МәдениетСұхбат

Ахмет АҒАДИ,Ресейдің еңбек сіңірген әртісі:»Қазақшаны ұмытуым мүмкін емес»

Ресейге еңбегі сіңгенімен бұл өзі – біздің жерлесіміз. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданының тумасы. Сүйегін сұрасаңыз… Қарға тамырлы қазағың емес… Жаттығы және жоқ… Әкесі – кезінде Кеңестер Одағына жер аударылып келген ирандық, анасы – тағдырдың жазуымен жастай жетім қалып, өзбек отбасында тәрбиеленген татар қызы.

Тау жаңғыртқан талант

Қасиетті Қаратау баурайында қой баққан қарапайым шопанның қара сирақ баласы қаршадайынан-ақ балағының «биті» барын байқатты. Алдындағы ақтылы қойы жусап жатқанда тау-тасты жаңғыртып тамылжыта ән салатын. Алты қырдан аспағанымен жақын маңдағы жұрттың құлақ құрышын қандыруға жарайтын балғын дауыс иесі болашақты әлемнің әйдік театрларында жұлдыздай жарқырайтын әйгілі әртіс атанарын ол уақытта ешкім білмеген еді.
Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында ержеткен Ахмет қашан он сегізге толып, әскерге кеткенше орысшаны оңдыртпаған көрінеді. Айтамыз-ау, тілдесерге тірі орыс табылмайтын ортада оң-солын таныса, тірлігінің тініндей қазақ тілінің жалына жармаспай қайтсін.
Әлқисса, сонымен Әлібек Дінішевтің, Роза Рымбаеваның репертуарын радиодан жаттап алып жағы талғанша айналасына жаятын әлгі жас талапкер арада бірнеше жыл өткенде таланты тас жарған танымал тұлғаға айналды.
Армия қатарында азаматтық борышын өтеген бойда «сағындырған саржайлауына» қайтпай, сол жақтан тапқан тілектес көкелерінің ақыл-кеңесімен Новосибирскінің музыкалық училищесіне құжат тапсырды. Емтиханы құрғыр еңсеріле қоймады. Дауысың жоқ деп эстрада бөлімінің есігінен қаратпады. Үкілеген үміті үзілуге шақ қалғанда Нина Леонидовна Дынькинадай ұлағатты ұстазға жолығып, темірқанат қиялын талай тербеген қияға қарай қайта қанат қағады. Осы кісіден оқып, вокал әліппесін меңгерді.

Мәртебесін көтерген мәскеу

Кейін кемеліне келген соң көптен көкейін тескен Петр Ильич Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының табалдырығынан имене аттады. Обалы нешік, Ирина Архипова, Зураб Соткилавадай корифейлер бастаған конкурстық комиссия оңды бағасын берді. Сөйтіп, үш жүз үміткерден іріктелген 15 студенттің қатарында профессор Евгений Кибкалоның класына қабылданды. Дарындарды даралайтын ілім-білімнің іргелі ордасында Ахметтің айы оңынан туды. Соңғы курста жүргенде М.Глинка сыйлығын сарапқа салған бүкілресейлік вокалистер бәйгесінде топ жарып, алқынбай шабар арғымақтың арынын аңғартып үлгерді.
Тай кезінен танылған жүйрікке көз тігушілер көп екен. Дипломын алар-алмастан К.Станиславский мен В.Немирович-Данченконың егіз есімін иеленген Музыкалық театр «қағып» әкетті. Сонда соқталы образдар сомдап, шеберлігін шыңдады. Талғампаз көрерменге танылды.
Ол мұнда қойылған дүние жүзіне белгілі опералардың барлығына жуығында басты партияларды орындады. Арасында келісім-шартпен Үлкен театрда Дж.Пуччинидің «Богемасындағы» Рудольфтің рөлімен өзінің өнердегі рейтингін біраз көтеріп тастады. Әнші ретінде әбден толысқан шағында ресейліктер үшін аса мәртебелі Шаляпин фестивалінде бас жүлдені қанжығасына байлады.
Осыдан он төрт жыл бұрын А.Ағади Астанаға ат басын бұрып, Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының шымылдықашар шығармасы – көрнекті композиторымыз Мұқан Төлебаевтың

» өмірі өкінішпен аяқталған өрмінез ақынның өшпес бейнесінде көрінген еді. Сол жолы біз Ахметпен емін-еркін сұхбат құрып «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жариялағанымыз есте.

«Мария театры маған майдай жағады»

Ескі танысымыз таяуда елордаға тағы келгенін естіп, «Астана-опера» театрына сәлем бере бардық. Сол баяғы сал Біржанның ариясын айтпақ екен. Ойынның басталуына онша көп уақыт қалмағандықтан қысқа қайырым тілдесуді қанағат тұттық.
– Отыз жыл орыстың ортасында жүрсең де қазақшаны қалай ұмытпағаныңа қайран­мын.
– Жылма-жыл Шымкент жаққа, кіндік кесіп, кір жуған Жыландыма барып тұрамын. Ағайын, туыстарымның бәрі сонда ғой. Тек, биыл ғана ауылда аунап-қунаудың сәті түспеді. Қазір Санкт-Петербургтегі Мария театрының солисімін. Жұмыс көп, уақыт аз. Жаңа қойылымдар, гастрольдік сапарлар… Қазандай қайнаған тірлік. Оның үстіне осындағы жалғыз тенор болғандықтан қатыспайтын спектаклім сирек. Атақты Валерий Гергиев жетекшілік ететін ұжымымыз алып кәсіпорын тәрізді. Бақандай үш сахнасы бар. Кешкісін бірінде опера, екіншісінде балет, үшіншісінде концерт жүріп жатады. Әйтеуір Мария театры маған майдай жағады.
Биылғы еңбек демалысымда арнайы шақырумен Швеция, Норвегияға барып концерт бердім. Сол себепті елге жолым түспеді. Бірақ, аға-інілеріммен, әпке-қарындастарыммен күніге телефон арқылы сөйлесемін. Құдайға шүкір, біз он ағайындымыз. Бәрі қазақшаға судай. Олар тұрғанда менің қазақшаны ұмытуым мүмкін емес.
– Қаракөз қарындастарымыздың бірімен бас қосатын жөнің…
– Ой, ағасы, оның орайы келмесе қайтем… Елден ертерек кеттік… Атасы басқа демесеңіз, жалпы, үйдегі келініңіз де тәп-тәуір жан. Бабымды тауып, баламды бағып, отбасымның жағдайын жасап отыр. Мен – түздің кісісімін. Мәскеуде тұрамын, Санкт-Петербургте жұмыс істеймін. Оның сыртында шетелдерге шығамын. Қазан қаласына жиі қатынаймын.
– Атам қазақ айтқандай «жігіттің жақсысы – нағашыдан» ғой… Ендеше, бүйрегіңнің ептеп татарларға бұрылуын теріс көрмейміз. Қанына тартпағанның қары сынсын…
– Олар маған Татарстанның халық әртісі атағын берді емес пе… Енді соны абыроймен ақтау қажет. Айтпақшы, Ғабдолла Тоқай атындағы Мемлекеттік сыйлығын да алғанмын. Тоқайдың театрында орындалған Тоқайдың партиясы үшін…
– Е, жөн екен… Қазақстанға қайтпақ ойың жоқ па?
– Қиындау сұрақ… Қисыны қайтсе келетінін білмеймін. Жаңадан отау тіккен «Астана-опера» – нағыз көз қуантып, көңіл сүйсінтетін ғажап театр. Жер дүниені шарлап жүрген «жиһангездің» бірімін, алайда мұндай керемет өнер ордасын көп кездестіре қоймадым. «Біржан-Сарадан» басқа да классикалық туындылар сахналанып жатса, алыстан ат сабылтып жетуге әзірмін.
Әсіресе, Верди, Пуччини, Бизе, тағысын тағыларды қатты құрметтеймін. Бұлардың кейбір дүниелері тура менің дауысыма арналып жазылғандай көрінетінін жасыра алмаймын.
– «Біржан-Сараның» өзің қатысқан екі қойылымында қандай айырмашылық бар?
– Сахналық көріністерде аздаған орын ауыстырушылықтар болды демесеңіз, бәлендей айырмашылық жоқ. Режиссер Юрий Александров операға жаңа тыныс берді. Актерлік ойындарды айшықтады.
Мен бірталай сахна саңлақтарымен жұптасып өнер көрсетіп жүргенімді білесіздер. Атақ-даңқтары аспандаған Анна Нетребко, Мария Гулегинамен көпшілік алдына шығудың ләззатын айтып жеткізе алмаймын. Ал, өзіміздің Нұржамал Үсенбаеваның жөні тіпті бөлек. Әншілігі өз алдына, адамгершілігі өте мол аяулы адам. Қазақстан қай кезде де мұндай біртуар тұлғалардан кемдік көрмеген. Әлі де талай мықтылардың бой көрсетеріне мен кепіл.
– Айтқаның келсін!

Талғат БАТЫРХАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button