Жаңалықтар

АХАҢ – ҰЛТЫНЫҢ АР-ОЖДАНЫ

Алаш көсемі, қазақ әліпбиінің, ұлттық тіл білімінің, түркітану ғылымының, әдебиеттанудың атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы: қайраткер аманаты және ұлт мұраты» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі зиялы қауым мен ахметтанушылар осы басқосудан табылды.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бұрнағы күні ұйымдастырылған шара барысында қазақ әліпбиінің жасалуындағы, ұлттық тіл білімінің қалыптасуындағы, ұлттық сөз өнері теориясының жазылуындағы Ахмет Байтұрсынұлының тарихи миссиясына ғылыми сараптама жасалды. «Ахмет – ғасырлар толғанысымен туған, ғасырлардың қажеттігіне жауап беретін ұлы тұлға. Оның сан-салалы қызметі, мұрасы – әрқайсысы бір-бір Алатау десе болады. Ахаңның ғалымдығы, қайраткерлігі, аудармашылығы, сазгерлігі үлкен-үлкен зерттеулерге негіз болатын дүние. А.Байтұрсынұлының ең үлкен еңбегі, менің ойымша, ол – халықты оятқаны. Ғасырдың басында Абай қазақты «жақсы мен жаманды айырмадың» деп айтқан емес пе, осы «жақсы мен жаманды айырмаған» қазақты Ахаңдар оятты. Ахмет қазақ мемлекеттілігін қалай құру керектігін айқындап берген және соның алғашқы қадамын жасап кеткен тұлға» дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов. «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасымен, артында қалдырған еңбегімен сан ұрпақ тәрбиеленетін болады және одан халқына қызмет етудің, әлемдік бәсекеге төтеп берудің үлгісін алатын болады. Мұндай тұлғаларсыз біздің тарихымыз болмас еді, оларсыз әлеуметтік ілгерілеу де болмас еді. Біз Байтұрсынұлына мәңгі борыштар халықпыз. …Ахаңа «ұлт ұстазы» дегеннен гөрі, «ұлттың ар-ожданы» деген лайық» дейді ғалым. Себебі, Ахмет Байтұрсынов білім мен ғылымға түрен салып қойған жоқ, қазақтың алғашқы әліпбиін түзген. Қазақ тілі білімінің іргетасын қалаған. Ұлттық сөз өнерінің теориясын жасаған адам. Ғалымдығы бір төбе болса, қайраткерлігі, ағартушылығы, аудармашылығы, сазгерлігі тағы бар. «Осының бәрі әлі де терең зерделеуді қажет етеді» дейді зиялы топ.
Конференцияның және бір маңызды мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының туған жылын нақтылау. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешовтің айтуынша, кейбір оқулықтарда ғалымның туған жылына қатысты түрлі жаңсақ нұсқалар беріліп, ғылыми ортадағы пікір бір ізге салынбай қойды. «Ахмет Байтұрсынов 1873 жылдың 28-қаңтарында туған» делініп жүр. Ал, шындығында олай емес. Қайраткердің дүниеге келген күні – 1872 жылдың 5-қыркүйегі. Бұған дәлел – таяуда табылған Ахаңның өз қолымен жазған өмірбаяны. Сондықтан, тарихи деректер нақтыланып, қайраткер ғұмырбаянына қатысты қателік түзелсе, дейді ғалымдар.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button