Жаңалықтар

«Айбынның» айбыны арта түспек

Қарағанды облысында орналасқан «Спасск» полигонында VIII республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының туы көтерілді. Оған еліміздің барлық өңірінен, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан 40 команда келді. Жиынға, негізінен, 14 пен 18 жас аралығындағы 600-ге жуық жасөспірім қатысуда. Жарыстар 24 маусымға дейін жалғасады.

[smartslider3 slider=3288]

 

Ертеңгі күні ел қорғауға дайын болу үшін әрбір жас азамат қару-жарақ пен әскери техниканың «тілін» білгені жөн. Осы тұрғыдан алғанда, қазірдің өзінде 240 мың мүшесі бар «Жас сарбаз» әскери-патриот­тық қозғалысына жастарды барынша тарту ерекше маңызға ие. ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жиын бағдарламасында әскери-қолданбалы және әскери-спорттық жарыс­тан тұратын 11 сайыс түрі жоспарланған.

Жас патриоттар винтовкадан оқ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, газдан қорғану бойынша жарысқа түседі. Арқан тарту және әскерилендірілген эстафета барысында қатысушылардың дене дайындығы, төзімділігі мен жылдамдығы бағаланады.

«Айбын дарыны» ойынында олар өздерінің зияткерлік қабілетін көрсетеді. «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы мен «Жас сарбаз – жас тілшілер» байқауында сан қырлы талантын паш етпек. «Smart sarbaz» өнертапқыштар сайысында жас бағдарламашылар қазылар алқасына IT-әзірлемелері мен техникалық шешімдерін ұсынады. Ақтық сында «Күшіміз – бірлікте» деген атпен әскери-далалық тактикалық ойыны өтеді. Онда болашақ Отан қорғаушылар әскери қызметпен байланысты нақты тапсырмаларды орындайды, командамен бірлесіп жұмыс істеу тәжірибесін меңгереді, моральдық тұрғыдан өздерінің тұрақтылығын тексереді. Биылғы іс-шара Балалар жылына және Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналып отыр.

Әбубәкір Смайылов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button