Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Ағылшынша тәрбиенің ерекшелігі қандай?

Британиялық қоғамда бала қалай өседі? Ағылшын мектептерінің алға озған тұстары қандай? Ойы еркін әрі жан-жақты жеткіншекті тәрбиелеудің сыры неде? Бұл сұрақтарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы Шеффилд университетінде оқып, Education мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып келген Жанерке Әубәкіроваға қойған едік. Қазір Астанадағы халық­аралық «Spectrum» мектебінде сабақ беріп жүрген Жанерке бала өміріне қа­тыс­ты Англиядағы көрген-түйгендерін былайша баяндап берді:

Бірінші қорғаушы – мемлекет

Бізде «баланы өмірге әкелген мен, сондықтан бала менікі» деген түсінік бар. Англияда өз балаңа олай иелік ете алмайсың. Мысалы, он екі жасқа толмайынша бала үйде ересектерсіз жарты сағаттан артық жалғыз қалса, ата-анасын осындай жауапсыздығы үшін заңға тартады. Баланы ата-анасы ұрып жатқанын біреу-міреу көріп, полицияға хабарласа, оның салдары тіптен қиын. Ата-анасының келісімінсіз бірде-бір баланы суретке не видеоға түсірмеуіңіз керек, әйтпесе балалардың жеке шекараларын бұзған болып шығасыз. Мектептен де себепсіз қалдыруға болмайды. Бір күні Ноттингемге қыдырып баратын болып, бес жасар қызымды сабағынан алып кеттім. «Негізі, бұлай жасамаңыз. Келесіде бір ай бұрын ескертуіңіз керек» деді мұғалімі. Басымды изедім. Екінші жолы алдын ала себебін жазып, хат жолдадым. Сонымен мәселе біткен болар деп, тағы да қызымды сабағынан қалдырғанмын. Бірнеше күннен кейін әлгі хатымның жауабы келіп тұр. Сөйтсем, өтінішіңнің құпталған не құпталмағанын күту қажет екен. Жаңағы хаттың бір бетінде мектеп директорының «рұқсат етілмеді» деген сөзі, ал келесі бетінде менің енді солай қайталайтын әрекетім үшін құқық қорғау органдары алдында жауап беретінімді түсіндірген жазу тұр. Денсаулығына байланысты жедел жағдай болмаса, басқа себептермен баланы сабақтан босатпайды. Қыдырысты тек демалыс уақытына жоспарлайсыз.

Теориядан гөрі тәжірибе көп

Оқушылар дүние, ғылым туралы білімдерін кітаптан гөрі былайғы өмірде молырақ жинайды. Мәселен, оларды табиғаттану сабағында орманға жиі апарады. Онда барғанда «бес шұбалшаңды, екі өрмекшіні, төрт құмырсқаны, бір ұлуды тап» деген секілді нақты тапсырмалар береді. Ортаға от жа­ғып, әр балаға маршмэллоу түйрелген таяқтарды үлестіреді де, оны отқа қалай қақтау керектігін үйретеді. Сол сәтте балада да оттың пайдасы туралы білім пайда болады. Сыныпта әр оқушыға құмыраға дән еккізіп, соны баптатады. Өсімдіктің қалай гүл жаратынын, жеміс беретінін бала содан кейін жақсырақ ұғады. Музейлердің бәрі тегін, онда да балаларға арналған қызықты іс-шаралар жиі өтеді. Бір жолы ғаламшарлар туралы тақырыпқа тап келдік. Үстелге тоғыз құты қо­йылып, іші әр планетаның құрамындағы химиялық қоспалармен толтырылыпты. Соларды иіскеп, әр планетаның иісі қандай болатынын білуге болады. Балалар түгіл, үлкендер қызығатындай-ақ! Мұражайдағы ендігі бір күн тіске арналды. Ортада шоколад, сағыз, газды сусын тұр да, қастарына қант салынған қапшықтар орналас­тырылған. Оны көріп, қай өнімде неше па­йыз қант болатынын және оның тіске зияны қаншалықты екенін бүлдіршіндер оңай түсінеді.

Таңдау жасауға үйретеді

Ата-аналар баланы мектепке берерде жазатын өтініш хатында жеу­ге рұқсат ететін тамақ түрлерін белгілейді (халал, вегета­риандық, глютенсіз, жаңғақсыз, т.б.). Соған сәйкес, күн сайын сабақ басталмас бұрын оқушыға бүгінгі мәзірде бар тамақтар тізімін ұсынады. Бала өзінің жегісі келетін тамағын өзі таңдайды. Ертеңгілік ұйымдастырғанда да оқушының қай қаһарман болып киінетіні өз таңдауына байланыс­ты. Үй тапсырмасы ретінде қандай жанрдағы кітапты оқитынын да шәкірттің өзі шешеді. Таңдау еркіндігіне әбден үйренген балалар болашақ мамандықтары жайлы ойланғанда да «бизнесмен болам, мұғалім болам, дәрігер болам» деген тәрізді «қалыпқа құйылған» кәсіптерді атамайды. Оның орнына торттардың бетіндегі кремін ғана дайындайтын кондитер немесе Австралиядағы жойылып бара жатқан тасбақаларды құтқаратын волонтер болғысы келетіндерін айтады. Балалар, сондай-ақ, басқа адамның таңдауына құрметпен қарауға да дағдыланған. Туған күн иесі сыныптастарының арасынан бірнеше баланы ғана іріктеп шақырса, басқалары оның сол таңдауын келісіммен қабылдайды.

Дәрігер «қорқынышты адам» емес

Британияда баланы «бұзық болсаң, дәрігерге апарам» деп қорқыту орынсыз. Өйткені медицина мекемелерінде балаға деген қарым-қатынас көбінесе позитивті эмоция қалдырады. Жаз кезінде сыртта ойнап жүріп, қызым қолын сындырып алды. Хирургке бардық.
– Айшанұр, қандай түсті ұнатасың? – деді дәрігер гипс саларда.
– Қызғылт… – деді солығын баса алмай отырған қызым.
Артынша хирург ағай қызымның қолына қызғылт түсті гипсті сүп-сүйкімді етіп салып берді. «Батылдығы үшін» арнайы сертификатпен марапаттады.
Тағы бірде тіс дәрігеріне бардық. Айшанұрды қорқытпайық деп, тісі жұлынатынын алдын ала ескертпегенбіз. Оны дантист естігенде, басын шайқап:
– Жарайды, қазір «happy gas» (баланы уақытша ұйықтататын газ) жіберіп, қызыңыздың тісін жұлдық делік. Бала оны сезбейді. Бірақ оянғанда, бір тісінің жоқ екенін біледі. Ал біз оған тісінің жұлынатыны туралы ештеңе айт­падық. Одан кейін стоматологтарға қалай сенеді? Өз еркімен келісіп келгені жақсы, – деп операция жасаудан бас тартты.
Баланың дәрігер бөлмесінен барынша тоқ көңілмен шығуына қатты көңіл бөледі.

Қоғам да қамқор

Англияда бастауыш мектеп пен орта мектептің ғимараттары екі бөлек жерде салынады. Бұл, бір жағынан, үлкеннің кішіге әлімжеттік жасау фактілерінің алдын алуға сеп болса, екінші жағынан, жасөспірімдердің зиянды әдеттерін бүлдіршіндердің көрмеуіне көмектеседі. Қоғамда балаға деген жанашыр көзқарасты жиі байқайсың. Автобусқа кірерде бала жетектеген кісіні кезектен тыс бірінші кіргізеді. Көшеде темекі тартып тұрған біреу баланың келе жатқанын көрсе, түтінін қолымен желпіп тастап, бала өтіп кеткенше темекісін артына жасыра қояды. Тіпті мас кісілердің өздері балалардың көзінше өздерін мәдениеттірек ұстауға тырысады. Көп жерлерде балаларға арналған бөлек дәретхана бар. Дүкен қызметкерлері балаларға да «сэр», «джентельмен», «мисс», «леди» деп құрмет көрсетіп, ересектерше сөйлеседі. Осындай көзқарас баланың өзін тұлға ретінде сезінуіне, сү­йікті әрі қауіпсіз екенін ұғынуына үлкен әсер ететіні рас.

P.S: «Бас салып, біздің балаларды батысша тәрбиелеуге де болмайды. Олар мен бізде екі түрлі менталитет қалыптасқандықтан, кей тұстарын қабылдау мүлде икемге келмеуі мүмкін. Ол тәрбие­нің де кемшін жерлері жетерлік. Пайдалы жағын ғана сүзіп алғанымыз дұрыс» деп әңгімесін аяқтады Жанерке.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button