Мерей

Ағысқа қарсы жүзген

Академияны бітіріп, елге оралған ­Сабыр ­Ахметжанұлының бұрынғы жауапты қызметке қайтадан қабылдануы күмәнді еді. Желтоқсан көтерілісінің жаңғырығы желдей есіп тұрған-ды. Дегенмен, билік басындағылар арасынан да оның белсенді өмірлік позициясын қолдайтын азаматтар табылды. Республиканың Орталық Партия Комитетінің сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібеков оны жылы қарсы алды. Сабырдың диссертациясын қабылдап, оны мұқият оқып та шықты. «Бұдан ұлтшылдықтың саяси қауіпті астарын іздейтіндей ештеңені көріп тұрғаным жоқ, қайта тарихи ақиқаттарды ашуға қызмет ете алатын құнды деректер мол. Сіз туралы бірінші хатшыға өз пікірімді білдіремін» деді Өзекең.

[smartslider3 slider=3258]

Бір-екі күннен кейін Г.Колбин С.Қасымовты қабылдады. Ө.Жәнібеков­тің ұсынысы болса керек, бірінші хатшы: «Жақында, Сіз көтерген мәселе бойынша, яғни ұлтаралық қатынастар мәселелерімен айналысатын арнаулы бөлім ашпақшымыз. Бөлімге сіз сияқты мамандар керек, әзірге Орталық Комитетте, басқа қызметте істей тұрыңыз, қызметке аламыз» деді. Айтқандайын, бөлім де ашылды, қызметке де орналасты. Ал диссертацияның кейінгі тағдыры С.Қасымовтың тура жолда екенін айқын көрсетті. «1990 жылы одақтық рес­публикалардың егеменді құқылары бұзылатындығы және жаңа одақтық келісім-шартқа қол қою қажеттігі туралы әңгімелер көтеріліп жатқанда КОКП ОК өзінің Академиясынан осы бағыттағы зерттеулерді сұрайды. Жөпелдемеде ондай зерттеулер жоқ болып шығады, сонда Академия басшылығы осыдан екі жыл бұрын шу туғызған қазақ зерттеушісін еске алады. Содан, С.Қасымовты Мәскеуге дереу шақыртып алып, кандидаттық диссертациясын қорғауына өздері жол ашып береді» деп жазды кейін естелігінде Қазақстан Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі ғалым, профессор Б.Аяған.

Өмір қалыпты жүріп жатқанмен, Сабыр Ахметжанұлын елдегі Желтоқсан көтерілісіне қатысты саяси ахуал мазалаумен болды. Әрине, тиісті ұйымдар тиісті шешімдер қабылдап та жатты, алайда оның нәтижесі көпшілікті қанағаттандыра алмады. Тіпті, кейбір билік басындағы әріптес­тері жауапкершіліктен көрінеу жалтарып, әртүрлі құйтырқы әрекеттер жасаған кезде, бұған қалай шыдауға болады. Әрине, ол әркімнің өзінің рухани ұстанымына байланысты. Ал С.Қасымов Желтоқсан трагедиясының тарихи тағылымының бұлай елеусіз қалуына төзбеді. Балтық бойындағы, Кавказдағы бауырлар өз мүдделерін мүдделей білгенде, мұның бастауында болған қазақ жастарының халықаралық деңгейдегі өнегелі қимылы неге өз бағасын алмайды. Венгрияның белгілі жазушылары ­Я.Кили, ­А.Рыжек, Г.Демский, ­Г.Конрад сияқты қырық бір азаматы, Чехословакияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Х.Хачек, «Рейтер» агенттігі, Польшаның «Еркіндік пен Бейбітшілік Одағы» сияқты әлемнің игі жүректі қайраткерлері мен ұйымдары әділеттің орнығуын талап етіп, тікелей М.Горбачевтің өзіне хат жөнелтіп жатқанда мұндай адамзаттық қозғалыстың өз ішімізде қауқарсыз күй кешуі, әрине, тиісті азаматтарды төтен шешімге бас тігуге амалсыз итермеледі. С.Қасымов «Желтоқсан оқиғасына халықаралық мәртебе беруді талап еткен» құжат дайындады. КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттарының бірінші съезі жүріп жатқан-ды. Жаңағыдай құжат дайындау – сирек кездесетін тәуекел және қай жерде, кімнің аузымен айтылуы керек, ол өз алдына үлкен саяси мәні бар әрекет. Сабыр Ахметжанұлы «Москва» деген қонақ үйдегі депутаттарды аралап, тәуекелшіл депутаттарды іздеді. Белгілі мәдениет қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов пен айтулы ақын Мұхтар Шаханов қана ұсынысты түсіністікпен қабылдады. Сөйтіп, М.Шахановтың съезд мінбесінен айтылған сөзі ашық аспанның астында жай отындай жарқ етті.

«Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат». Сәкеңмен кездескен сайын, өте қарапайым, ашық сырласуға мейлінше пейілді, сондықтан да өзіне тартып тұратын осы азаматтан ылғи да рухтанып қайтамын. Өйткені оның бойынан адам жанының ішкі тіндерін рухани ләззат қайнарына малдырып, сергілтіп-серпілтетін табиғи тартылыс лебі есіп тұрады. Ол – әділетке ғашық, білімге – құштар, еңбекке – құл. Мүмкін, бұл тіркес­тен әсірелеу рухы белең алғандай көрінетін шығар, бірақ жақсыны жақсы деуге сараңданып тұратын сарытап мінезден зардап шеккеніміз аз емес, сондықтан әр затты өз атымен атаудан қашқақтау­дың еш жөні жоқ. Бұл – тек менің ғана емес, ­С.Қасымовты білетін, оның іс-әрекетін принципті түрде таразылай алатын кез келген зиялы жанның бағасы

Алайда бұқара арасында айтарлықтай сілкініс болғанмен, Желтоқсан трагедиясының ақиқаты бәрібір ашылмады. Осыдан тура он жыл бұрын «Казахстанская правда» газетінде (2011 жылғы 15 шілде – С.Б.) Г.Теренсай «Повесть о настоящем патриоте» деген мақаласында былай деп жазды: «Нурсултан Абишевич стоял в середине своего кабинета и, видимо, о чем-то размышлял, вспоминает Сабыр-аға. – … Депутат Шаханов прислал письмо, чтобы мы направили тебя в Комиссию по декабрьским событиям. Он говорит, что ты согласен. Ты же понимаешь, это не просто сделать, потому что работа комиссии противоречит решениям не только нашего ЦК, но и Политбюро ЦК КПСС … Ты же не против решений партии?

И сделал паузу. Я был готов к такой постановке вопроса, посколько мне до этого об этом говорили мои коллеги. Поэтому уверенно заявил:

– Я сейчас готов написать заявление об увольнении из ЦК. Но я должен и обязан помочь комиссии по расследованию этих событий, поскольку объективно готов к этой работе …».

« … я должен и обязан помочь комиссии по расследованию этих событий, поскольку объективно готов к этой работе…». Иә, дәл солай. Бұл ұлт тағдырына қатысты аса жауапты іске патриоттық сезіммен тәуекел ету ғана емес, оның әр жағында білімі мен қайратының молдығына өзіндік берік сенімі жатқан-ды. Мұның астарынан М.Қойгелдиевтің: «Сәке, осы Сіз саяси қуғын-сүргіндер мәселесіне неге сонша көп көңіл бөлесіз?» деген сұрағына тура жауапты естігендей боламын.

Осындайда аталарымыз­дың «Арқалағаны алтын болса да, түйенің тамағы тікен» дегені еске түседі. Ұлт бақыты үшін саналы түрде батпандай жүк көтерген зиялы шоғырдың көрінеу бармақтай бақтан қағылып жүретіні, өкінішке қарай, жиі кездеседі. Конституциялық Сотта да солай болды. Конституциялық Соттың судьясы ­С.Қасымовқа және оның тікелей бастамасымен құрылған, Желтоқсан оқиғасының ісін қарауға дайындайтын судьялар тобын басқару жүктелді. Атқарылған жұмыстың ауқымдылығы сонша, сан-салалы ізденістер нәтижесінде жиналып, сарапталған құжаттар көлемі 12 томға жетті. Алайда мемлекеттік машинаның көлеңкелі рөліндегі тамырланған топ проблеманы ашық көтеріп, әділ шешуге мүмкіндік бермеді. Олардың: «Қасымов кіші Нюрнберг процесін дайындап жатыр» дегені төмендегі шағын топтан жоғарыдағы әлеуетті ортаға дейін жетті. Конституция­лық Сот таратылып, Конституциялық Кеңес құрылды. Желтоқсан көтерілісіне баға беру, ақтаңдақтарды ашу жұмысы тоқтатылды.

Тек Желтоқсан көтерілісіне ғана қатысты ма… Тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған қандастарымыз тарихи отанына оралуды аңсаған, Отанымыз да оларды бауырына тартуға құштар сол бір күндерде, саяси да, экономикалық та кедергілер шаш етектен кезеңде Сәкең табиғи перзенттік болмысымен сырттағы қандастарымызға «саяси қуғындалған, мәжбүрлеп босқынға ұшыраған» деген мәртебе берудің заңи нормаларын әзірлеуге қатысты. Депутаттарды ұйымдастырып, Қытайдан тарихи отанына келіп, оқуға түсе алмай қалған бір мыңдай жасөспірім үшін Алматы қыздар институты жанынан бір жылдық дайындық курсының ашылуына ұйтқы болды.

С.Қасымов ұлтымыздың ұлы мұратына тек өз қайратын ғана арнап қойған жоқ, тәуелсіз жас мемлекеттің демократия­лық тынысын кең ашуына үлес қоса алатын зиялы жерлестерін сырттан да тартуға мұрындық болып еді-ау! Ұлттық қоғамдық ойымыз кемелденсе, жат сарыннан сарсынды болған даламызды әртүрлі қияли елестер кезбес еді. Шетелдіктердің қилы-қилы «идеялары», «эксперименттері», гайдарлық, явлинскийлік, бэнгтік, чубайстік мектептердің жетістіктері тықпаланбас еді. С.Қасымов Свердловскіде жауапты қызметте жүрген Н.Шәйкеновті принципті, білімді заңгер ретінде жақсы білетін. Неге республикаға шақырмасқа? Ол Жоғарғы Кеңестің төрағасы Е.Асанбаевтың кеңесшісі кезі, Төраға орынбасары З.Федотоваға осы ойын айтты. З.Федотова шұғыл Президент көмекшісіне хабарласып, келесі күні Мемлекет басшысының қабылдауында болды, мәселе ойдағыдай шешілді. Президент Нағашыбайды Ресейден шақыртып, өзіне заң кеңесшісі етіп орналастырды. Н.Шәйкеновтің кейін елімізде сот реформасын жүргізуге елеулі үлес қосқаны белгілі.

«Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат». Сәкеңмен кездескен сайын, өте қарапайым, ашық сыр­ласуға мейлінше пейілді, сондықтан да өзіне тартып тұратын осы азаматтан ылғи да рухтанып қайтамын. Өйткені оның бойы­нан адам жанының ішкі тіндерін рухани ләззат қайнарына малдырып, сергілтіп-серпілтетін табиғи тартылыс лебі есіп тұрады. Ол – әділетке ғашық, білімге – құштар, еңбекке – құл. Мүмкін, бұл тіркес­тен әсірелеу рухы белең алғандай көрінетін шығар, бірақ жақсыны жақсы деу­ге сараңданып тұратын сарытап мінезден зардап шеккеніміз аз емес, сондықтан әр затты өз атымен атаудан қашқақтаудың еш жөні жоқ. Бұл – тек менің ғана емес, С.Қасымовты білетін, оның іс-әрекетін принципті түрде таразылай алатын кез келген зиялы жанның бағасы.

Шамасы, ұлттану ғылымына білім-білігін сарқа пайдаланудан, ұлтаралық, қоғамдық қатынастарды терең зерделеуден туындаған қасиет те оны науқаншылдық ауруымен ауырмайтын тұлға ретінде әбден қалыптастырса керек, С.Қасымов қуғын-сүргін құрбандары ақиқатын түпкілікті ашудың кезекті толқынына тағы да бастамашы болды. Ол осы мәселеге қатысты «Қаһарман» атты қор құрып, бұқаралық қозғалыстың нәзік те шетін саласына дем берушілер тобын басқарды. Қор саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесімен айналысатын мемлекеттік комиссия құру туралы Мемлекет басшысының атына үндеу жолдады. Президент тапсырмасы бойынша Білім және Ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының бұйрығымен мәселені кәсіби түрде зерттейтін, құрамында жиырма бес тарихшы, саясатшы және заңгер бар арнаулы топ құрылды. Топ жұмысы барысында, өкінішке қарай, қоғамда мұндай прогрессивті бастаманы қолдамайтын, ескі сарыннан әлі де босай алмай жүрген министрлік пен ведомство басшыларының әлі де бар екені байқалды. Дегенмен, ұлтжандылықты білім, білігімен ұштастыра білгендердің көмегімен үрдіс діттеген жеріне жетті. Президент Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия жұмысы қаңтар оқиғаларынан кейінгі «Жаңа Қазақстанның» күрделі де жауапты реформалары аясында жүргізілгелі отыр. Демек, бұрынғы жартыкеш шешімдерден сабақ алудың тың кезеңі келді.

Жартыкеш шешімдер … тың кезең?! С.Қасымов мәселенің бұлай қойылуын былай негіздейді. Жалпы, Одақта жаппай саяси қуғын-сүргіннің бас идеологы, ұйымдастырушысы И.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі «хрущевтік жылымық» Л.Брежнев билігі кезінде «жылы жабылды». Қайта құру жылдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың «горбачевтік-яковлевтік» кезеңінде ақтаңдақтар ашыла бастағандай болды. «Қилы кезеңде КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Александр Николаевич Яковлевтің елеулі кедергілерге қарамастан, ақиқатты ашуға барынша күш салғанын ашық айт­қан жөн, – дейді Сабыр Ахметжанұлы. – Л.Брежнев кезінде тоқтап қалған ақтау үрдісі Александр Николаевичтің бастамасымен қайта жанданды. Ресей Президенті Б.Ельциннің Жарлығымен Ресейдің саяси құрбандары – дін қайраткерлері, әскери тұтқындар, сондай-ақ басқа санаттағы құрбандар ақталды. А.Н.Яковлев Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қылмысын принципті түрде ашуға батыл бет бұрған, Қазақстанда Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жастар мен зиялы топ өкілдерін қудалауды тоқтатуға күш салған санаулы қайраткерлердің бірі болды. Алайда ақтаудың бірінші кезеңі де, екінші кезеңі де елдегі бүкіл билік Коммунистік партияның қолында тұрған кезде өтті, қылмысқа белшесінен батқан партия «өз қолын өзі кесе алмады», ақтау үрдісі жартыкеш ұйымдастырылды, көзбояушылықпен кімді ақтағысы келсе соны ғана ақтады».

«Тәуелсіздіктен кейін көптеген саяси және экономикалық реформалар аясында 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси құрбандарды ақтау туралы» Заң қабылданды, – дейді Сабыр Ахметжанұлы. – Аталған Заңға Ресейдің салалық заңдары негізге алынғандықтан, еліміздің ұлттық ерекшелігі толық ескерілмеді, саяси құрбандардың ең басым бөлігі назардан тыс қалды. 1928-1932 жылдардағы ашаршылықтың, Сталиннің тікелей тапсырмасымен және Голощекиннің «ерекше белсенділігімен» жүзеге асырылған «Кіші қазан» трагедиясының сая­си астарын ашуда қазақ халқының ұлттық ерекшелігі саналы түрде жан-жақты бағаланбады. Бұдан бұрын, еліміздің Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен 1991 жылғы 14 қарашада құрылған, Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің бұрынғы бай шаруашылықтарды тәркілеу, ірі және жартылай феодалды шаруашылықтарды тәркілеуде орын алған ісқимылдардың қылмыс­тық жауапкершілігі туралы бұрынғы үш қаулысын зерттейтін және бағалайтын бастапқы комиссия өзінің алғашқы тұжырымын ұсынды. Комиссияны халық депутаты, академик М.Қозыбаев басқарды, мен комиссия хатшысы және мүшесі болып сайландым. Комиссия аталған қаулының үшеуін де халық мүддесіне қайшы, жаппай саяси қудалауға ұшыратқан құжаттар деп бағалады. Алайда мәселе Жоғарғы Кеңестің отырысына ұсынылған да, талқыланған да жоқ, тек оның Төралқасының қаулы қабылдауымен ғана шектелді. Комиссия мүшесі ретінде, аталған қаулылардың әп дегеннен халыққа қарсы бағытталғанын, сондықтан олардың күшін жою қажеттігі туралы ұсынысым қолдау таппады. Ақтау мәселесіне қатысты арнаулы заң әзірленіп жатыр, бұл нормалар сол заңға енгізіледі деді. Бірақ, ол да аяқсыз қалды. Егер саяси-қуғын сүргіннің ең басты құныкері – жаңағы үш қаулының күші жойылғанда, сол күндердің өзінде жазықыз жапа шеккендерді ақтап алуға болатын еді. Екінші комиссия Сенат депутаты ретінде менің бастамаммен 1997 жылғы 7 желтоқсанда, яғни астана Ақмола қаласына көшердің дәл алдында Сенат қаулысымен құрылды. Комиссияны басқару маған жүктелді. Нақты, кең ауқымды жоспар жасалды. Бірақ Парламенттің кезекті сайланымында, оның құрамына кірмедім де, комиссия жұмысы қайтадан тұйыққа тірелді».

2022 жыл еліміздің тарихында тағы бір елеулі оқиғалармен басталғаны белгілі. Саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар қоғамымызды жаңартып, қоғам мен халық арасындағы табиғи, өркениетті байланыстарды орнықтырып, нығайтуға бағытталуда. Демек, өткен кезеңдердегі «дерттерден» айықтырып, жарқын да салауатты өмір салтына бастайтын жаңа рухани сілкініс күні келді. Президенттің тікелей бақылауымен қолға алынған осындай кең ауқымды, жауапты істерге білімі мен тәжірибесі мол, азаматтық позициясы айқын С.Қасымов сияқты азаматтардың тартылуы өте орынды. Қазір ол Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен құрылған «Саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» мүшесі, оның Жобалық кеңсесі мен әдістемелік кіші комиссиясын басқарады.

«Әділдік жоғалған кезде адамдар өмірін мәнді ететін ештеңе қалмайды». Бұл – философ-идеалист И.Канттың айтқаны. Осы ұлағатты сөз, маған Сәкең сияқты ғасыр өткелдер перзенттеріне арналып айтылған сияқты көрінеді. Ғасырлар өткелдерінде өмірдің мән-мағынасын солар арқылы сезінетіндіктен және мұндай рухани құндылықтың адам бойында мәңгілік сақталуы солардың ұдайы да тұрақты асыл қызметтеріне байланысты болғандықтан, ұлты оларды әрқашан құрмет тұтады, іздейді. Ұлт пен ұлттың барша мүшесінің әділетсіз айыптардың құрбаны болып кетпей, ақиқатты аршып алуға зор үлес қосып жүрген Сабыр Ахметжанұлы Қасымовқа жүрек толқуы мен ыстық ықыласымызды арнауымыздың себебі сондықтан. Күнәдан арылмаған қоғамның көктей қоюы қиын, біз әділетті қоғамды құрамыз дейтін ұрпаққа қалай сүйсінбессің?!

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button