Тағзым

Айбыны бөлек, айдыны ерек бір арна

Р

Академик Рымғали Нұрғали және руханият мәселелері

…Университет аудиториясы. Сабақ кестесінде – «Әдебиет теориясы» пәні.
Қырық қыз және жеті жігіт – 90 минут тоқтаусыз сөйлеген оқытушы-ұстаздан көз­дерін айырар емес. Көңіл дүрбісі солай ба­ғытталған. Жан-жүректе руханият әлеміне құштарлық басым. Дәріс барысында асыл сөздің арғы-бергі кезеңдері, мәдени-рухани нәрі, әсер-ықпалы – бәрі-баршасы кеңінен қамтылды. Әсіресе, әдебиет теориясындағы ағым-бағыттар мен әдіс-тәсілдер, әдеби байланыс пен даму заңдылықтары, әдеби туынды табиғаты мен тағылымы, көркем шығарманың идеялық-эстетикалық құрылымы мен мәдени-рухани құндылықтары, поэтика мен эстетика мәселелері, әлемдік ақыл-ой алыптарының көркемдік-әдіснамалық мектептері жүйелі сөз етілді. Арғы арналардан – Аристотельден-Әл-Фарабиге, Абайдан-Әуезов әлеміне дейінгі кезең, Эллада эстетикасы, Рим, Үндістан жұртының мәдени-рухани жәдігерлері мен ескерткіштері, алыс-жақын елдердің білімпаз-оқымыстыларының еңбек-мұралары, Алаш ардақтыларының белгілі-белгісіз туындылары, жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс мәселелерінің қыр-сырлары жіпке тізгендей, қолға ұстағандай қалыпта көз алдыңа келді. Дәріс табиғаты мен мазмұны, тақырыптың баяндалуындағы шеберлік пен шешендік көңілге қонымды, жүрекке жылы ұялайды. Әсер-құштарлық, рухани сұраныс арнасынан асып, бәрінен басым түсіп жатты.Сол сәтте-ақ, ұстаз-оқытушының әдеби-ғылыми һәм шығармашылық ғұмырбаянына құштарлық артты. Ізденіс, еңбектерін оқып-танысуға да мүмкіндік алдық…

* * *
Қысқа шегініс жасасақ, кешегі журналист-филолог, бүгінгі академик Рымғали Нұрғали “Лениншіл жас” (“Жас Алаш”) газетінің солтүстік облыстардағы тілшісі бола жүріп баспасөз жанрларына белсене қалам тартты. Қазақ фольклорының нұсқаларын жинады. Әсемдік әлемі – әдебиеттен, оның көркемдік-рухани қуат-күшінен нәр алды. Өмірге құштарлығы артты. Руханият әлеміне, өнер өлкесіне, ондағы өрнекті өрістерге, үлгі-өнегелерге құмартты. Ел әңгімелері мен көне жыр, қиссалардан бастап Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің мұра-мирастарын, алыс-жақын елдер әдебиетінің інжу-маржандарын іздеп жүріп оқыды. Жіті танып-зерттеді. Осы бағыттағы зерттеу мен зерделеулерін, ойлары мен толғаныстарын БАҚ жүйесі, кітап арқылы қалың көпшілікке ұсынды.
Р.Нұрғали зерттеулерінің алтын арқауы – М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы, оның ішінде алғашқы ізденіс, еңбектері дер едік. Алдымен айтарымыз, М.Әуезовтің өмірі мен қоғамдық қызметін, алғашқы шығармашылық кезеңін деректік-құжаттық тұрғыдан, әрі мың сан салыстырулар негізінде тамыршыдай тап басып, танып, таразылады. Қазақ қаламгері – “Әлемнің Әуезові” атанған танымал суреткердің халық аңызы негізінде жеткен “Еңлік-Кебек” трагедиясының жазылу тарихын, бірнеше нұсқаларын санап та, талдап та көрсетумен бірге, көркемдік талаптар тұрғысынан шеберлікпен, шешендікпен сөз етті. Әдебиет зерттеушісінің Әуезов әлеміне еркін еніп, алғашқы ізденіс-мұраттарынан бастап айқын көзқарас, бедерлі қолтаңба, өрнекті өнеге, үлгілі үрдістерін шығармашылық мұра-мирастарымен байланыстыруы, осы бағыттағы зерттеу мен зерделеулер, таным мен талғам деңгейі мәнді, мағыналы болып табылады. Айталық, «Алаш ұранды әдебиеттегі Мұхтар Әуезов көтерген азаттық идеясы» атты мақала // «Заман-Қазақстан»,1997, 22 тамыз// дүбірлі дәуір, күрделі кезеңнің көріністерін, әсіресе, Алаш ардақтыларының есімі мен еңбектерін қалың көпшілікке уақыт талаптары тұрғысынан ба­йыпты бағалап, зерттеп-зерделеулерімен мәнді болып табылады. Ол туралы: «Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттерімен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.
Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жазуға кірісті. Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді…» деп жазды. Кезең-уақыт шындықтарына еркін енеді. Уақыт тынысына ден қояды. Тарих пен танымға, тұлғалар тағдырына, еңбек-мұраларына маңыз беріледі. Өмірдің бұралаң жолы, тағдырлар талқысы, арғы-бергі кезеңнің қилы да сындарлы тұстары дәйек-дерек көздері мен құжаттық материалдар арқылы нақтылы баяндау, мәнді талдау-саралаулармен байланысты өріс алады. Көзқарас мұраты, танып-талдау мәнері жүйелі, шебер, серпінді сипат алады.
Ал, М.Әуезовтің ұлт мұраты мен руханият ісіндегі елеулі еңбегі – қазақ прозасы мен драматургиясын әлемдік биікке көтергенін айрықша атайды. Бұдан басқа – «Әдебиет тарихы», «Хан Кене», «Қилы заман» туындылары ұлт тарихымен байланысты сөз болады. Аталған туындылар тағдырлы тарихымен, көтерген мәселелерімен, ең негізгісі – адам өмірі мен еңбегі, жанр мен жауапкершілік, көркем бейнелер мен тіл мүмкіндіктері, шеберлік пен шешендік сынды белгі-ерекшеліктер қалың көптің рухани қажетін өтейтіндігі дәлел-деректермен жүйелі жеткізіледі. Түйінді тұста: «Қазіргі зерттеулердің нәтижесінде анықталып отырғандай, Мұхтар Әуезов мұрасы – елу томнан асып жығылатын телегей теңіз байлық, оның ішінде мың сан сөз, сарын, ой толқындары тербеліп жатыр. Солардың ішінде ең үлкен ағыс азаттық, тәуелсіздік, дербестік идеясын арқау еткен қазақ халқының арғы дәуірлердегі, ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы арпалысты күрес жолына арналған отыз жасында тудырған бір зерттеу, бір пьеса, бір хикаятымен-ақ Мұхтар Әуезов бүгінгі еркін Қазақстанды жасаушылардың бірі болып отыр» деп ба­йыпты байлам жасайды. Қазіргі кезең, әдеби үдеріс, даму сипаттары негізгі назарда болады. Қысқасы, Алаш мұраты мен мұрасы, жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс жайы, зерттеу мен зерделеу ісі – кеше-бүгін байланысы, қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан сөз етіледі.
Р.Нұрғали еңбектері арасында 1980 жылдардың соңғы кезеңінде баспасөз беттерінде жарияланған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының “Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы” қаулысынан кейінгі “Алыптар қайта оралғанда” атты зерттеу мақаласының орны алабөтен дер едік (“Қазақстан коммунисі”, 1989, №4,5,6) Біздіңше, бұл зерттеу Алаш мұраты, оның қайраткер-қаламгерлері хақындағы алғашқы ізденіс, байыпты талдау, байсалды бағалау, оңды көзқарастарының бірі болатын. Мақалада Алаш әлемі, руханият мұраты, оны зерттеу мен зерделеу жүйесі жіті сараланады.
Біздіңше, бірнеше бөліктен тұратын мақалада («Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы», «Мөлдір сезім, биік парасат», «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын») Алаш ардақтыларының (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы) кезеңі мен қызметі, өмірі мен шығармашылық мұралары, ХХ ғасыр басындағы жазықсыз жазалау мен орынсыз зорлық-зомбылықтың, қуғын-сүргіннің, зардап кесапаттарының сыр-сипаттары кең көлемде қарастырылады. Алаш мұраты, ел ардақтыларын аңсау, қалың көпшіліктің ортақ мақсат-мүдделеріне қатысты келелі де кемел ойлар қозғалады. Кезең, уақыт сырларына маңыз беріледі. Ақиқат жайттар, шындық сырлары ашылады.
Орайлы тұста еске алсақ, А.Байтұрсыновтың өмірі мен кезеңі, әлеуметтік қызметі – Алаш қозғалысымен, «Қазақ» газетіндегі еңбегімен, Ташкент, Алматыдағы ұстаздық өнегесімен, одан кейін – А.Самойлович, А.Кононов, С.Сейфуллинмен, т.б. деректік-құжаттық материалдарымен дамытылса, Мағжанның әдеби-шығармашылық мұрасы әр жылдары жарық көрген кітаптары (1912,1922,1923 т.т.), ондағы бейнелілік, суреттілік пен сұлулықты арқау еткен өлең-жырлары талдау-саралаулардың өзегі етіледі. Ал, Ж.Аймауытұлының қысқа ғұмырда соңына бағалы да мәңгілік мұра қалдырғанын – ақындығы мен аударма саласындағы еңбектері, ұлттық прозадағы асқақ даңқын танытқан – «Күнікейдің жазығы», «Қартқожа», «Ақбілек», үздік драмалық туындылары – «Қанапия-Шәрбану», «Мәнсапқорлар», «Шернияз», ұстаздық қызметтің рухани олжалары – «Комплекспен оқыту жолдары», «Психология мен өнер таңдау», т.т. өзіндік өзгешеліктермен, аса көркем терең идеялығымен, тілдік-стильдік сипаттарымен мәнді де жүйелі жеткізіледі. Алаш мұраты мен оның ардақтыларының даралығы мен даналығы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі, талант табиғаты мен тағдырлы тарихтары қысқа-нұсқа үлгіде, шебер де шешен сипатта кең өріс алады.
Сондай-ақ, Р.Нұрғалидың ізденіс-көзқарастарының бірқатар жиынтық үлгісін, ұстаздық-ғалымдық қырларының ұзақ жылдарғы тәжірибесін, зерттеу мен зерделеу мұраттарын «Әдебиеттану мен әдебиет сынының методологиясы (1960-1990 ж.ж.)» атты мақаласынан да терең тануға болар еді. //Көкейкесті әде­биеттану. Астана, ЕҰУ, 2008. – 5-32 беттер//.
Әдебиет зерттеушісі алғашқы тұста ұлттық әдебиеттану мен әдеби сынның кадрлық әлеуеті, бағыт-арналары, жемісті кезеңі – 1960-1990 жылдар аралығын айрықша атайды. Әсіресе, алыс-жақын елдер тәжірибесін, әдістемелік тәсілдер мен түрлі мектептердің үлгі-өнегелік қырларын жіті саралап, жүйелі дамытқанын, байланыс-сабақтастыққа маңыз бергеніне ден қояды. Аталған кезең аралығындағы тақырыптық ерекшеліктер, жанрлық-көркемдік мәселелер, осы бағыттағы зерттеу мен зерделеу ісі, ұжымдық жинақ, кітаптарға талдау жасап, ұтымды-ұнамды тұстарына мән береді (6 бет).
Ақиқатын айту керек, әдеби мұра мен оны зерттеу, жинау мен жариялау ісі, жазушы еңбегі мен шығармашылық тәжірибе тағылымдары, аударма мұраты мен әдеби байланыс, жанрлар жүйесі мен ондағы ағым-әдістер, көркемдік-эстетикалық сипаттар, тіл мен стильдегі алуан белгі-ерекшеліктер, т.т. әдеби үдеріс, салыстыру мен сараптаулар арқылы кең өріс алады. Әдебиет жанрлары мен оның көрнекті өкілдері – М.Әуезовтің 12 және 20 томдық шығармалар жинағы, Ә.Тәжібаевтың поэзия туралы теориялық һәм тәжірибелік үлгі-өрнектері («Өмір және поэзия»), І.Омаровтың әдебиет пен қоғам байланысы төңірегіндегі толғам-толғаныстары, З.Серікқалиұлының полемикалық-проблемалық мақалаларының маңызы, З.Ахметов зерттеулеріндегі әде­биеттің поэтикалық элементтері, көркемдік құндылықтары, құрылым-өрнектері, З.Қаб­доловтың оқулықтары мен әр жылдардағы кітаптарындағы композициялық принциптер, өнердің көркемдік табиғаты, т.т. назар аударылады. Ұлттық сөз өнерінің ұлы мұраты – адамдық істі ардақтау, адамгершілік пен ізгілік иірімдері бар қырынан көрініс береді. Сондай-ақ, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібай, М.Базарбаев, т.б. әдебиеттану мен сын саласындағы зерттеу еңбектері, жас қаламгерлер мен шығармашылық бағыттағы әдебиетші-ғалым, сыншылар ізденісі, «Уақыт және қаламгер», «Сөзстан» секілді жинақтар, әдебиет теориясы мен поэтика дамуына қатысты көзқарас мұраттары, ғылыми ойлау мен көркемдік ойлау жүйесі, әдеби уақыт пен қабылдау психологиясы, эстетикалық әсер, сыр-сезім иірімдері, т.т. түрлі тәжірибе, алуан-көрініс, сабақтастық пен салыстырулар негізінде кең арна алады. Әрбір әдебиетші ғалымның ізденіс көзқарас мұраттарынан бастап білім- ғылым жүйесіндегі, зерттеу бағыттарындағы басты арналар мен ұстанымдар нақтылы көрсетіледі. Ерекшелік белгілер, ізденіс арналары, қолтаңба мәнері, т.с.с. жіті де сергек, серпінді беріледі. Осы реттен келгенде: «Сан ғасырлық тарихы бар көркем әдебиетті зерттеудің ғұмырнамалық, мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи, салыстырмалы социологиялық, психологиялық, герменевтикалық, пішіндік, түзілімдік әдістерінің өз орайларында беретін мүмкіндіктердің орасан зор екендігін әр уақытта, әр топырақта, әр түрлі материалды талдап жинақтаған дарынды оқымыстылардың қол жеткізген нәтижелері мен іргелі еңбектері көрсетіп берген болатын. Зерттеуші дүние­та­нымы, дарыны, тәжірибесінен күш-қуат алатын ізденіс дәуірдің әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық-көркемдік дәстүрлерінің арнасында туған жеке шығарманы, құбылыстарды бағалау үшін қолайлы деген талдау әдісімен жұмыс істемек, шындығына келгенде, бірде-бір әдіс басқа тәсіл-амалдарды жоққа шығарып тастай алмайды» деген көзқарас тұжырымдардан арғы-бергі кезеңдердің тарихы мен тағылымы, көркемдік мұраттар мен эстетикалық талап-талғам, даму үдерістері мен сабақтастық сырлары терең танылады (32 бет). Тақырып табиғатын жан жақты ашу, басты мәселелерге мән беру, жаңалық жетістікке көңіл бөлу, көркемдік эстетикалық мұраттарға табан тіреу сынды сипаттар ұнамды, тағылымды тұстарымен айрықша маңызға ие болады.
Мақала мұраты да осы.
Р.Нұрғали қазақ, орыс тілдерінде “Трагедия табиғаты” (1968), “Трагедии М.Ауезова” (1967), “Талант тағдыры” (1969), “Қазақ драматургиясы” (1974), “Өнер алды – қызыл тіл” (1974), “Өнердің эстетикалық нысанасы” (1979), “Поэтика драмы” (1985), “Телағыс” (1986), “Арқау” (2 томдық, 1991), «Айғақ», «Сырлы сөз» (2000), т.т. ұлт әдебиетіндегі әдіс, жанр, стиль, поэтика мәселелерін, дәстүр мен жалғастық диалектикасы, драматургия жанрларын көркемдік-теориялық тұрғыдан танып-талдаған көптеген зерттеу еңбектерін жазды. Бұл еңбектерде ұлттық сөз өнері, оның арғы-бергі тарихы мен басты өкілдері, олардың ерекшеліктері мен эстетикалық принциптері, көркемдік пен кемелділік, жанр мен шеберлік, стиль сипаттары, аударма және оның даму заңдылықтары, келелі мәселелері алуан салыстыру, талдаулар арқылы жүйелі, нанымды сөз етіледі. Зерделі зерттеушінің ізденіс-көзқарастарынан ұлт мұраты, руханият әлемі, жекелеген ақын-жазушылардың өзіндік өзгешеліктері байыпты, сергек сараланады.
Р.Нұрғалидың мағыналы өмірін, жемісті жылдарын оқу-ғылым саласынан бөлек алып қарастыруға әсте болмас еді. Әр жыл сайын жаңарып-толығып, жас шәкірттерге жол тартып келе жатқан “Қазақ әдебиеті” атты оқулықтардың (11-сыныпқа арналған) тұрақты авторы.
Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында жемісті еңбек етті. “Қазақ әдебиетінің тарихы”, “Жазушы шеберлігі”, “Алаш ұранды әдебиет”, “М.Әуезовтің шығармашылық шеберханасы”, “Драма поэтикасы” атты жалпы, арнаулы курстардан тағылымды дәрістер оқыды. Бұл тұстарда ұстаз-ғалымның бітім-болмысынан биіктік пен білімпаздық, кісілік пен ірілік, талапшылдық пен таланттылық, байқампаздық пен тереңдік, мейірімділік пен қамқорлық, жан-жақтылық сынды белгі-ерекшеліктер танылатын-ды.
Р.Нұрғали қаламынан “Дән”, “Полигон әңгімелері” атты новеллалар жинағы мен “Атшабыс ертең”, “Жартастағы қарағай”, “Оқ” секілді повестер туды. Бұлардың бәрінен де елін, жерін сүйген арлы азаматтың көңілін жарқын, жүрегін ашық ұстап, қаламын өткір ұштаған биік тұлғасы танылар еді. Қаламгердің ізденіс іздері мен көркемдік-рухани құндылықтарынан айқын қолтаңба мен көзқарас, образдар жүйесіндегі нақтылық пен бедерлілік, тіл-стиль сипаттарындағы байыптылық пен қалыптасқан үлгі-өрнектер сенімді әсер қалдырады.
Р.Нұрғали аударма өнерінде де өзіндік өрнек жасап, өнімді еңбектің үлгі-өнегесін көрсетті. Олардың қатарындағы – П.Брагиннің “17 жайлы хикая”, Л.Толстойдың “Әзәзіл” повестері мен Н.Погодиннің “Салтанат жыры”, А.Кешоновтың “Соңғы шақырым” драмалары мен бірнеше көркем фильмдерді ұлт тілінде жатық та тартымды сөйлеткені және бар. Бұл еңбектерде де ұлттық-руханияттық ерекшеліктерімізге сай еркіндік пен кеңдік, көркемдік өрнектің алуан үлгі-белгілері бар. Бұл жайттардан, әрине Р.Нұрғалидің руханият әлеміне еркін еніп, оның келелі де түйінді тұстарын тамыршыдай тап басып, зерттеп-зерделеудің негізінде кең көлемді ізденіс, кешенді барлау-саралаулар жасалды. Алаш әлемі мен оның ақиқаты айтылды. Қайраткер-қаламгерлердің өмірі мен өнегесі көрсетілді. Жанр мен шеберлік, стиль сипаттары зейінді зерделенеді.
Р.Нұрғали ұлттық басылым – “Қазақ совет энциклопедиясы” Бас редакциясының бас редакторы болып істеген жылдары қазақ, орыс тілдерінде “Қазақ ССР” (4 томдық), “Ол кім ? Бұл не?” (3 томдық), “Қарағанды”, “Шаңырақ”, “Абай” атты энциклопедиялық басылымдар мен көптеген анықтамалық-сөздіктердің жарық көруіне жол ашты. Ұлт жанашыры, білікті басшы екендігін көрсетті. Бұл басылымдар мен анықтамалық сөздіктер бай дерек көздерімен, мол материалдарымен, танымдық-тағылымдық қырларымен қазіргі кезеңде әлеуметтік-қоғамдық һәм руханият әлемінде кеңінен қолданылып келеді.
Бұл айтылғандар, сөз жоқ, Р.Нұрғалидың қоғамдық-қайраткерлік, ғалымдық қырларын, ел алдындағы парызы мен қарызын арлы азаматқа тән адал атқарып келе жатқанына мысал, дерек бола алады.
Осы жәйттарды айтып, баяндаған тұстарда ағылшын философы Ф.Беконның: “ Поэзияда – тапқырлық, математикада – ойлылық, жаратылыс ғылымында – тереңдік, философияда – пайымдылық, логика мен шешендікте – айтыса білушілік қажет” деген бағыт, ұстанымдарында зор маңыз, үлкен де тағылымды шындықтар бар. Бұл, әрине, академик Р.Нұрғалидың адами бітім-болмысын – биік те бедерлі, қайраткерлік-қаламгерлік көзқарас, ұстанымдары – айқын да байыпты, ұстаздық-ғалымдық қырлары – білімпаздық пен тереңдіктен тұратынын айқын аңғартады. Қысқа қайырғанда, академик Р. Нұрғали өз заманының тұғырлы тұлғасы, білім-ғылым көкжиегіндегі биік белес, руханият тамыршысы.
Академик Р.Нұрғалидің еңбек-мұраларында асыл сөздің арналы ағыстары, ұлт мұраты мен руханият мәселелерінің түйінді тұстары сергек сана мен серпінді ойлар арқылы қуатты бастауларға, көркемдік-эстетикалық құндылықтарға ие болып, зерделі де зейінді зерттеулер жүйесі негізінде жаңа бағыт, соны сапа, кең өріс алды.
Асылы, академик Р.Нұрғали ұлт руханиятында, білім-ғылым жүйесінде, қазақ әдебиетінің тарихы мәселелері бойынша іргелі ізденістер жасап, айқын көзқарас пен бедерлі қолтаңба қалдырды. Өзіндік бағытын айқындап, ғылыми мектеп қалыптастырды. Асыл сөзден сыр ұқты. Сырлы әлемі ағынды ағыс құрады. Ағыстың арналы, кең өрісті, тебіреністі де толқынды болғанын әркім-ақ қалайды.
Алайда, өмір-өзеннің де шет-шегі бар. Уақыт таңбасы да өз бедерін түсіріп, салмағын салады. Мұның адам әлеміне, білім-ғылым һәм руханият ісінің көрнекті өкіліне тікелей қатысы, артар жүгі, түсірер салмағы аз болмасқа керек. Табиғи қуат, ерен еңбек, шығармашылық еркіндік осы тұстарда қажет-ақ.
Жүрдек уақыттың да межелі жері, шет-шегі бар. Жыл мезгілдерін, күн-түнді, ертелі-кешті, тіпті шекараны да танып-түстеп, талғап тоқтамасы және анық. Уақыт керуенінде тоқтау жоқ. Алайда, өмір өлшеулі. Адам ғұмыры тым қысқа. Жаратылыс, табиғат сыйы – осы.
Жат елде, шет жерде сыр берсе ше?!

* * *
Академик Р.Нұрғалимен соңғы төрт жарым жыл бедерінде ұстаздық қызметті қатар жалғастырып, әлденеше рет кездесіп, сұхбат құрудың сәті түсті. Өмірдің бұралаң жолынан өтіп, білім-ғылымның терең иірімдеріне еркін еніп, бел-белестеріне де ерен еңбегімен көтерілгені жүріс-тұрысынан, сөзі мен ісінен айқын аңғарылатын еді.
Қайсыбір тұстарда:
– Сен жас болсаң да, ісің мен еңбегің арқылы алға озған азаматтардың бірісің ғой. Әдебиет тарихын, Алаш мұратын еркін меңгердің. Архив көрдің. Оның дерек, материалдарын пайдалану мен жеткізудің жолын жетік білесің. Білім-ғылым ісін де қиындықсыз меңгердің. Оның корифейлерімен де етене араластың. Бірге еңбек еттің (мысалы, М.Қаратаев, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, З.Ахметов, Б.Құндақбаев, А.Қыраубаева, Ә.Нарымбетов, Ә.Нұршайықов, т.б. атап айтты – Р.Т). Олардың өмірі де теп-тегіс, даңғыл деуге келмейді. Олардың өзін де, сөзін де есте сақтаудың әр алуан әрекеттерін ойластырған жөн, – дегенді еске салатын. Еңбек елеусіз қалмауы керек қой,- дегенді де екпінсіз, емеурінмен жеткізетін-ді. Талап пен талғам да, салмақ пен сыр да айқын аңғарылатын.
– Менің өмірімде де бұралаң тұстар, кедергі-кемшіліктер көп-ақ. Оның бірсыпырасының білім-ғылым ісіне де қатысы мол. Айталық, бір ғана кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау тұстарында қилы кезең, қиындықтар көп кездесті. «Трагедия табиғаты» атты монографиялық еңбегім басылған тұста – Алаш мұратын, оның өкілдерін мадақтаған деген айып-жаламен А.Қарасартов әртүрлі айла, амалдар жасады. Ұрмай-соқпай кедергі келтіргендер де кездесті. Осы тұста қазақ ғылымының көрнекті қайраткерлері – Б.Кен­же­баев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Г.Ломидзе, И.Сұлтанов, т.б. демеп, қол ұшын берді. Оны ұмыту мүмкін емес. Әр кез-ақ айтып, жа­зып та жүрмін. Көңілге көлеңке, жүрекке сал­мақ түсірген тұстарын қалай жадыңнан шығарарсың?!
Елге қызметті білім-ғылым ісімен бірге энциклопедиялық басылымдар шығару арқылы да дамыта түстім (мысалы, «Абай», «Ислам», «Боздақтар», «Шаңырақ», «Негеш», «Алматы», «Қарағанды», т.т.). Оның қалың көпке, ұлт руханиятына үлкен үлес болып қосылғанын әркім-ақ біледі. Ұлттық идея, елдік мүдденің бір көрінісі осы еді.
Бұдан басқа 1949 жылы атом бомбасының алғашқы сынағын 20 шақырым жерден байқап едік. 1954 жылғы сутегі бомбасының сынағы да көз алдымызда өтті. Оның да кері әсері көп болды. Көңілді кеңге салғың-ақ келеді. Уақыт таңбасы аңғарылып қалады. Көз, аяқ ауырады. Жүрек шаншиды…
«Жүрекке әжім түспейді» дегенді әр кез-ақ айтамыз. Алайда, мәңгілік ешнәрсе жоқ емес пе?
Сол жүрек сыр берді…
Жат жерде…
Тым алыста…

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button