Басты ақпаратБілім

Ағылшыншаға өтеміз деп аптығып қалмайық

Халықаралық заман талабына сай оқушы үш тілде білім алуы тиіс. Халықтың айқай-шуына қарамастан Білім және ғылым министрлігі биология, химия, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 11800 мұғалімді ағылшын тілі курсынан қайта даярлаудан өткізді. Жаңа жүйеге көшу үшін қаржыны да аямады. Ұстаздарға кеткен шығын 5,6 млрд теңгені құрады. Есесіне, биылдан бастап педагогтар өз сабақтарын ағылшын тілінде беруді бастап кетті. Жалпы, білім саласындағы бұл жаңашылдық өзін-өзі қаншалықты ақтайды?

Үміттен күдік басым

«Фейсбук» желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» парақшасында дәл осы мәселеге қатысты арнайы сауалнама жүргізген едік. Еліміз бойынша пікір білдірген 175 мұғалімнің 90 пайызы ағылшын тілінде оқытудың қиын екенін алға тартты. Әсіресе, шалғай ауылдағы мектеп ұстаздары жаңа өзгерістерге дайын емес. Себебі білім ордаларында ең алдымен ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін ұстаздың өзі тапшы.
«Мен 10 ай оқыдым. Әрине, қиын. Барымызды салып жатырмыз. Уақыт жетпей қалады. Үкіметтен бөлінген ақшаның да сұрауы бар. Сол үшін бар мүмкіндікті пайдаланғанның өзінде қиынға соғып жатыр» дейді Ислам Абдунасыров есімді мұғалім. Ал зейнеттегі ұстаз Сарап Рахипова үштілділік – оқушыларды әбден шатастырып, таза сауатсыз­дыққа апара жатқан жол екенін айтады. Қазіргі мектеп бағдарламасын қойыртпаққа теңеген ол мұғалімдерге де, оқушыларға да жаны ашитынын жасырмайды.
Не десек те, қабылданған шешім енді өзгермесі анық. 2019-2021 жылдары тағы да 3050 ұстаз қайта даярлаудан өткізілетін болды. Қалай болған күннің өзінде дәл қазіргі таңда екі мыңнан астам мұғалім жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытып жатқаны белгілі.

Астанадағы ахуал қандай?

Елордада жаратылыстану-математика бағыты бойынша 759 ұстаз біліктілігін арттыру курс­тарынан өтті. Атап айтқанда, биология пәнінен 208 мұғалім, химиядан – 158, физикадан – 170, ал 223-і информатика пәнінің оқытушылары. Ағылшын тілінде білім берудің өзектілігі жас мамандар үшін жеңіл болса, тәжірибелі ұстаздар үшін олай болмасы анық. Дегенмен Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің химия пәні мұғалімі Күлжан Жұмағұлова бұл пікірмен келіспейтінін айтады. 25 жыл еңбек өтілі бар ол халықаралық стандарттарға сай келетін Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілінің 9 айлық курсын мектеп бойынша тәмамдаған төрт маманның бірі.
«Білім және ғылым ми­нистр­лігінің тапсырмасы бойынша бұл жаңашылдықты дұрыс деп есептеймін. Мен CLIL бағдарламасы бойынша даярлықтан өттім. Оқушылардың ағылшын тілінде өтетін сабаққа қызығушылығы жоғары. Үш тілді білуге, пәннің терминдерін ағылшынша үйренуге деген талаптары қуантады. Оларға тіл білу арқылы бәсекеге қабілетті тұлға болатындарын ұғындырамын. Адам шын ниеттенсе, алынбайтын қамал жоқ екен. Өз қалтамнан төлеп, қосымша ақылы курстарға да бардым. Сабақтың 30-40 минутын ағылшынша сөйлеп үйренеміз. Сабақ барысында терминологиямен жұмыс істеймін. Осы еңбегіме қосымша үстемақы да төленеді» дейді Күлжан Саханқызы.
Астаналық ұстаздардың айтуынша, ағылшын тілінде өтетін сабақтың жоспары бөлек дайындалады. Әзірге, термин сөздіктермен жұмыс жүргізіледі. Жеңілдеу мағлұматтар беріліп, арасында бейнероликтер көрсетіп, тақырыпқа орай қазақша-ағылшынша аудармасын үйретеді екен.

Министр: Бағалауға әлі ерте…

Жалпы, төрт пәнді ағылшын тілінде беруді енгізу – қанатқақты жоба. Оқу процесінде шетелдің үздік тәжірибелері ескерілген. Мұғалімдер үшін арнайы оқыту әдістемесі дайындалды. Арнайы курстарды ағылшын тілін жетік меңгерген тренерлер ұйымдастыруда. Төрт пәннің мұғалімдері өздеріне берілген уақыт ішінде ағылшын тілін белгілі бір деңгейде меңгеріп шығуы тиіс. Үш модульден тұратын бағдарламада бастапқы деңгейінен – А1 деңгейіне, А2 деңгейінен В1 деңгейіне дейін оқыту қарастырылған. Сарапшылар жоғары сыныптарға химия, физика, информатика, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытуды бір жолға қою үшін әлі талай уақыт керек екенін айтса, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те жобаны бағалауға тым асықпау керектігін ескерткен еді.

Динара Беріқызы, оқушы:
– Алғашында оңай болмады. Ал қазір терминологияны жаттап үйрендік. Біздің сыныпта ағылшын тілін жетік білетін балалар көп. Ал репетитор жалдап оқымағандар үшін қиынға соқты. Қатардан қалмас үшін олар да қосымша ақылы тіл үйрету курстарына барып жүр.

Гүлназ Ахметжанова, мұғалім:
– Жаратылыстану бағытындағы бұл пәндер өз тілі­мізде оқытылса, әлдеқайда терең білім алуға болатыны даусыз дүние. Айналдырған 40 минутта теория мен жаттығу тапсырмалары қатар орындалса ғана тиянақты білім беруге болады. Ал уақытты үнемдеп, терминді ғана ағылшын тілінде оқытқанның өзінде 10-15 минут кетеді. Есесіне бекітуге, есеп шығаруға уақыт тапшы. Үш тілде термин білген оза ма, әлде өз тілінде есеп шығарып талдай алған оза ма, әрине, уақыт көрсетеді.

Алтынбек Бекенов, «English Group» оқу орталығының маманы:
– Біздің орталыққа оқушылармен қатар ұстаздар да жиі келеді. Курстың ерекшелігі – бағдарламада мультиме­дия­лық материалдар топтастырыл­ған. Оқыту жүйесі жаттығулардан және бақылау тапсырмаларынан тұрады. Енді ұстаздарға да арнап оқыту методикаларын әзірлемекпіз. Сұраныс болған соң осындай қадамға бардық.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button