Басты ақпарат

Ахмет Байтұрсынов және біртұтас алаш идеясы

Қазақ ұлтының өмір сүру-сүрмеу мәселесі бауыздар алқымға тіреліп, оның жер бетінен мүлдем жойылып кетуінің нақты қаупі төнген 1902-1905 жылдар аралығындағы қоғамдық ой мен халықтық қозғалыс тұсында тұтанған, содан кейін­гі он жыл ішінде әртүрлі деңгейдегі манифестер мен ереуілдер арқылы, ең соңында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қарулы қанды кешуінде сынақтан өтіп, жазалау мен жаныштауға, тұқымын құртып, үбірін үзуге (геноцид)  қарсы қасарыса жүргізілген аса ықтиятты саяси күрес нәтижесінде екшеліп, 1917 жылы «Алаш» партиясын құру арқылы нақты мемлекеттік құрылымның негізін қалаған Біртұтас алаш идеясында әрбір алаш қайраткерлерінің демі мен аңсары бар.

[smartslider3 slider=3878]

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың тергеушіге берген жауабындағы: «Мен сырымды екі-ақ адаммен бөлісе аламын. Олар – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов» деп айтқанына жүгінсек, онда Біртұтас алаш идеясының ілхамында Ахаңның да, Ахмет Байтұрсыновтың да рух шапағаты бар. Бұл арада 1905 жылғы Сәлімгерей Жантөриннің «Автономия» атты еңбегі мен 1905 жылғы 19 қарашада автономия­шылдардың ­І съезінде жасаған Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасынан басталатын, Әлихан Бөкейханов жинақтаған ұлттық тәуелсіз сана туралы тарихи тәпсірлерді қазбалап жатпаймын. Бұл идеяның тұғырын Әлихан Бөкейханов саяси тұрғыдан қалыптастырса, Ахмет Байтұрсынов соның идеялық негізін тікелей орнықтырды деп есептеймін. Тақырып тәмсілінің тәспіріне орай, ұлттық идея – Алаш идеясы және Ахмет Байтұрсынов деген мәселеге, соның ішінде Ахаңның тікелей алғауы мен талғауы арқылы байыпталған, былтыр мен биылғы жылдың бас­ты тақырыптары болып отырған бір-екі шағымды мәселеге  қысқаша ғана тоқталып өтемін.

Сонымен, сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпылқазақтық І құрылтай шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. Сол құрылтайда «Алаш» партиясының Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру тұжырымының бес түрлі ұстанымы негізделді. Менің ойымша: алаш идея­сының осы тұғырлы бес ұстанымы – қазақ мүддесін көздеген мәңгілік ұстаным және «мәңгілік елдің» мәңгілік кепілі сияқты. Алдын ала ескерте кете­йін, байсалды тақырыпты бүгінгі күннің кебімен жанамалата салыстырып, неге шешенсіп кетті деп  жазғырмаңыздар, өйткені Біртұтас алаш идеясы қазақ мемлекетінің бүгіні мен ертеңінің кәдесіне жарамаса (орындалып кетсе, әрине, ғажап болар еді), онда  ол «өлі идея» ғана болып қалар еді. Сондықтан да Ә.Бөкейханов тұжырымдаған ұстанымды тиянақтаған. А.Байтұрсыновтың пікірінен қысқаша үзінді ала отырып, оны бүгінгі күнгі күйкі көрінісімен астарластыра сабақтаймыз.

Бұл – А.Байтұрсыновты «ұлт ұстазы» атандырған ұлы ұстанымның қорытынды тұжырымы. Оның бүкіл өмірлік мақсат-мүддесі, көрген азап-мехнаты осы төртінші нысанға арналды: «Әр халық бастауыш мектепте өзінің ана тілінде оқытуы тиіс». «Малды бауыздамай сойыңдар, мүфтиліктің қазаққа керегі жоқ, дінің жоғалу үшін екі орыс, бір қазақ болып отырыңдар. Тілің жоғалу үшін балаларыңды бастауыш мектептерде орыс тілінде оқытыңдар» деп (жатқанын) біз айтсақ, үндемек түгіл, дүнияны басына көшірер еді.

Сонымен, Біртұтас алаш идеясының  бірінші ұстанымы: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игерме­йінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Яғни, бұл ұстаным: Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды. Жер мәселесі бүгін де ұшынып та, ушығып та тұр. Ол әзірше ғана мұқым қазақтың көкірегіне түскен шоқ сияқты қызылшоқтанып, шыжылдата күйдіріп отыр. Ал жалпы билік үшін атылатын күні ғана белгіленбеген жанартау іспетті. Жерге қатысты мемлекеттік, саяси және экономикалық  тәуелсіздік туралы пікірлерді Ә.Бөкейхановтың барынша батымды және батыл дәлелдері тұжырымдап берген болатын. Ал Ахмет Байтұрсынов мұны «Қазақ жерін алу турасындағы низам» атты еңбегінде одан әрі тамырлата дамытып, қазақтың басынан кешіп отырған күйкі тіршіліктен нақты мысалдар келтіріп, дәлелдей дәйектеді.

Мәселен, ол «Қазақтың жерін алу турасындағы низам» дағдарыс тұсында жазған көлемді мақаласында: қазақтың жері қалай меншіктелуі тиіс және оны кімдердің иеленуі керек екендігін талдамас бұрын: «Қазақ пайдасындағы жерлерді алады, қыстауларынан көшіріледі, қай жөнімен алып, қай орынға көшіреді – оны қазақ білмейді (былтырғы Жер сату туралы заң жобасы мен биыл өтіп кете жаздаған Конституцияның 26-бабындағы «әлдекімдерді» әркімнің қатарына қосу туралы өзгерістің астары).

…Жоғары хакімдердің қазақ жері турасында шығарған низам, бұйрықтары болса да, ол бұйрықтарды мұндағылардың қайсылары орнына келтіріп, қайсылары орнына келтірмейді… Қыстау салған жерлерінен айырылып (біздің жағдайда – ауылдан көшіп), қыстайтұғын жаңа жерді обществоға бермей (біздің жағдайда қалаға көшіп келген шаңырақсыз «Шаңырақтың» үйсіздеріне), жер алып беріп орналастыруға міндетті мекемелер мен оған қабыр­ғасы қайысып қайғырмай, екі жыл, үш жыл, төрт жыл пішен шаба алмай, егін сала алмай, отырарға орын таппай (Біздің жағдайда үй салуға жер таппай жиырма-жиырма бес бас панасыз жүрген) сандалып жүрген қазақтарды көз көріп тұр.

…Қазақтардың пайдасындағы жердің артығын алу турасында шыққан низам, бұйрықтардың ең әуелгі білуге керегі 1909 жылы 9 июньде (Россияның) Министрлер Советі ұнатып шығарған насихат бұйрық». (Біздің жағдайда – Былтырғы Жер сату туралы заң жобасы мен биыл өтіп кете жаздаған Конституцияның 26-бабындағы «әлдекімдерді» әркімнің қатарына қосу туралы өзгерістің астары).

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қыз­мет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Яғни, бұл өз жерінің игілігін әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат деген емеурінді танытады. Жердің астына, үстіне, ­аспанына иелік ете алмасаң ырықтың кеткені сол емес пе?!. Ахмет Байтұрсынов мұны жоғарыдағы «Қазақ жерін алу турасындағы низамда»: Қазақ пайдаланып отыр­ған жердің мемлекет билігі жер шығарғанда, қазақтардың қазіргі күн көріс қалына қарай, шаруасына жетерлік жер қалдыруға, қазаққа жететұғын шамасын, өздерінің жердес отырған ыңғайына қарап, тап-табына мөлшерлеуге керек… Жердің түрін, түгін, елінің ыңғайын, жігін, жанын, малын, шаруа қыбын білу», «сөзсіз қазақтардың өзіне қалуға тиісті нәрселер: а) қазақтардың орнығып, қора-қопсы, үй салып, қыстау еткен орнындағы жер; ә) қазақтардың өз күшімен қазылған арықтары, істелген бөгеттері (байланған тоғандары); б) жеміс ағашы егілген жерлері; е) егіндік, пішендік жерлер, егінге иә пішенге қолдан суарғандықтан жарап тұрған жер, иә қолдан суарса (пайдалануға) жарағандай жерлер қазақ пайдасына (және) сол жердегі мұжыққа (Біздің жағдайда қазақ емес ұлттарға, яғни, Халық ассамб­леясының өкілдеріне) анте (ренте) мөлшерімен қалынады. Бұл ретте қазақтың жалға бермей, өз еңбегі сіңген жерлердің бәрі де ықтималынша қазаққа қалатұғын жер есебіне кіруі керек; д) адам қойылып келе жатқан зираттар, халық қадірлейтін молалар, низам жолымен салынған мешіттер, шаруа керегіне, иә өздері тұруға қазақтың уақытша салған қора-қопсы, үйлері, тұрған жерлерді алуға бұл уақытша салған нәрсе тоқтау болмайды». (Біздің жағдайда жер туралы заңда және жүзеге аспай қалған кейінгі жерді сату туралы заң мен Конституцияның өзгеріске енуге тиісті 26-бабының жобасында мұндай киелі де кепиетті қасиеттер ескерілді ме екен. Әй, қайдам.

Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойын­ша, Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Абайдың: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек» дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік. Ал мұны Ахмет Байтұрсынов мұны аталған мақаласында: «Жер үлесін ант (рента, жалға) сыбағасыменен алғандықтан (20-21-бап пункттердегі) артылып қалып, патшалыққа кететұғын жерлер (біздің жағдайда кімге кететұғыны белгісіз) қазақты тегіс орналастырып, жер ретін (рентін) әбден түзегенге шейін жерлес үйлердің (отырғандардың), ауылдардың пайдасында болады» тиянақтайды.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.

Бұл – А.Байтұрсыновты «ұлт ұстазы» атандырған ұлы ұстанымның қорытынды тұжырымы. Оның бүкіл өмірлік мақсат-мүддесі, көрген азап-мехнаты осы төртінші нысанға арналды: «Әр халық бастауыш мектепте өзінің ана тілінде оқытуы тиіс». «Малды бауыздамай сойыңдар, мүфтиліктің қазаққа керегі жоқ, дінің жоғалу үшін екі орыс, бір қазақ болып отырыңдар. Тілің жоғалу үшін балаларыңды бастауыш мектептерде орыс тілінде оқытыңдар» деп (жатқанын) біз айтсақ, үндемек түгіл, дүнияны басына көшірер еді. Дінді керек қылмайтын шала мұсылман деп отырған қазақтар діншіл болып (біздің жағдайда заң шығарып), аузына су құйғандай болып отырған молдалар шешен болып (діни істер департаментінің кейбір екіұшты, үркек уағыздары сияқты), үрейсіздер батыр болып (о, «отклик» беруге келгенде алдына жан салмайтын ұлт болып алдық-ау, әсіресе, интеллигенттер), қандай біздерге әкіреңдер еді. Қазіргілер әкіреңдеп қана қоймайды, «қорлап, құл ғып жіберуге» (Абай) дайын. Бұл қорлықты несіне ашына айтып, соза берейін, өздеріңізде бастарыңыздан кешіріп жүрсіздер ғой.

Бесінші, түпкі мақсат – тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.

Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің па­йымдауына жүгінсек: бұл дегеніңіз – «тәуелсіз сот құрылымы, тең және туыс­тық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар (заң)».

Яғни Ахмет Байтұрсынов өзінің «Закон жобасының баяндамасы» атты тәуелсіз ұстанымды көлемді еңбегінде: «Еш уақытта жазылмаған қазақ заңы басқа мәдени жұрттармен араласқандықтан быт-шыт болып жоғалды(ған). Орыс­тың (Жалпы ресейлік I, II низамның),  казак орыстың (казактардың қазақ даласына қоныстануы мен жерге иелену құқына қатысты), ноғайдың (сол тұстағы отырықшыланған татарларға қатысты), сарттың (шариғатқа негізделген Түркістанға қараған қазіргі бес облыстың қазақтарына қатысты), қытайдың (Шығыс Түркістандағы қазақтарға қатысты қолданылатын) заңдарымен қатысып, шатасып, азып-тозып болған… Жұрт рәсімінен істі қарағанда, табан тірерлік жол таба алмай, орыс законын білмей, народный судия ақылына салынып істі тексермей, партияласының ыңға­йына қарап билік айтады. Сөйтіп, биліктің әбден қадірі кетіп болған. Тәуір адамдар би болудан қашады. Егер де ондай адамдар бола қалса, әріптестерінің істеген істерін көзі көріп жерініп, биліктен безіп құтылады». Ал біздің қазіргі жағдайымызда елші болып құтылады. Себебі «Әсіресе, даулы мәселе – биліктің бұзылуына себеп болатын «аса (асыра) билік»… «Народный соттың (біздің жағдайымызда. Алғашқы Конституция мен Конституциялық сот жоғалмағанға дейінгі заң жүйесінің) жаман жағы толып жатса да, бір артық жері – қазаққа жақындығы, ықшамдығы, бөлтек-сөлтегі жоқ саралығы (еді) … Ол істерді қазақ қалпындағы өлшеумен пішіп, қазақтың қалпымен кесерге тиіс бол(а)ды (ұмтылды)». «Жеке билік – халық ішінде инабатсыз, ақшаға, ажарға, партия­лыққа сатылғыш, судия есіміне лайық емес билер жоғарыда айтылды». Ал біз көріп, басымыздан кешіріп отырмыз.

Бұл айтылған пікірлер мен ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол – ұзақ әңгіме. Саясат, жер саясаты, экономика, заң, қоғамдық даму дегенді былай қоя тұрып,  «Қазақ» газеті арқылы Ахмет Байтұрсынов тиянақтап тұжырымдап кеткен өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбие­мізге тоқталамын.

«Қазақ» газеті ұлт ұйыт­қысы болды. «Қазақ» газеті, жоғарыдағы төртінші бапта топтастырылған қазақтың ұлттық рухани идеясының мәйегін ұйытты:

Бірінші және ең бас­тысы – қазақтың саяси көзқарасын оятып, Біртұтас алаш идеясын қалыптастырды.

Екінші, қазақ тілінің жазылуы мен емлеcін тұрақтандырды;

үшінші, қазақ әдеби тілінің негізін қалыптас­тырды;

төртінші, қазақ кәсіби журналистикасының негізін орнықтырды.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының  докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button