«ӘЙ-ӘЙ» АҚЫН» АЛПЫСҚА ҚОНЫСТАНДЫ
Сан ғасырлық суырыпсалмалық өнер жайында сыр шертіп отырып Қонысбай Әбіл хақында әңгіме қозғалса, «әй-әй» әуені сөз болады. Ал «әй-әй» ақын» айтылса, Қонысбайдың қағытпа қалжыңдарының есімізге түсетіні өзінше бір заңдылық іспетті. Оның көзіңе жас келгенше күлдіретін сан қырлы сатирасы, жүрекке жылылық сыйлайтын жыры, бүгінде баршамызға танымал біршама әні бар. Топқа түсіп сыналғанда «Торғайдан шыққан бір таймын» деп өзі айтқандай, тек Торғай өңірінің ғана емес, Алаштың аяулысына айналған азамат биыл алпысты алқымдапты.
Сенбі күні, Конгресс-холда Астана қаласы Тіл басқармасының ұйымдастыруымен айтыстың ақтаңгері, жырдың жампозы, сатира саңлағы, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің алпыс жасқа толуына арналған «Тұяғымын тұлпардың» атты әні мен әуезі бөлек әсерлі кеш өтті.
Мерейтойда елімен қауышқан ақын алғы сөзін ақжарма тілегімен, өзінің жүріп өткен өмір баспалдағы жайындағы кіріспе өлеңмен ашты. Арқалықтың сәлемін арқалап келген Айбек Қалиев ағасына арнауын айтты. Айғайлап айтар ақиқаты, шырылдатып жеткізер шындығы бар төл шәкіртінің жыр-шашуынан кейін мерейтой иесі көрермендермен сырласты. Көрнекті айтыскер Көкен Шәкеевті өнердегі ұстазы санайтынын айтты.
Кеш барысында сөз алған сарабдал сатирик Көпен Әмірбек Қонысбайдың қағытпа қалжыңдарын тағы бір мәрте қайталап көрерменді дүр сілкіндірсе, Алматының айлы түнін жастық шақтарында бірге өткерген Ұлықбек Есдәулет досы жайында жылы-жылы лебіз білдірді. Алыстан ат терлетіп жеткен Әселхан Қалыбекова да әй-әй әріптесі жайлы естелік айтса, асылдың сынығындай болған Ерік Асқаровтың ұлы Бекзат әкесінің көзі тірісінде Қонысбай ақынға арнаған өлеңін оқып берді. Той иесінің ескі жылдардан естелік емген көңілі бір сәтке дамыл тауып, «Мені сегіз қырлы бір сырлы жігіт дейтіндер көп, Әселхан айтқандай, бұл менің тоғызыншы қырым» деп өзінің «Бала махаббаты», «Аңсау», «Он төрт жасар баланың сөзі» сияқты отызға тарта әннің авторы болып, сазгерлік қырынан танылған ақын кеш соңында өзінің сөзі мен әніне жазылған бірнеше әнін орындап берді.
Кешке қазіргі қазақ руханиятының бір топ қабырғалы өкілдері қатысты.