Мәдениет

Ахмет атындағы зал ашылды

Ұлттық академиялық кітапханада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында Алаш ардақтысы атындағы оқу залы мен «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітап көрмесі ашылды. Зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар қатысқан жиында ұлы ғалымның қазақ жазуының тарихы мен қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесі, тұлғаның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы және ұлттық идеологияны қалып­тастырудағы рөлі жөніндегі мәселелер талқыланды.

[smartslider3 slider=2154]

Жиынды жүргізген академик Шерубай Құрманбайұлы Ахмет Байтұрсынұлы сан қырлы тұлға ғана емес, ғажайып энциклопедиялық білім иесі екенін айта келе, Алаш қайраткерінің ұлт үшін жасаған ұшан-теңіз еңбегіне тоқталды. Түркітанушы ғалым Шәкір Ыбыраев ұлт ұстазының кісілік келбеті мен адами қасиеті, мемлекетшілдік рухы жайында әңгіме өрбітті. Алаш ардақтыларының деңгейіне қазіргі қазақ қоғамы жетпегенін айтты.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рахымжан Тұрысбек ғалымның ғибраты, оқу-әдістемелік еңбектеріне тоқталды. Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Бақытжан Тобаяқ, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел де тұғырлы тұлғаның жан-жақты қырлары жайында әңгімеледі.

Онлайн арқылы Алматыдан қосылған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып Мұхтар Әуезовтің «Ахаңның елу жылдық тойы» мақаласындағы ойлардан салиқалы әңгіме өрбітіп, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі көркем сөз өнеріндегі алғашқы ғылыми еңбек екенін қадап айтты. Көрнекті ғалымдар Қажым Жұмалиев пен Зейнолла Қабдоловтың әдебиет теориясына арналған еңбектері ұлт ұстазының «Әдебиет танытқышынан» нәр алып жазылғанын айтып өтті. Алаш арысының мерейтойы аясында Қазақстан Жазушылар одағы М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтымен бірлесіп, Байтұрсынұлының толық шығармалары жинағы мен Ахаң туралы зерттеулерді жинақтап шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

 Әсия Нұрбекқызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button