Ағашқа жан бітірген…

Ұрпақтан-ұрпаққа ататек арқылы қонатын өнердің бірі де бірегейі – ұсташылық. Бұл өнерді өмір бойы серік ету үшін темірдей төзім мен ерен еңбек қажет. Міне, осы қасиеттерді бойына сіңірген жанның бірі – елордалық ағаш ұстасы Батырбек Төлеутай.
«Green TAL» шеберханасында ерекше қажеттілігі бар жандардың қатарында еңбек ететін Батырбек «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Үздік» жобасы аясындағы байқауда «Үздік ұста-2023» атанды. Ұстаханада 3 жыл қызмет етіп келеді. Негізгі мамандығы – графикалық дизайнер. Мекемедегі жұмыс туралы таныстары арқылы білген. Әуел баста шеберханадағы полиграфияда белгілі бір уақыт жұмыс істеген ол кейін ұсталық өнерге қызығады. Ағашты өңдеп, жоңуды, жалпы ұсталықтың әліппесін осында таныды. Істі тез меңгеріп, ағашқа жан бітірген Батырбектің қолынан шыққан заттар көпшіліктің көңілінен шықты.
Аталмыш ұстахана мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы балаларға арналған Монтессори жиһаздарының өндірісімен айналысады. Яғни сәбидің өлшеміне сай өз үстелін, тамақ ішетін ыдысын, ойнайтын құралдарын, партасын, орындығын дайындап береді. Өнімдер нарыққа 2016 жылы шыққан. Қазіргі таңда цехта 4 қызметкер бар. Барлығы да мүмкіндігі шектеулі жандар. Зауыт осы арқылы мүгедек жандарға шектеусіз мүмкіндік сыйлауды мақсат еткен. Бір ай ішінде зауыт тапсырысқа сай 100-ден астам жиһаз шығаруға қауқарлы.
Батырбек Төлеутайдың есту қабілеті нашар болса да, ол ынта-жігерімен әр істі үйреніп кетуге болатынын дәлелді. Рас, адам өмірін қалай өрнектеймін десе, соншалық бейнеттенуі керек. Қазіргі таңда масылдыққа бой алдыру – шетте қалудың көрінісі.
«Қолымнан шыққан әрбір бұйым елдің, әсіресе кішкентай бүлдіршіндердің игілігіне жарап жатса, бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Тұтынушыларым оң бағасын берсе, жұмысқа деген жауапкершілік артып, сенім нығаяды. Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жетеді. Тек жалқаулықты жеңе білу керек» деді өз сөзінде кейіпкер.
Ол «Үздік» жобасының байқауында қарағайдан 60х60 көлеміндегі балабақшаға арналған үстелді сапалы жасауымен көзге түсті. Теориялық білімді тексеру және практикалық тапсырманы орындау кезеңдерінен тұрған байқау барысында жеңімпаз шеберлік деңгейі, жұмысты тиянақты орындау және өнімді сенімді түрде ұсына алуы бойынша бағаланды. 1-орын иеленген ісмерге жыл соңында 350000 теңге қаржылай сыйлық салтанатты түрде табысталады.
Қолы ұста адамның қойнында алтын бар. Сол айтқандай, алтын қолды шебердің балаларға арналған дүниелерін көргенде сүйсінесің. Ағаштан әсем бұйым жасаудың өз ерекшелігі бар. Батырбек бұл іспен күнкөріс көзі ретінде емес, ұнатып, қалағандықтан айналысады. Ағаштан түйін түйіп, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген шебер қашанда құрметке лайық.