Басты ақпаратМәдениет

Аймауытов театры Астанада не ұсынды?

Жуырда Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры елордаға гастрольдік сапармен келіп кетті. Өнер ұжымы астаналықтар және қала қонақтарына «Жастар» театрының сахнасында И.Миччидің «Симба» ертегісін, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Есіңе мені алғайсың»  музыкалық-поэтикалық кешін және Ж.Әлікеннің «Қызыл гүлдер» элегиясын ұсынды.

«Симба» ертегісі «Уолт Дисней» компаниясының әйгілі «Арыстан патша» мультфильмі желісімен сахналанды. Ертегінің қоюшы режиссері – Әділет Ақанов, қоюшы суретші – Рауан Ұлықпан. Симба есімді аланның хикаяларын отыз жылға жуық балалар қызығып қарауда. Ертіс-Баян өңірінің өнерпаздарды осы мультфильмді ертегіге айналдырды. Аталмыш ертегі балаларға жаңа жылдық базарлық ретінде өткен жылдың желтоқсанында сахналанды.

«Есіңе мені алғайсың» музы­калық-поэтикалық кешінің премьерасы да өткен жылы өтті. Аталмыш қойылым Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы мен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналды. Қойы­лымда ақиық ақынмен қатар оны қапыда қаза болған қызы Майгүлдің, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың бейнелері бар. Аймауытов театры биылғы жаңа маусымды дәл осы кешпен ашты. Кештің бір ерекшелігі – басынан аяғына дейін театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді, ал сценарий авторы – осы мәдени ошақтың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек, қоюшы режиссері – Ержан Қауланов.

Осы Ержан Қауланов қойған «Қызыл гүлдер» элегиясы қазіргі қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғайды.  Әсіресе, ата-ана мен бала арасындағы қарым-­қатынасқа, бала тәрбиесіне назар аударады. Қойылымда бір үйдің бес қызы мен күйбең тірлікпен жүріп, перзенттеріне көңіл бөлуге мұршалары ата-ана өмірі көрсетіледі.

Гастрольдің соңында: «Елордамыздың төрінде, «Жастар»
театрының сахнасында 30 жылдан астам тарихы бар Ертіс-Баян өңірінің Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры­ның өнерін тамашалап, бір рахаттанып қалдық. Спектакльдер жүрекке жетіп, тебірентті, – деген «Жастар» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әділ Ахметов өзінің және елордалық көрермен атынан ұжымға алғыс айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button