиетке нық енген ардақты тұлға өмірден өткенше қазақ деген ұлттың ұлылығы мен құндылығын жазудан бір сәтте айныған жоқ. Үлкенге де, кішіге де байыпты мінезімен, парасатты болмысымен жаны жақын тамырлас, елдес бола білді.
Халықтың Қалтайы дүниеден озғанда: «Жақсы ағаның алдын көрдік. Жазмыштан бізге бұйырған несібе де осы болар» деп жазған екен дарынды жазушы. Осы сөзді енді асыл ағаның өзіне де арнауға болады. Бақұл болыңыз, ардақты Дидаш аға!

«Астана ақшамы» газетінің ұжымы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button