Денсаулық

АҒАСЫНА БАУЫРЫН БӨЛІП БЕРДІ

Трансплантация өте күрделі операция болғандықтан, оны кез келген мемлекет жасай бермейді. Белгілі бір елдің медицинасы қандай деңгейде екені ағза ауыстыра алатынымен бағаланатыны  да сондықтан. Қазақстанда бүгінге дейін осындай 900 ота жасалса, Астанада қалалық деңгейдегі алғашқы операция 2013 жылдың 15 ақпанында №1 қалалық ауруханада  жасалды.

бауыр3

Осы уақыттан бері елордада 33 трансплантация жасалыпты. Соның 20-сы – бауыр ауыстыру отасы екен. №1 қалалық аурухана мамандары тағы бір трансплантацияны сәтті жасап, отаның қалай өткені жөнінде журналистерге айтып берді.

Ерлан Баймағамбетов атты астаналық тұрғын гепатит вирусы салдарынан бауыр циррозына душар болған. Аурудың асқынуы себепті оның өңешінен төрт рет қан кетіп, соңғы рет жағдайы күрт нашарлап кетеді. Ерланның өмірін құтқарып қалудың жалғыз жолы – бауырын ауыстыру еді. Ағасының қасында шырылдап жүрген қарындасы бауырына өз ағзасын бөліп береді. Осылайша, күні кеше өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан қала тұрғыны операциядан дін аман шығып, журналистермен әңгімелесіп тұрды. Аурухананың трансплантология және гепатобилиарлы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Абылай Донбайдың айтуынша, ағзаны ауыстырғаннан кейін адамның өмірі біраз жылға ұзарады. «Трансплантацияны ерте қолға алған еуропалық елдерде ағзасын ауыстырған адамның жасы орта есеппен 15-20 жылға дейін ұзарады. Астанада бұл сала әлі жас. Енді бір он жылда нәтижесін нақты көретін боламыз. Бірақ біз ағзасын ауыстырып берген адамдардың бәрі дін аман, жұмыс істейтіндері қызметіне қайта оралған» дейді ол.

бауыр2

Ал №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Әбежанованың айтуынша, елімізде жыл сайын 200 ағза ауыстыру операциясы жасалады. Олардың барлығына дерлік туыстары донор болған екен.

Бүгінде Қазақстанда трансплантацияға мұқтаж 4 мың адам кезекте тұр. Олардың бәріне бірдей донор табыла бермейді. Себебі, халықтың бұл туралы түсінігі әлі дұрыс қалыптаспаған. Шынтуайтында, аяқ астынан өлім құшқан бір адам 5-6 адамның өмірін құтқара алады екен. Егер донорға ешқандай зиян келмесе, органының жартысын беруге ислам діні де қарсы емес.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button