ЖаңалықтарСұхбат

Айдын КӨШКІНОВА, «Назарбаев орталығы» кітапханасының бөлім жетекшісі: КІТАПХАНА ОҚЫРМАНДАРЫ КӨБЕЙСЕ ИГІ

– Орталықтың кітапханасында Ашық есік апталығы өтіп жатқанын естідік. Мұндай шараларды жиі ұйымдастырып тұрасыздар ма?

– Ашық есік апталығын жыл сайын жаңа оқу жылының басында дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз. Апталықтың басты мақсаты – қаламызға өзге өңірлерден келіп оқуға қабылданған студент жас- тарды кітапхана этикасымен, жұмыс тәртібімен, электрондық каталогтан мәлімет іздестіру жолда­рымен таныстыру. «Бәрі де оқырман үшін» деген қағида бойынша келушілердің қашықтағы мәліметтер базасымен, ақпараттық-анықтамалық «Русский мир» қорымен, жаңа түскен әдебиеттер көрмесімен және Мырзатай Жолдасбековтің жеке кітапханасымен танысуы­на мүмкіндік туғызып отырмыз. Апталықтан бірнеше күн бұрын оқу орындарының ғимараттарына хабарландырулар ілдік, шақыртулар жібердік. Жасыратыны жоқ, кітапханаға келушілер саны соңғы жылдары тіпті азайып кетті. Осындай бастамаларымыз арқылы кітапсүйер қауымның қатарын көбейтсек деген ниетіміз бар.

– Ашық есік апталығын өткізудің нәтижесінде оқырмандар санының артқаны байқала ма?

– Шара өткен аптаның бейсенбісінде басталған. Бұған дейін кітапханаға күніне 40-50 адам келетін. Соңғы аптада бұлардың қатары 100-ге жетті. Әрине, бұл апталықтың нәтижесі екені сөзсіз.

– Жаңадан келген кітаптар жайында айтып қалдыңыз. Соңғы бір жыл ішінде кітапхана қоры қандай кітаптармен толықты?

– Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаев атамыздың 100 жылдығына орай үлкен фото­альбом шығарылған. Осы кітапты біз арнайы алдырдық. Сонымен қатар, тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына орай соңғы жылдары шығарылған көптеген туындыларды да кітапханамыздан таба аласыз.

– «Назарбаев орталығы» кітапханасының қаламыздағы өзге кітапханалардан қандай артық тұстары бар?

– Бұл кітапхана бұрындары Сейфуллин мұражайының жа­нында облыстық деңгейде жұмыс жасады. Сондықтан мұнда көнеден келе жатқан кітаптарды кездестіруге болады. Кітапхана 2000 жылы Президенттік мәдениет орталығының құрамына өтеді. Был­тырдан бастап бұл мекеменің ата­уы «Назарбаев орталығы» деп өзгертілгенін білесіздер. Сондықтан мұнда өзге кітапханаларда кездесе бермейтін тәуелсіздік жылдарында жарық көрген тарихи еңбектер мен Елбасының бүкіл шығармалары жинақталған.

Әңгімелескен Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button