Air Astana мен FlyArystan компаниялары тексеріледі
Қазақстандықтардың шағымынан кейін Air Astana мен FlyArystan компаниялары тексеріледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Азаматтық авиация комитеті Air Astana АҚ және FlyArystan АҚ әуекомпанияларының рейстері кешігуіне, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы комитет Telegram-дағы арнасында хабарлады.
“Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ-ның техникалық себептер бойынша рейстерді кешіктіру жағдайларының көбеюіне, сондай-ақ жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты көптеген шағымдарға байланысты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұшулардың тоқтатылуы, кешігуі және тиісті қызметтерді көрсетпеу себептерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация туралы заңнамасының талаптарын бұзуға байланысты басқа да жағдайларды анықтау үшін комиссия құрды”, – делінген хабарда.
Сонымен қатар “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ бас директорының бұйрығымен Air Astana АҚ мен FlyArystan АҚ-на жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Комиссия жұмысының және жоспардан тыс тексерудің нәтижелері қосымша хабарланады.
Еске салсақ, 13 тамызда Алматы-Бейжің рейсіне дайындық кезінде әуе кемесінің есігі тамақтандыру құрылғысынан зақымдалып, рейс тоқтатылған болатын.
Сурет: pixabay.com