Ахмет – ұлт ұстазы
Бүгін– Алаш руханиятының темірқазығы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып ресми бекітілген болатын. Осыған орай елімізде жыл сайын әртүрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл ізгі дәстүр бүгінде өз жалғасын тауып, Астана қаласының Жастар театрында Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырумен «Ахмет – ұлт ұстазы» атты мәдени-танымдық кеш өтті.
Кеш шымылдығы «Алтын домбыра» өнер мектебінің күйшілерінің орындауындағы «Науай» және «Башмотой» күйімен ашылды.
Ары қарай Ахмет Байтұрсынұлының әндері орындалып, күйлері шалынды. Сондай-ақ кешке қатысып, өнер көрсеткен Қазақстан Республикасының
«Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Ибрагим Ескендір сияқты әншілер кеш мерейін асырса, «Жастар театры» ұжымы Ахметтің өмірінен бір қиық көрінс қойып жұртты тәнті етті.
Ал кешке келген көрермендер ұлт ұстазының әлі де ашылмай жатқан қырларының көп екенін айтады.
-Болмысынан дарынды Ахмет Байтрсынұлы талантының, күрескерлік рухының, ұланғайыр еңбегінің ортақ түйіні – туған халқына, оның жарқын келешегіне қызмет жасау.
Шын мәнінде XX ғасырдың басында «Қазаққа шызмет етпей қоймаймын»деген Әлихан бастаған мемлекетшіл көсемдер алаш баласын бостандыққа жетеледі. Міне осы жолда аянбай еңбек еткен тұлғаның бірі және бірегейі ол-Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақтың әліпбиін жасап берді.Сонымен қатар ол ән де күй де шығарған тұлға. Демек ұлт ұстазы деген атқа нағыз лайықты адам болып өмір сүрді. Оның қазаққа сіңірген еңбегінің ұшан теңіз екенін болашақ әлі талай талқыға салатын болады. Бір сөзбен айтқанда Ахметтің туған күні, ол қазақ тілінің мерейтойы, ол алаш жұртының кеудесін мақтаныш кернеп, рухының көтерілетін күні,-дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР көркем акедемиясының академиігі Марат Әбсемет.
Міне омылайша көрерменге терең ой салған ұлт ұстазының кеші Ибрагим Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.
Шапағат ӘБДІР